{metadescription}
«Оңайдың» оң мен солы

«Оңайдың» оң мен солы

Алматы қаласының жекеменшік көлік, сонымен қоса қоғамдық көлік жүйесіне өзгерістер енгізілгелі бері қала тұрғындарының ап-сабы басылар емес. Әсіресе қоғамдық көлікке қатысты енгізілген жаңа тәртіп пен жаңалықтар барлық тұрғындарға жақты деп айту қиын. Бұл халық игілігі үшін жасалып отыр деген әкімдіктің уәжіне қарамастан, жұрттың жаңашылықты қабылдауға әлі дайын еместігі байқалды.   

Сонымен, 2015 жылы 15 маусымда Алматы қаласының жолында автобустарға арналған жолақ пайда болды. Билік бұның пайдасы бар деп иландырмақ болғанымен, арнайы жолақтар тұрғындардың түсінбеушілігін тудырып, тіпті тамағына тас тығылғандай етті. Кейіннен белгілі болғандай, басты көшеге түсетін салмақты азайту үшін жасалған жолақтар  даңғылдардағы тар жерлерде жол-көлік оқиғасын арттырып жіберді. Бастапқыда шешіміне табандылық танытқан билік, нәтижесінде қазан айының ортасында атышулы жолақ белгілерді жартылай демонтаж жасауға мәжбүр болды.

Сондай-ақ, трамвайдың қатысуымен болған бірнеше ірі жол-көлік оқиғаларынан кейін билік бұл «долданған» транспорттың түрінен бас тартты. «Көзі құртылған» трамвайларды болашақта Алматыда көре аламыз ба, жоқ па, ол әзірге белгісіз.

Ал енді «қуырдақтың көкесіне» келсек, ол қоғамдық транспортқа қатысты үшінші енгізілген өзгеріс  - «Оңай» электронды карта жүйесі. «Алматы қаласы көлік холдингі» ЖШС-де нақтылағандай, «Оңай» картасы бұл салада орын алған бейберекеттікті реттеу үшін енгізілген болатын.  Электронды билеттің арқасында жолаушылар легінің нақты санын, көлеңкелі айналыста жүрген жолақы төлемдері мен жеңілдікке  мұқтаж адамдардың қанша екенін анықтау жоспарланған еді. Алайда «Оңай» карточкасынан күтілген игі мақсат жүргізушілер де, жолаушылар тарапынан да түсінбеушілік тудырып, күні-бүгінге дейін құрысы жазылмай келеді. Әлеуметтік желілерде жазылған пікірлерде «Оңай» карточкасына «Халыққа қарсы», «Оңай оңбады», «Оңайдың обағандығы», «Оңайдың обалы» деген ат тағылды. 

       

Енді осы жарты жыл бойы қоғамда бітпес дау тудырған «Дайрабайдың сиыры» -  төртбұрыш пластиктің «төркінін» тексеріп көрелік.

«Оңайдың» оңы мен солы

«Алматы қаласы көлік холдингі» ЖШС-нің соңғы мәліметіне жүгінсек, Алматы тұрғындарының қолында қазір 894 689 «Оңай» картасы бар. Картаны қолданып жүргендердің арасында жүргізілген сауалнама көрсеткендей,  қолма-қол ақша төлегеннен гөрі, «Оңай» әлдеқайда ыңғайлы, бірақ кемші тұстары да жоқ емес.  

Анастасия Малюкова, жобалар менеджері:

«Жаңа жүйе сөз жүзінде ыңғайлы болуы тиіс, бірақ,  салыстыра алатын дүнием болғандықтан (мәскеулік «Тройка»), өз пікірімді қалыптастыра алдым деп айта аламын.  Сонымен:

Тиімділігі:

1. Сексен теңге өзіңе, балаңа 40 теңге іздеп әуреленбейсің. Бәрі алдын ала есептеліп, карточкаңа салынған, яғни өте ыңғайлы;

2. Карточканы жасаған адамдардың айтуынша,  картаның  магниттік қасиеті  жойылмайды;

3. Карта барлық транспорт түріне арналған, тіпті метроға да;

Қолайсыздығы:

1. Егер балаңыз жеті жасынан мектепке барса,  «әзірге жоқ, дайын болғанда бірден үлестіреміз,  себебі ол бір тапсырыс бойынша бүкіл мектепке жасалады» деп айтады. Тиісінше, бірнеше апта, тіпті ай бойы балаңыз жанын шүберекке түйіп «тегін» жүреді. Бұл абитуриенттер мен зейнетке енді ғана шыққан қарияларға да қатысты – толық бағасын төле, болмаса «тегін» жүр;

2. Егер оқушы /студент/зейнеткер карточкасын жоғалтып алса, қанша уақытта қалпына келтіретіні белгісіз және ол үшін тағы ақша төлеуге тиістісің, бұл – күтпеген шығын;

