«Сары» деңгейге деген деңгейіміз қандай?
Бос сөз бе, салғырттық па? Қазақстан жұрты жарияланған лаңкестік қатердің «сары» деңгейінің маңыздылығын сезінбеген секілді.
Автор: Заира Сабитова
Қамаудан қашып кеткен кәнігі қылмыскер, көшедегі қаруланған мас адам – осының бәрі еліміздің қауіпті жағдайда, «сары» деңгейде тұрып жатыр деген түсінікке қабыспайды. Алматы – үлкен шаһар. Жақында ғана, 18 шілдеде Алматы қаласында бірнеше сағатқа болсын ең жоғарғы - «қызыл» деңгей жарияланғаны естеріңізде ме?
Әңгіме 29 жастағы араққа сылқия тойып алған бұзақы туралы болып отыр. Қолында пневматикалық қару болғанын қарапайым тұрғындар қайдан білсін. Әйтеуір жанжалқой «кекшілді» жылдам «ауыздықтап», участокке жеткізді.
Іле-шала тағы оқыс оқиға – сот залынан қауіпті қылмыскер қашып кетті. 29 шілдеде (Д. Досмағамбетов) Алматы қаласының Медеу аудандық сотына сот шешімін мақұлдау үшін жеткізілген болатын. Ғимаратта жөндеу (дәнекерлеу) жұмыстары жүргізіліп жатыпты. Қарауылшылар оны күдіктілер отыратын камераға кіргізіп, құлыптап жаппай, тек есікке кісен іле салған. Ары қарай оқиға кәдімгі атыс-шабыс кинодағыдай өрбіді. Досмағамбетов «білезікті» ажыратып, қашып кетті. Оны 1 шілдеде ұстады. Бұл оқиға туралы саясаттанушы Досым Сәтбаев былай дейді:
«Бұл шын мәнісінде, тіпті билік өкілдері мен күш құрылымдарының «сары» деңгей жағдайында тууы мүмкін қауіп-қатерге, әр жүргізілетін іс-шараға аса ұқыптылық, қырағылық, күшейтілген күзет қажет екенін жете түсінбегенін білдірсе керек.
Күш құрылымдары өкілдеріне жөнді нұсқау беріліп, түсіндірілмеген. Олар тіпті мұндай деңгейде өзін-өзі қалай ұстау керектігін білмеуі де мүмкін. Алматыда жақында ғана орын алған оқыс оқиғалардан соң содан сабақ алуы тиіс еді. Бұл – естен шығару эффектісі. Ол бізге де әсер етіп жатыр. Ойлап қарасақ, қылмыскер қамаудан сот залына жеткізілетін жолда емес, ғимараттың ішінде отырған жерден қашып кетті! Аса қауіпті қылмыскерлер қандай жағдайда қашып кетеді және оның себептері қандай деген сұрақ туады. Осыдан бірнеше жыл бұрын экстремизм және терроризм бабымен сотталған адам түрмеден қашып кету оқиғасы орын алған болатын. Осының бәрінен еш нәтиже шығара алмай отырмыз», - деді Сәтбаев.
Сонымен, «сары» деңгей дегеніміз не?
Бұл қарапайым азаматтарға арналған нұсқама. Ал күш құрылымдарына арналған нұсқама туралы не білеміз?
«Елімізде қандай да бір түстің деңгейі жарияланса, ол біздің қауіпсіздігімізге кепілдік береді деген сөз емес. Мұнда да формальдылықты көріп отырмыз! «Қызыл» деңгей - үлкен қауіп-қатер екенін көбісі түсінді. Ал сары түс – қауіптіліктің төменгі деңгейі. Бірақ тұрғындармен жұмыс бұлай жүргізілмеуі керек. Өйткені мемлекет бұндай қауіптілік түсінің деңгейін жариялағанда халыққа толық ақпарат беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуі шарт. Біріншіден, қызыл мен сарының қандай айырмашылығы ба? Екіншіден, жұрттың жүріп-тұруы мен тәртібінде деңгейге қатысты қандай айырмашылық бар?
Бәлкім уақыт өте келе халық біртіндеп түсінер. Өкінішісі, лаңкестік қауіп-қатер жылдан-жылға артып барады, оны мойындау керек. Сондықтан мемлекет қоғамды ескертудің механизмдері мен құралдарын тиімді етуі тиіс. Менің ойымша, тек сары деңгейді 30 күнге жариялап қойып жайбарақат отыра бермей, адамдарға өзін-өзі ұстау моделін, қандай да бір жағдайда күш құрылымдарының қандай әрекет жасайтыны халыққа белсенді түрде түсіндірілуі тиіс. Сонда ғана жұрт деңгейге жауапкершілікпен қарап, бұның жай сөз емес екенін түсінеді», - дейді саясаттанушы.
Жалпы жауапкершілік – бұл халық тарапынан ғана түсінушілік емес, сонымен бірге күш құрылымдары өкілдерінің қазіргі жағдайға деген іс-әрекеті.
Медеу аудандық сот ғимаратында болған оқыс оқиғаның себеп-салдарын енді сот шешпек. Аталмыш оқиға бүгінгі күні күш құрылымдарының деңгейге деген деңгейін көрсетіп отыр.