Лаңкестер түрмеде үгіттеп жатыр деген ақпар қаншалықты рас?
Лаңкестер қараңғы қапаста да қауіпті. Түрмеге жаңа түскендер лаңкестер қатарына тартылып кетуі мүмкін бе? Бұл туралы сарапшылар не дейді?
Автор: Заира Сабитова
Қылмыстық-орындаушы жүйесі комитетіндегілер (ҚОЖК) жоғары айтылған күдікті жоққа шығарды. Ал тәуелсіз сарапшылардың бірқатары ҚОЖҚ-мен келіссе, кейбіреуі түрмеде дәстүрлі дінге қарсы көзқарастылардың жасырын насихат жүргізіп, тіпті қамаудағыларды радикалдап жатқанын да айтады.
Адвокат Серік Сәрсеновтің пікірінше, терроризм бабымен түрмеге отырғандарды өзге сотталғандардан оқшау ұстау керек. Осы тұрғыда ол ҚР ІІМ террористерге бөлек түрме құру керек деген талабын қолдайды.
«Өз қотырларын өздері қасысын. Терроризм қылмысымен сотталғандардың барлығы бір қазанда қайнауы тиіс. Басқа қылмыс жасағандармен бірге отырған лаңкесшілер қанатын жайып алған ИГИЛ тәрізді түрмеде отырып-ақ жасақ құруы мүмкін. Сол себепті, оларды оқшау ұстау – орынды шешім», - дейді Серік Сәрсенов.
«Бөлек түрмемен қатар, ҚР ҚК 255 бабындағы («Терроризм акті») жазалау шарасын күшейту қажет. Кем дегенде, 20 жыл бас бостандығынан және өмір бойы бас бостандығынан айыруды қарастырса. Әсіресе үгіттеушілерді! Үгітке бой алдыратындар - сауатсыз, надан адамдар. Үгіттеушілер дінді сылтауратып, өзге дінге төзбеушілікке, өзге адамдарға қатер төндіруді насихаттап отыр. Бұл адамгершілік түсініктерге жат дүние», - деді ол.
Ал адвокат Төлеген Берліқожанов түрме қабырғасында жасырын түрде қоғамға қарсы идеялар насихатталынып жатуы мүмкін екенін, көбісі экстремизм жолына темір тордың арғы жағында емес, бостандықта жүріп түсетінін айтты.
«Түрмелерде, тергеу изоляторларында оперативтік тәртіп жұмыс істейді. Онда колонияның қызметкерлері жаза кесілгендердің жүріс-тұрысын, тәртібін қадағалайды. Сондықтан сотталғандардың түрмеде терроризм және экстремизм жолына түсуі мүмкін емес. Себебі олар арнайы контингент – жаза кесілгендер – бір-бірімен араласқанда қылмыс тәжірибесімен алмасады. Ал жазасын өтеу мекемесінде түрме әкімшілігіне бағынбауға, заңды аяқасты етуге үгіттейді. Біреуі жасаған қылмысының әдіс-тәсілін айтып мақтанады. Бірақ, түрмеде отырып терроризм, экстремизм жолына түседі дегенге сенбеймін, - дейді Төлеген Берліқожанов.
«Терроризм бабымен жазаға кесілгендер үшін бөлек түрменің аса қажеті жоқ. Егер қылмыс түріне қарап қамалғандарға бөлек, сотталушыларға бөлек түрме керек десек, онда көптеген колония салу керек. Сондықтан бұның қазір қажетті жоқ деп ойлаймын», - деді ол.
Қазақстан адам құқығы және заңды сақтау бойынша халықаралық бюросының қарағандылық филиалының директоры Юрий Гусаков:
Біріншіден, түрмеде содырлар тарапынан ешқандай жасақ құрылмайды. Екіншіден, қазір елдегі экономикалық жағдайда бөлек түрме салуды қалтамыз көтермейді.
"Ал теріс үгітке бейім екені рас. Олармен қызметкерлер, психологтар жұмыс жасайды. Тек қалай дұрыс атау керек, «үгіттеу» ме, әлде «қайта үгіттеу» ме, ол жағын білмедім. Түрмеде мемлекет пен қоғамға қарсы дұшпандардың қатарына үгіттеліп қосылыпты дегенді естіген жоқпын. Түрме камерасында екі-төрт адамнан отырады. Әрине, Құран мен Библиядан жаттап алған сөздерімен баурап әкететін харизмасы мықты жетекшінің ықпалына түсу мүмкін. Бірақ ондай «авторитеттер» экстремизм, терроризммен байланысы жоқ.
Жаңа түрме салу үшін әлеуметтік салаға арналған бюджетті қысқартуға тура келеді", - дейді Гусаков.
ІІМ қандай да бір құрылыс бастардан бұрын, қаражат бюджеттен бөлінетінін білуі тиіс.
"Мәжіліс қаржы бөлді делік, онда жасырмай айтсын, ол қаржыны кімнен тартып алды?! Террористер үшін жаңа түрме салғысы келсе, жалғызбасты аналардың жәрдемақысының қысқаратынын, немесе медициналық тегін көмек азаятынын жасырмай айтсын. Немесе бізге арзан екпе салынады, себебі қымбат екпеге қаржы жетпеді, өйткені қаражат терристерге түрме салынуға жұмсалынып жатыр деп жасырмай, ашық айтсын!», - деді Гусаков.
Сонымен, жаңа түрме салыну-салынбау - уақыт еншісінде. Тіпті оң шешілген жағдайда да, құрылысқа біршама уақыт қажет. Ал әзірше лаңкестер мен экстремистер басқа қылмыскерлермен бірге жазасын өтей бермек.