3. Қарбалас сәтте автобуста жүріп көрдіңіз бе? Маршруттың басынан аяғына дейін жүрсеңіз жолыңыздың болғаны. Ал отыра сала келесі аялдамадан түсу керек болса ше? Қарбалас шақта автобустың ортасында орналасқан төлем аппаратына жетпек түгілі, сығылысқан автобусқа мінудің өзі қиынның қияметі. Автобустың алдыңғы жағынан міндім деңіз, ал істеп тұрған  төлем аппараты автобустың аяқ жағында болса ше? Өз басым біреуден карта беріп жіберуге тәуекел етпеймін, ақша толтырылған карта беріп, бос карта қайтып келуі әбден мүмкін;

4. Алматыға бір күнге келген адамдар үшін қаламыз «керемет қонақжайлылық» танытады – олар іс жүзінде 320 теңге  сыйлық беруге мәжбүр (қала маңындағы және облыстағылар Алматы барахолкасына жиі келіп тұрады), уақыты тапшы, әр минуты санаулы қонақтар картасы мен чектерін ақшаға айырбастап үлгере ала ма? Және де терминалға 200 теңгеден төмен ақша қабылданбайды. Оған қоса, ешбіз вокзалда «бұл жерде  «Оңай» карточкасын ақшаға айырбастай аласыз» деген жазбаны кездестірмедім;

5. Автобус сынып қалып, жолаушылар басқа автобусқа отырса ше? Дұрысында жүргізуші  тексерушілермен байланысқа шығып, ол біздің карточкамызды отырғызылатын автобусқа жазып беруі тиіс. Ал іс жүзінде 15 минутты жоғалтқаныңызбен қоймай, басқа автобусқа тағы шығынданасыз;

6. Күні бүгінге дейін бір төлем аппаратының бір картадан екі рет төлем «суырып» алғаны тексерілмей келеді. Картаны жасағандар бұны «мүмкін емес» деп кесіп айтса, жолаушылар екі рет төлем алды деп байбалам салуда. Жеке басым жолаушыларға сенемін;

 7. Баланс белгілі бір жеке есеп-шотқа бекітілмеген. Мысалы, мен бір айға деп 5 мың теңгені салып, картамды жоғалтып алсам, іс жүзінде бөтен біреуге ақша сыйлаған болып шығамын. Ол ақша қайда кетті? «Жоғалғандарды» түгендейтін біреу бар ма? Айта кету керек,  балалар мен зейнеткерлер картасы мен ұсақ форматтағы құжаттарын жиі жоғалтады».

Денис Потапов, программист:

«Өз басым «Оңайға» дән ризамын. Қалтаңда тиын-тебен бар ма, жоқ па, басыңды қатырмайсың, дүкендерден ірі ақша айырбастап әуреге түспейсің. Ақшаңды  Homebank картаға салдың да, саспай жүре бер. Өте ыңғайлы. Осы жүйені ендіре салысымен-ақ карточканы аялдамадағы дүңгіршектен сатып алдым. Күнде қала аралап жүргенде барлық аялдамаларда дүңгіршектердің көп екеніне көзім жетті. Жеке басым екі жарым ай уақыт ішінде ешқандай проблема көргем жоқ.  Терминал әрдайым менің картамды санап, тексеріп береді. Тексерушінің екі рет төленгем картаны төлемеді деп шыққан кез болды, бірақ олар «Төледіңіз бе?» деп сұрады да қойды. Енді жүргізушілер ақша жинағанды тияды деп үміттенем. Ал оларға жұмыс берушілер  қоғамдық көліктің іс жүзінде қанша қаржы әкелетініне көзін жеткізеді».

Анастасия Медынцева, бейнеинженер, тележүргізуші:

«Негізінде, бұл  жүйе мен бастама жаман емес, бірақ ақшасыз операцияға көшуді міндеттеу  қолайсыз жағдай тудырады. Мысалы,  Питерде  карточкамен де, ақша төлеп те жүруге  болады. Кондуктор картаны тексеріп, билет те береді. Ал біз осылай істей алмаймыз. Неліктен? Себебі, ұрлайды. Питерде де ұрылар бар, бірақ олар көп емес болар.  Өкінішті-ақ, біреудің ұрлығынан көпшілік зардап шегеді. Тағы бір кемші тұсы, карточкалар белгілі бір адамға тиесілі емес. Мәселен, картама 5 мың теңге жүктеп жоғалтып алсам, бөтен біреу менің картамның рахатын көреді. Бұл енгізілген жүйе нашар деп айта алмаймын. Техникалық ілгеріліс – ол Африкада да  ілгеріліс. Сондықтан кертартпалық болмауы керек деп ойлаймын».

Гу-гу қауесет

2016 жылы 11 қаңтарда ақшасыз есептесуге толық көшкеннен соң тұрғындар арасында небір қаңқу әңгімелер желдей есті: «Оңай» ақшаны жеп қояды екен», «баланстағы ақшам ұшты-күйлі жоғалды», «тексеруші қарап болған соң картамдағы ақша жоқ болды», «жүйе ақшаны екі есе көп суырып алды».  Алайда  «Көлік холдингі» бұл жолаушылардың алаңғасарлығынан болып жатқан шындыққа қатысы жоқ әңгіме екенін айтады.

