Қытымыр аяз еліміздің оңтүстік өңіріне де келіп жетті
Бүгін Алматы облысында бірнеше жылдан бері алғаш рет мектептерде сабақ тоқтатылды. Төтенше жағдай қызметкерлері тұрғындарды аса сақ болуға шақыруда. Яғни, әзір тауға шықпауға кеңес беріп отыр. Десе де, табиғатта серуендегенді жақсы көретіндер құтқарушылардың ескертуін елеп жатпаған сыңайлы. Қазір біздің тілшіміз Асыл Махмет Алатаудың баурайында жүр. Жағдайды өзінен сұрап білсек.
Автор: Асыл Махмет
24.01.2018
Қайырлы күн, Асыл. Таудағы ауа-райы қаладағыдан əлдеқайда суық шығар?
-Иә, бұл жерде температура қаладағыдан 10-15 градусқа суық болады. Қазірдің өзінде күн шығып тұрғанымен, аяз бетті қариды.
Сондықтан төтенше жағдай қызметкерлері тұрғындарды аса сақ болуға шақырып отыр. Яғни, тауға шықпауға кеңес беруде. Бірақ, демалыс орындары жұмысын тоқтатқан жоқ. Тауда серуендегенді жақсы көретіндер дабыл қағылса да бұл жерлерге келіп жатыр.
- Аяз қайтқанша үйде отыра тұрған абзал. Бірақ, адамдар бізді тыңдамай тауға шығып кетеді. Олар ең болмаса, жылы киініп, өздерімен ыстық шай алып алулары керек. Жəне жол жоқ жерлерге баруға болмайды. Қар көшкіні жүруі мүмкін.
Сондай-ақ, мамандар пеш жағатындарға «өте сақ болыңдар» деп жатыр. Жыл басынан бері Алматыда ыстан улану бойынша екі жағдай тіркелген екен.
Мұржаны тазалап, кішкентай балаларды пеш жанып жатқан үйде жалғыз тастамау керек. Балалар демекші, күннің күрт сууынан бүгін Алматы облысында біраз жылдан бері алғаш рет төртінші сыныпқа дейінгі оқушыларға сабақ тоқтатылды. Мəдина?!
-Асыл, Алматы қаласында ше? Жалпы сабақты тоқтату үшін температура қандай болуы керек?
Алматыда сабақ тоқтатылған жоқ. Жалпы балаларды мектепке жібермеу үшін температурадан бөлек, желдің жылдамдығы да ескеріледі екен.Мысалы, бірінші сыныптан төртке дейін сабақты тоқтату үшін ауа-райы минус 25-тен төмен жəне желдің жылдамдығы секундына 2 метрді құрауы керек. Сегізінші сыныпқа дейін сабақты тоқтату үшін температура 30-дан төмен жəне желдің жылдамдығы 2 м/с, ал, 11-ші сыныпқа дейінгі қушыларға сабақты тоқтату үшін температура 35-тен төмен, ал, желдің жылдамдығы 2 м/с болуы керек. Мамандар бұл аяздың басы ғана дейді. Ең суық кездер апта соңында, яғни, жұма-сенбі күндері тіркелмек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!