Астанада еріктілер тоңған астаналықтарға ыстық шай берді
Ал, астаналықтар қаһарлы қыстан қалай қорғанудың жолдарын іздеп жатыр. Мұнда да қатты аяз әлі қайтар емес. Суық түскелі оңалту орталықтары қаңғыбастарға толып, аяқ-қолын үсіріп алғандардың саны күрт артқан. Такси бағасы мен қатқан көлікті оталдыратын адамдардың да қызмет құны шарықтап шыға келді. Ал, аязға байланысты құрылған еріктілер тобы болса, тоңып қалған тұрғындарға көмек қолын созып жатыр.
Автор: Досжан Маратұлы
23.01.2018
Бұл Астанадағы оңалту орталықтарының бірі. Әдетте араққа салынған үйсіздер мұнда көп қала бермейді. Бірақ, соңғы бірнеше күн бойы орталық қаңғыбастарға толы. Өйткені, далада минус 40 градус. Ал, мас болып көшеде жатқандарды полицейлер өздері жинап, осында жеткізіп жатыр. Мәселен бүгін далада қалған осындай 45 қаңғыбас әкелінді. Енді үйсіздер қыс біткенше осында тұрса болады. Төсек, жуынатын бөлме, үш мәрте ыстық тамақтың бәрі бар.
-Осында тұруға болады. Жылы жер.
Сақшылары қаңғыбастарды теріп, орталыққа бекер жеткізіп жатқан жоқ. Аяздың кесірінен үсік шалып, дәрігерлердің көмегіне жүгінгендер жүздеп саналады.
Желеухан Пірімқұлов, Астана қалалық Денсаулық сақтау басқармасы бөлімінің бас маманы:
-Ол науқастардың ең бірінші ашық жерлері үсіген. Саусақтары, аяқтары, құлақтарының ұштары, бір-екі әйелдердің сандарына дейін үсіп қалған.
Суыққа байланысты Астанада такси бағасы да бірнеше есеге қымбаттап кеткен. Өйткені, сұраныс көп. Тоңған тұрғындарды жеткізуден бұрын пайданы ойлаған жүргізушілер екі мың теңгеге дейін сұрайды. Әрі қатып қалған көлікті оталдырып беретін азаматтар да қызмет құнын күрт өсіріп жіберген. Мәселен, матор майы қатқан машинаны оталдыру құны ең аз дегенде 20 мың теңге. Бірақ, Төтенше жағдай департаменті көлікті қыздырар кезде абай болуға кеңес береді. Өйткені, матор астына от қойып, машинасын оталдырмақ болған 8 жүргізуші көлігін өртеп алған.
–Біз тегін таратып жатырмыз көшеде жаурап жүрген адамдарға. Қаланың тұрғындарына аязды күні көмектесейік деп.
– Рахмет, бақытты болыңдар.
Аяз кезінде тұрғындарға қамқорлық көрсететін жандар жетерлік. Мәселен, еріктілер тобы тоңған астаналықтарға ыстық шәй ұсынып, жәрдем көрсетіп жүр. Әрі газельмен діттеген жеріне тегін апарып жатыр. Мешіт қызметкерлері де аула сыпырушы секілді далада жұмыс істейтіндерге ыстық тамақ беріп, қол ұшын созуда.
-Әрі аяз кезінде Әуежай, темір жол вокзалында көлікті тұраққа қою тегін. Өйткені, шлагбаумдар минус 40 градуста істен шығады екен. Ал, әкімдік қатты аяз қайтқанша, жұмыс уақытын қысқартуды ұсынып отыр. Ал, астаналықтарды титықтатқан аяз тек апта соңында қайта бастамақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!