Сондай-ақ, «Оңай» терминалын Bluetooth және тағы да басқа магниттермен істен шығаруға болады деп дүрлікті. Алматы қаласы тасымалдаушылар ассоциациясының төрағасы Роберт Кан бұндай әңгімелердің жолақы төлемеу үшін ойдан шығарылғанын  мәлімдеді. Яғни, «Оңай» жүйесіне  ешбір гаджет, магнит, тіпті экстрасенсорлық қасиеті бар адам да ықпал ете алмайды. 

Қандай уәде беріп отыр?

«Оңай» жүйесінің қызметі жетілдірілу үстінде.  2015 жылы желтоқсан айының басында  метро станциялары төлем терминалдарымен қамтамасыз етілді.  Холдингтің мәліметінше, биылғы жылдың бірінші тоқсанында метрополитен «Оңай» терминалдарымен толық қамтылады.

Сүйінші! Көліктің бірыңғай картасын тіркейтін сайт ашылады. Бұл картасын жоғалтып зар қаққан жолаушылардың тыныш ұйықтауына мүмкіндік береді.  «Көлік холдингі» тап осы мәселелердің шешімін табуға ат салысуда.

Алақай! Жол жүру билеті қайтарылатын болды. Наурыз айында мектеп оқушыларына 1 мың, зейнеткерлерге 2 мың, студенттерге 3 мың теңгелік жол жүру билеттері  шығарылады. Көптеген тұрғындар жол жүру билеті ай сайынғы бюджетті есептеуге ыңғайлы екенін жасырмайды.

Қандай жаңалықтар күтіп тұр?

«Алматы қаласы көлік холдингі» ЖШС-нің  өкілі Рифат Абдураманов КТК телеарнасына берген сұхбатында  болашақта «Оңай» картасы қызметінің кеңейтілетінін және Қазақстаннның өзге де өңірлеріне енгізілетін жүйе туралы айтып берді.

 «Кез келген технологияны жетілдіріп, біріктіруге болады. Біз қазір барлық үрдістерді  суреттеп, франчайзинг дайындап жатырмыз. Жалпылай айтқанда, бүкіл Қазақстанға өз технологиямызды ұсынамыз. Қызығушылық танытқан тарап бізге келіп, франчайзинг алып, өз қаласында жүзеге асыра алады. Біздің мәлімет бойынша, Шымкентте екі компания өтіп, біреуісі меморандум бекітсе, екіншісі – сол қалпында тұр. Биыл бірінші тоқсанның аяғында жұмысымыз тәмамдалса Шымкентке кіруіміз мүмкін.

Қалалар бойынша шектеу қойылмаған. Автобусы, жолаушылары бар жерде аталмыш жүйені енгізуге болады. Қазір бүкіл әлемде, қаланың және халқының санына қарамастан, электронды билет бар. Қазақстанда қанша қала бар? 80-нен астам. Барлық қалаға енгізу соншалықты қиын ба? Тәжірибеміз, үлгіміз  бар. Бізге Голландиядан кеңес берушілер келді. Ол жақта  электрондық билет енгізу жүйесі 14 жыл бойы жүзеге асырылған екен. Ал бізде бір жылдың ішінде-ақ іске асырылды.

Қазір біз  «Оңай» көлік картасының нағыз толыққанды төлем құралы болуына ат салысып жатырмыз. Тек көлікте ғана емес, сонымен бірге  кинотеатр, супермаркет, дәріхана, т.б. жерлерде де жеңілдік алатын болады.

Көлік картасы – кез келген азаматтың жиі қолданатын құралы. Мысалы, менде бірнеше банк карточкалары бар, оны тек жалақы алғанда ғана пайдаланамын.  Ал «Оңай» карточкасын  адам күніне, кем дегенде, екі рет қолданады. Болашақта «Оңай» карточкасымен ҚР азаматы кез келген жерде төлем жасай алатын болады.

Біз қазір көптеген қызмет және тауар жеткізушілермен келісім жүргізіп жатырмыз. Олар бізге карточка арқылы жеңілдіктер мен бонустар беретін болады.  900 мың карта – бұл үлкен сома, үлкен көлем.Уақыт өте келе қала тұрғындары бонустарының арқасында қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігіне ие болады. Біз алматылықтар үшін «Оңайдан» толыққанды карта жасап береміз. Осы мәселені шешкен кезде, адамдар карточкаға тек қоғамдық көлікте жүру үшін ғана ақша құйғанын ұмытатын болады. Сол кезде тариф сомасының мөлшері өзектілігін жояды. Ендеше, бітіретін шаруамыз   - барлық қызметті тек «Оңайға» енгізу».

Фотосуреттердің дереккөзі: onay.kz, motor.kz. 

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде