Салафизмге тыйым салу: қателікке ұрынбау әрекеттері
Салафизмнің қауіптілігі мен өрескелдігін танып білу үшін оны егжей-тегжейлі қарастыру керек. Қарапайым, әрі үйреншікті әдістермен Қазақстан көздеген мақсатын жүзеге асыра алмайды, - деп өз ойын білдірді танымал саясаттанушы.
Қысқа, әрі нұсқа: жеткіншек жастардың санасындағы экстремистік «удан» қалай құтыламыз? Біріншіден, ойымызға оралатыны – тыйым салу. Кейінгі кездері бұл сөз өте жиі айтылуда. Бірақ Ақтөбеде орын алған қазалы жағдайлардан кейін оның мәні әлдеқайда артқандай. Қазақстанда заңнамалық деңгейде салафизмге тыйым салу ұсынылып жатыр!
Дін істері комитетінде исламның радикалды ағымдарының бірі ретінде салафизмнің идеологиясына тыйым салу мәселесі қарастырылуда. Ресми мәлімдемелерге сүйенсек, Ақтөбеде қанды қырғын ұйымдастырған жауыздар осы идеологияға бас иген. Саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың айтуынша, тыйымды ақылмен салса ғана нәтижелі болады. Ол өзінің аталмыш жауапты мәселеге деген көзқарасымен КТК тілшісінің сұхбатында бөлісті.
«Көпшіліктің ойлауынша, салафизм – өте қауіпті ағым және оған тыйым салу керек . Бұл жағдайларда біз нақты не нәрсеге тыйым салып жатқанымызды жете түсінуіміз қажет, яғни жай салафизмге емес, сонымен байланысты белгілі бір нәрселерге тыйым салу.Діни экстремизмге тыйым салу керектігі сөзсіз. Алайда «қауіпті тенденциялар» мен «секталар» ұғымын, оларды қалай анықтап, олардан
төнетін қауіпті дәл айқындап алу қажет, яғни бұл мәселе қарапайым, жеке үйреншікті әдістермен емес, жүйелі түрде шешілуі керек. Ал бізде бұл жағынан орын толмас олқылық. Қоғамда мұсылмандық бірлестіктің беделі артпайынша, дін мәселелерінде мемлекет нақты ұстанымын айқындамайынша, бұл әдістер нәтижесіз, әрі тиімсіз болып қала бермек», - деп пікірін білдірді Әшімбаев мырза.
Қазіргі таңда Қазақстанда 15 мыңға жуық салафизм бағытын ұстанушылар бар. Саясаттанушының ойынша, сол адамдардың бәрін бір мезетте қылмыскерлер қатарына жатқызып, азаматтықтан айыруымызға болмайды.
«Салафизм дін шегінен аспайынша өздігінен айтарлықтай қауіп төндірмейді: адам оны зерттеп, таниды, оның қандай да бір қағидаларын ұстанады. Бұл жағдайда қоғам үшін салафизм қауіпті емес: ол экстремистік әрекетті қолдамайды, қаруланған жасақтар құрмайды, т.б.
Нақты қауіп келесі радикалды белгілерден байқалады: діни экстремизмге байланысы бар таңдаулы топтар, жасырын жұмыс істейтін тіркелмеген діни топтар. Олар өздерін бақылатпайды, әрі зерттетпейді де», - дейді Данияр Әшімбаев.
Әшімбаевтың талдауынша, Қазақстанда радикалды топтардың дамуына дін жобасындағы шектен тыс либералды заңнама себепкер, яғни халық арасында діншілдіктің өсуі мен беделді рухани көшбасшылардың жоқтығы әсер етеді.
«Бізде күн санап заңды және заңсыз мешіттер салынуда, қоғамда олардың саяси және мәдени үстемдігі күшеюде. Діни ұйымдардың құрылысын қолдай отыра, біз өзіміз экстремизмге ықпалдасамыз. Байқасаңыз, қазіргі таңда атеизм бағытында практикалық үгіт-насихат жоғалды, түсіндірме жұмыстары да жүргізілмейді. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы БАҚ саласымен әлсіз қатынаста. Егер біз экстремизм мәселесін жүйелік әдістермен шешпесек, осы секілді мәселелер біздің мақсатқа қол жеткізер жолымызда тосқауыл болады», - деді саясаттанушы өз сұхбатында.
Қазақстанға радикализмге құрық салатын жеке әдіс-амалдарын ойлап табу керек. Біздің жағдайымызда шетелдің кез келген үлгісі бізге тиімді көмектесе алмайды.
«Кей жерде салафизм мемлекеттік дін болып саналса, ал кей елде керісінше онымен күрес жалғасуда. Кейбір елдерде билік басындағылар діни ұйымдардың жұмысын қатаң бақылауға тырысады. Мәселен, Өзбекстанды алсақ, ол жақта мешіттерде дауыстап азан шақыруға тыйым салынған. Мұндай шара әрқашан оң нәтиже береді деп айта алмаймыз.
Біз салафизммен күресудің жеңіл, әрі өте қатал, ауыр жазаларын көріп жүрміз. Бұл жерде қатып қалған тәжірибе жоқ, бізге алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалап, мәселені шешу жолдарының моделін өзіміз жасағанымыз абзал», - деп толықтырды Данияр Әшімбаев.
Сондай-ақ саясаттанушы радикалды исламисттерге олардың өз дініне сенуіне қатаң тыйым салғаннан гөрі олармен күресуде тиімді шараларды атап өтті.
«Жалпы алғанда, мемлекеттік идеологиялық, ішкі және жастар саясаты бойынша жұмыстар жүргізілуі тиіс. Біз көріп жүргеніміздей, жастар саясатының көптеген саласы артта қалған: жастармен жұмыс, үйірмелер, спорттық секциялар, қызығушылықтар секциялары, т.б. Осыдан жастардың радикализациясы кең етек жаюда.
Елімізде белең алып жатқан діншілдік пен кең тарап келе жатқан экстремизмге қарсы мемлекет жастардың білімі мен мәдениетін арттыру, әлеуметтік мәселелерін шешу, бос уақытын тиімді пайдалану, жұмыспен қамтамасыз ету сияқты шараларды орындау қажет. Адамның өмірінде алға қойған мақсаты, сапалы білімі, саяси көзқарасы, жақсы жұмыс орнына деген үміті болса, онда басқа қауіпті, әрі зиянды нәрселерге тіпті бұрылып та қарамас», - деп қорытындылады Данияр Әшімбаев.