{metadescription}
Кеміргіштермен шайқас ашық деп жариялаймыз!

Кеміргіштермен шайқас ашық деп жариялаймыз!

Қара құрттай қаптаған кеміргіштер алматылықтарды мезі қылды. Оңтүстік астана тұрғындары қала көшелері мен қоқыс тастайтын жерлерде үймелеп жүрген тышқандардан қашып, байбалам салуда.

Алматыны егеуқұйрықтар басып алғандай.  Эпидемиологтар қалада 20 мың егеурықты санап үлгеріпті. Бірақ санақтың қалай жүргізілгені түсініксіз. Айта кету керек, дератизацияға жыл сайын бюджеттен 36 000 000 теңге бөлінеді.

Қорқыныштысы сол, кеміргіштер адамға «шабуыл» жасап жатыр. Жарты жыл ішінде Алматыда елуден астам адам запа шеккен. Кеміргіштерді улаған сайын олардың саны өсіп барады. Ал даладағы зиянкестер енді үйлерді паналай бастады. 

Біз алматылықтарға кеміргіштен қорғанудың әдеттен тыс тәсілін ұсынамыз. Ол – тірі қорғағыштар. Егеуқұйрықтың түбіне жететін ТОП-5 «қанішерлер»: мысық, ит, күзен (сасықкүзен), кірпі және ақ тышқан (сусар тұқымдас аң). Мысықтың тышқанға қаны қарсы екені белгілі, алайда егеуқұйрыққа барлық мысықтың шамасы жете бермейді.

1. Мысық атам заманнан бері тышқан көрсе түбіне жетпей қоймайды. Егеуқұйрық мысықтың иісін сезе сала пана іздейді. Бір-екі егеуқұйрық аулап жеген мысыққа кеміргіш мүлдем жоламай, ит жеккенге қашады. Дегенмен үйде асырайтын нәзік мысықтың егеуқұйрыққа шамасы келе ме? Сондықтан бұл жерде тек ауылдың «қол аяғы балғадай» мысығы қажет. Осы жерде «жүрегі тастан жаралған» мысықтың тұқымдарын анықтасақ:  сингапурлық, абиссиндік, корниш-рекс, сиам немесе сібір мысықтары. Енді асыл тұқымды мысық сатып алуға жұмсалатын ақшаңыз бен егеуқұйрықтан келетін зиянды таразыға салып,  шешім қабылдаңыз. Үнемдеу ме, әлде қауіпсіздік пе?  
Фокстерьер! Тумысынан аң аулауға бейімделген, жеңбей қоймайтын, қадалған жерінен қан алатын өлермен ит!

2. Фокстерьер – егеуқұйрықтың атаспас жауы, қас дұшпаны! Бірақ, таза қанды  «ақсүйек» фокстерьер Алматыда орташа бағамен 30-40 мың теңге, ал ересегі 65 мыңға сатылады. .    

Фокстерьердің қазіргі түрі XIX ғасырда қалыптасқан деседі. Бірнеше ғасырғы селекциядан соң  аталмыш иттің басы жіңішкеріп, құлағы кішірейіп, мойны ұзарып, жауырының арасы тарылып, иығы да өзгеріске ұшыраған. Бұл иттің сүйкімді түріне қарап,  «қой аузына шөп алмайтын момын» десеңіз, қатты қателескеніңіз. Мінезі барып тұрған қаһарлы! Түріне қызығып асырап алғандар уақыт өте келе фокстерьердің аңшылық талпынысынан зәразап болады екен. Аталмыш иттің түрін Қапшағайда өсіреді деседі. Елімізде бұл тұқымға қызығушылық аз. Оның себебін кинологтар жабайы құстардың аздығынан деп түсіндірді. Бізде көбінесе қасқыр, қоян, қырғауыл аулайды. Ал түлкіге деген сұраныс аз. Сондықтан, фокстерьердің қазір күні де айы да оңынан туды деуге болады. Құдайдың берген құдыретін егеуқұйрықтарға арнауға жол ашық!

Тек көртышқан аулаған ит қауіпті вирус жұқтырып алуы ықтимал, вирустың  адамға қауіпті екенін естен шығармаңыздар.

3 және 4. Нағыз кеміргішпен тамақтанатын аң – күзен мен ақ тышқан. Бұлар кеміргіштер көрсе түртідей жиырылып, түбіне жетпей қоймайтын нағыз «еңбегі сіңген» күрескерлер. Алматыда күзеннің бағасы 15-45 мың теңге. Ал ақ тышқанды бірден табу қиынырақ. Кейбір хабарландыруда баласына небәрі 5 мың теңге сұрайды. Ақ тышқан өте епті, қағылез, ширақ, сумақай аң. Күні-түні  аң аулауға дайын. Дегенмен оның жабай аң екенін естен шығармаңыз.  

5. Тағы бір егеуқұйрықтың қас жауы – кірпі. Кірпіні әдетте тек тышқан аулайды дейді. Бірақ ересек «өмір көрген» кірпі егеуқұйрықпен тамақтануға кет әрі емес. Кірпіні аң аулауға үйрету қиынырақ. Кірпі түнде  аңға шыққанда алдына жан салмайды, жүрегі түктен жаралғандай. Ол егеуқұйрықтың ініне тайсалмастан зып етіп кіріп, жайратып шығуға дайын. Алматыда кірпінінің орташа бағасы 10 мың теңге. Тек бір ыңғайсыздығы, домалаңдаған қаңғыбас кірпі үйден бір шықса, қош айтыса беріңіз. Кірпі беталды жүруге құмар. Қайтеміз енді, қанша дегенмен орман тұрғыны ғой...

Сонымен, егеуқұйрықтармен шайқас ашық деп жариялаймыз! Әзірге жеңіс – кеміргіштер жағында. Жоғарыда жазылған шайқас тактикасы мен стратегиясының оң-сол жақтарын ескере отырып, дұрыс шешім қабылдаңыздар.

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде