Дұғай сәлем: «Оңай» комиссия ала бастады
Өгіздей өрге сүйреген «Оңайдан» тағы бір «сыбаға». Картаның есеп-шотына терминал арқылы ақша салғанда комиссия ұстап қалып жатыр. Бұл жаңалық сабасына енді түсе бастаған алматылықтарға түрпідей тиді.
Автор: Заира Сабитова
КТК тілшісінің хабарлауынша, аталмыш комиссия төлем жүйелерінің тек біреуінде ғана жүзеге асырылуда.
Карта жүйесінің операторы «Алматы транспорт холдингі» ЖШС-не хабарласқанымызда, «жақын арада бұл мәселенің басын ашамыз» деген жауаппен ғана шектелді.
Белгілі болғаны, транспорт картасының шотын толтырған кезде ортақ сомадан 1% көлемде комиссия ұстап қалатын төлем жүйесі - Quickpay, яғни жолақы төлемін қабылдайтын терминалдар. Мысалы: төлем жасау үшін 500 теңге салсаң, комиссия есебіне 9,5 теңге кетеді. Демек, мың теңгеге – 20 теңге. Бірақ терминал мониторында мәлімделген 1% шықпайды: сол 9,5 теңге – шамадан тыс сома.
«Оңай» жүйесі операторының веб-ресурсы комиссия туралы тіс жармаған, одан карточканың кез келген есеп-шотын толтыру артық шығынсыз деп ұғамыз. Ал іс жүзінде басқалай болып тұр.
Quickpay кеңсесінде былай түсіндірді: «Оңай» картасын шығара бастағанда бұл компания тарнспорт картасын толтыруға қызмет көрсететін команиядардың тізімінде болмаған.Тек осы жылдың ақпан айында ғана қосылған екен. Менеджердің айтуынша, тек Quickpay компаниясы ғана 1-пайыздық комиссия ұстайды.
Анық болғаны, көптеген алматылық бұл өзгерістерден бейхабар. Әлеуметтік желілерде аталмыш жағдайды қалжыңға айналдыруда:
«Жалпы, транспорт қызметі үшін транспорт компаниясына төлейміз. Бұл жерде делдалдың қанша қатысы бар? 400 теңге «пластикке» бердік, енді қызмет көрсетуші «жабдыққа» да комиссия төлейміз бе? Айналайындар-ау, Заңды сақтайық, таңдау құқымыздан айырмаңдар, атам заманнан қолма-қол төлеп келдік емес пе?! Оңайдың» қожайыны кім болды екен?».
«Әкімнің кездесуі өткен соң-ақ комиссия «іске қосылған» болар. Бәлкім тұрғындарды велосипедке отырғызудың айла-тәсілі болар»,
«Велосипедке арналған жолды пайдаланғанымыз үшін карта шығармаса жарар еді».
Қысқасы, сегіз қырлы, бір сырлы «Оңай» ат сауырына мінгізбес деген үміт бар. Соңғы жаңалықтарды жеткізіп тұруға біз де сақадай-саймыз, дайын болыңыздар.