Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына кімнің сұғы қадалды?
Қазақстандықтардың зейнетақысы кімнің қармағына ілінейін деп тұр? Тірнектеп жинаған ақшамыз кімнің тәбетін ашты?
Автор: Заира Сабитова
«Финпотребсоюз» басқармасының төрағасы, бұрынғы Зейнетақы қоры қауымдастығының басшысы Айдар Әлібаев Қазақстаннның зейнетақы қоры жүйесіне және қордағы активтердің басқарушы компанияларға берілетіні, жинақталған зейнетақылардың жедел алынып жатқанына өз бағасын берді. Ең қызығы, зейнет жасына шықпағандарға жинақ қалай беріледі? Ал зейнетақы қорындағы ақшаны алуға болатынын еліміздің бас банкирі өткен айда айтқан болатын.
«Мұндай опцияның ұсынылатыны азаматтарға тиімді. Елімізде зейнетке шыққан соң өмір сүруіне жеткілікті әжептәуір ақша жинаған азаматтар баршылық. Сәйкесінше, артығынан жинақталған ақша болса, ол объективті қажеттіліктерге жұмсалады», - деген болатын Данияр Ақышев.
Екі апта өткен соң отандастарымыздың зейнетақысының тағдыры жайлы Қазақстан қор биржасы сөз етті. Биржа жетекшісі қаржы реттегіш бастамасын қолдап отыр. Бірақ жинақталған қордың берілуі жүзеге асырылуы үшін қазақстандықтардың жинақ қорын жекеменшік қолға берген дұрыс дейді KASE.
«Жинақталған зейнетақыны алып, екінші кезеңде инвестициялық басқаруға өткізгенде, салым иесі инвестициялық стратегияны ӨЗІ таңдағаны жөн. Сонда ол 5 (әрқайсысының өз стратегиясы бар) зейнетақы басқарушының портфелін таңдап, ауысуға мүмкіндігі болар еді. Яғни, ақшалай қаражат қорының тізгіні қолға алынады.
Біріншіден, инвестициялық стратегия анықталады. Екіншіден, қаражатты белгілі сомадан артығырақ алуға мүмкіндік туады», - дейді «Қазақстан қор биржасы» АҚ басқармасының төрайымы Алина Алдамберген.
Әрине, жоғарыдағылар өз ісіне баға беріп дұрыс болжап отыр, қаражатымыз ысырап болмайды деп сенгіміз келеді. Дегенмен...
- Айдар Байдәулетұлы, зейнетақының жекеменшік басқаруға берілетіні - кезіндегі ескі жүйені еске түсіреді. Мемлекет бәрін дәлелдеп БЗЖҚ-на біріктірген болатын. Ендеше ескі жүйеге қайта оралудың мәні неде?
- Ұлттық банк, KASE басшылары ешқандай жаңалық ашып отырған жоқ. Иә, ескі жүйеге қайта ораламыз. Бәлкім бір «мөшек» пен әр түрлі басқарушы компаниялар болуы мүмкін. Активтерді бір қорға құюдың екі себебі болды: мүдделі тұлғалар азаматтардың жинағын бір «мөшекке» жинап қойып, оны елдің мұқтаждылығына жұмсар кезде ешкімнен рұқсат сұрамайды. Әрине, ол қаржы тапшылығында ыңғайлы әдіс. Ал екіншіден, көптеген зейнетақы қорларының акционерлері БЗЖҚ-на активтерді құйғанда «миша былықтырып», соңы немен аяқталғанын білдірмей жіберді, енді түк болмағандай судан таза, сүттен ақ болып отыр. Осының бәрін егжей-тегжейлі тексеретін уақыт келеді.
Қазір Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активтерін ҚР Ұлттық банкі басқарып отыр. Елімізде үлкен мүмкіндікке ие, қолында едәуір әкімшілік қоры бар адамдар өзіне ыңғайлы мезгілді күтіп, сәті туғанда сол қаржымен ойына келгенін істеуі мүмкін. Бұлыңғыр бағалы қағаздарды белгісіз акционерлерден бұлыңғыр бағамен сатып алуы да мүмкін. Яғни, «ескі жарамыз» қайта асқынады. Оларды кім тексеріпті?! Ешқандай тексеріс болған емес. Бұл тек менің жеке пікірім, болжамым. Сол «әнімізге» қайта оралып отырмыз. Осы басқарма компаниялардағы акционерлер кім болып шығар екен, ол да қызықты. Таныс тұлғалардың бет-пішіні «қалқып» шыға келсе, таң қалмаймын, тіпті оған сенімдімін.
- Зейнетақыны мезгілінен бұрын ұсыну тетігі қашан жасалады және ол қазақстандықтардың есеп-шотын талқандап кетпей ме?
- Заң жүзінде ақшаны алуға рұқсат берілген кезде жүзеге асырылады. Қандай қоғамда өмір сүріп жатқанымызды естен шығармайық. Тіпті ипотека мен білім алудың қажеті болмаса да, біздің адамдар қажетті анықтаманы зу еткізіп жасап алады. Халық бұл әдісті түсіне салысымен-ақ өз ақшаларын суырып алуға жанын салады. Сол кезде БЗЖҚ қаптаған халыққа шамасы келмей қалуы мүмкін. Адам саны мөлшерден тыс артық болған жағдайда, ақша жетпей қалады. Бұл да менің жеке болжамым.
Қатты сырқаттанып қалған жағдай болмаса, азаматтардың мезгілінен бұрын ақша алуын өз басым қолдамаймын! Активтерді үлестіруге де асықпаған жөн. Акционерлер кім екенін көріп, сосын ғана сабырмен бағалап шешу керек.
- Егер халыққа жинағын мезгілінен бұрын алуға рұқсат берілсе, әр азамат оған жауапты қарайтын болар. Ал жаппай, қомақты қаржы алынса, қазақстандықтар ақшасын тиімді жұмсай ала ма?
- Егер жұрт жинақтарын алса, оны не болса соған жұмсап жіберуі ықтимал. Қазір бір адамның жинағы орташа бағамен 700 000 теңге. Бұл өте аз. Бұндай сомаға қандай бизнес ашып, қандай инвестиция жасауға болады? Инвестиция серпілісіне сенім жоқ. Ал жинағы мол азаматтар, Данияр Ақышев айтқандай, олардың қаржысы зейнетақысыз да көп. Қарапайым жұрт ақшасын азық-түлікке, бала-шағасына жұмсайды. Ақыры мемлекет солардың кесірінен зейнетке шығып жәрдемақы, зейнетақы сұрайтын жатыпішер арамтамақтарға тап болады. Бұл Ұлттық банк басшысының мемлекеттік ойлау қабілетінің жоқтығын көрсетіп отыр. Ұлттық банктен зейнетақы активтерін басқаруды алып тастау керек. Қаржыгердің әлеуметтік функциясы бар активтерге қатысы болмауы тиіс. Бұрын мемлекет екі жеп биге шығатын: қартайған шағымызға қамқорлықты ойлап қана қоймай, болашақта әлеуметтік қызметтің алдында қайыр сұрайтын жатыпішерлер болмайтындай етті.
- Соңғы сұрақ. Отандастарымыздың қаржылық сауаты қандай деңгейде?
- Көбісінің қаржылық сауаты өте төмен! Бұл құр сөз емес, өзім куә болып, жағамды ұстағанмын. Енді бұған шағын көлемдегі зейнетақы жинағын қоссаңыз, жинағын мезгілінен бұрын алған 80-90 пайыз адам ақшасын бос рәсуа ететініне күмәнім жоқ.