{metadescription}
Қызынан айырылған ананың жанайқайы үш жылға созылды

Қызынан айырылған ананың жанайқайы үш жылға созылды

Астанадағы №1 перинаталдық орталықта емделмекші болып жан тапсырған Ақмарал Тұрсынбаеваның ісі әлі тексерілуде. 

Ақмаралдың туыстарының қолында пациентті емдеу кезінде дәрігерлердің жіберген қателіктері айдай анық етіп жазылған 4 бірдей сот-медициналық сараптама нәтижесі бар. Алайда прокуратураның аталмыш істі сотқа  жібермей жүргеніне екі жылдан асыпты.  

Ақмарал Тұрсынбаева №1 Перинаталдық орталықтың гинекология бөліміне (Астана қаласы, Рысқұлов көшесі) жүктіліктің 11-ші айында «асқынған токсикоз»  диагнозымен 2013 жылдың қараша айында түскен екен. Туыстарының айтуынша, 23 жастағы келіншек күніне 20-25 рет лоқсып құсуын тоқтата алмаған. Ақмаралдың анасы Жүрсіннің айтуынша, қызының арықтап жүдегені сонша, тіпті өздігінен жүре алмай қалған. Жақындары оны бөлек палатаға ауыстыртып, жұбайы мен анасы үнемі қасында болған. Ал дәрігерлер «қам жемеңіз, токсикоздан еш адам өлген емес» деп сендірді, - дейді анасы.

Ауруханада бір жарым ай жатқан келіншектің  халы күн сайын нашарлай берген. Туыстары оның көз алдарынада сөніп бара жатқанын көріп жүктілікті тоқтатуын талап еткен. Бірақ ота жасауға рұқсатты бірден алу қиынға соққан.

«Дәрігерлердің  «халы жақсы»  деп сендіргеніне қарамастан,  қызымның жағдайы қиындай берді. Ақыры  17-ші аптада жүктілікті  тоқтатып, жатырын алып тастау керек деген шешім қабылданды.  Нәтижесінде қызымның қаны тоқтамай, көп қанын жоғалтып, денсаулығы тіпті нашарлап, жан сақтау бөліміне ауыстырылды. Консилиум жинап, Астанадағы бірінші аурухананың инсульт  бөліміне ауыстыру туралы шешім қабылданды. Ол жерде 2013 жылдың 2 желтоқсанынан бастап комада жатты», - дейді анасы Жүрсін Тұрсынбаева.

Туыстарының айтуынша, қан құю кезінде сепсис жұғып, соның салдарынан комаға түсіп, 2014 жылдың 18 қаңтарында Ақмарал бақилық болған.   

 Ақмаралдың туыстары екі жылдан астам дәрігерлерді жауапкершілікке тартумен сандалып жүр. Алайда прокуратура істі сотқа  жібермей отыр.

«Қызым ауруханада жатқанда мен Астана қаласының Прокуратурасына арыз жазғанмын.  Дәрігерлердің дұрыс диагноз қоюда салғырттық танытқандығы үшін, емдеуде немқұрайлылық көрсетіп, өз  міндетін  орындаудағы жауапсыздығы үшін қылмыстық іс қозғауын сұрап арыз жаздым», - дейді Жүрсін Тұрсынбаева.

Ресейлік тәуелсіз сарапшылардың қорытындысына орай, Ақмарал Тұрсынбаеваның өліміне «бастағы ми күп боп ісініп, бөртіп, оның бағаналық бөлімі шүйдедегі тесікке сыналанып кіріп, салдарынан тіршілік қызметі бұзылғаны» тікелей себеп болған.

«Өліміне басты себеп: жүкті әйелдің  ауыр дәрежедегі токсикозы ДВС-синдромын асқындырған,  көпағзалық жетіспеушілік,  жасанды түсіктен кейінгі эндометрит,  сепсис,  сигма тәрізді қойнаулы тромбоз бен мойындырақ сол жақ тамыр тромбозы,  басқа қан құйылуы салдарынан  III ми қарыншасына қанның кетуі», -  деп жазылған екен 300  парақшадан құралған құжатта.

Ақмаралды аман алып қалуға болар еді, бірақ оның жағдайын аз да болса қалпына келтіретін бірде-бір препарат берілген жоқ, - дейді туыстары.    

«Біздің бар «кінәміз» сол, біз ақ халатты жандарға құдайдай сендік. Олар білікті маман, өз қызметін дұрыс атқарады деп күттік.  Ақырында Ақмаралдың ауыр токсикоз болғанына қарамастан, тіпті оған қажетті қарапайым тұз ерітіндісінің   берілмегенін  кеш білдік. Қазір біз әділдік орнағанын қалаймыз. Істі аяғына дейін жеткізгіміз келеді. Адам өліміне кінәлі дәрігерлердің 5 жылға, әлде 10 жылға соттала ма, ол біз үшін бәрібір. Өйткені Ақмаралды  о дүниеден қайтарып ала алмаймыз. Ал кінәлі адамдар  тиісті жазасын алса, бұл барлық дәрігерлерге сабақ болар еді», - дейді  Жүрсін Тұрсынбаева.

Алайда іс сотқа әлі жеткізілмей отыр.  Астана қаласының Прокуратурасы хабарлағандай, тергеушілерге енді бесінші (!!) сот-медициналық сараптама  керек екен. Оны өткізу үшін кем дегенде екі ай қажет. Марқұмның туысқандары қолындағы төрт сараптама тұрғанда, бесінші сараптаманың неліктен қажет болғанын түсінбей әлек.

«Астана қаласының ІІД тергеу орталығының тергеушісі А.Жамалиеваның жарлығымен 2015 жылы 14 желтоқсанда  өз қызметін тиісті атқармаудың салдарынан абайсызда жүкті А.Тұрсынбаеваны өлімге  жеткізген  фактіге қатысты қозғалған қылмыстық іс ҚР ҚК 35 бабы 1 бөлімі, 2 тармағы бойынша тоқтатылады.  

Зардап шегуші жақтың келіспеушілігіне қатысты жоғарыда көрсетілген шешіммен, сондай-ақ комиссиялық сот-медициналық сараптама  (№34, №157) және Ресей Федерациясында жасалған  жекеменшік (№306М/11/14)  сараптама  қорытындысындағы қарама-қайшылықтарды ескере келе, қала прокуратурасы тергеуші жарлығының күшін жойғызды.   

Медицина қызметкерлерінің  іс-әрекеттері  мен  орын алған зардаптың арасындағы байланыстың себебін анықтау мақсатында қазір ҚР Әділет министрлігі Алматы СМО филиалында комиссиялық  сот-медициналық сараптама ҚАЙТА жүргізілуде», - деген жауап келді Прокуратурадан. 

Ал марқұм Ақмаралдың жақындары қайта жүргізіліп жатқан сараптама - істі сотқа жібермеу үшін уақыт созбалаудың амалы деп отыр. Соған қарамастан, олар әліптің артын аяғына дейін бағып, соңына дейін күресуге бел буып отыр.

Аталмыш іске қатысты Астана қ. Денсаулық басқармасынан ресми ақпарат алу мүмкін болмады. Дегенмен қажетті ақпаратты жуық арада береміз деп уәде берді. Біз өз тарапымыздан бұл жағдайды бақылауда ұстайтын боламыз. 

Кеше

31 қаңтар

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде