Теңгенің құнсыздануы: қалай өмір сүреміз...
Доллардан не күтеміз? Мұнай бағасы қандай болмақ? Теңгенің құнсыздануы еліміздегі тауарлар мен қызмет көрсету бағасына әсер ете ме?
Автор: Заира Сабитова
Доллар бағамы өсуін жалғастыруда – 360 теңге! Кейбір болжам бойынша 380-ге дейін өсуі мүмкін.
Экономист Айдархан Құсайынов байбалам салмауға шақырады. Оның айтуынша, күрт девальвация болмайды, өйткені қазір ұлттық валюта бағамы тепе-теңдікте, оның ауытқуы – еліміз таңдаған ақша-несиелік саясат үшін қалыпты.
«Дүрлікпеңіздер. Теңге бағамы бірқалыпты. Сәл ауытқу - еркіне жіберілген бағам үшін қалыпты үрдіс. Бағамы 500 немесе 1000 болады деген – бостекі сөздер. Бағам ұзақ уақыт бойы ұсталынып тұрып 1,5-2 есе күрт девальвацияға ұшыраған жағымсыз кезең жұрттың көңіліне кірбің қалдырған. Қазір бағам қалыпты», - деп сендірді ол.
«Мұнай бағасы туралы айтсақ, қазір рынок қайшылыққа толы және тұрақты емес. Бұлай бола берсе, мұнай баррелі 40-45 доллар болады. Бұдан әрі түспейді. Дегенмен қазіргі қаржы нарығындағы жағдай тұрақсыз. Үлкен түзетулер енгізілуі мүмкін, сонда да ауқымды түзетулердің Қазақстан үшін пайдасы бар. Дағдарысты ұлттық валютаның девальвациясымен үнемі байланыстыра беруге болмайды. Ол тепе-теңдікте және болашақта құнсызданады деп ойламаймын», - деді Айдархан Құсайынов.
Ал экономист Жарас Ахметов мұнай бағасы туралы былай деді:
- Егер ұсыныс сұраныстан артса, баға төмендейді. Естеріңізде болар, мамыр айында күтпеген жағдай орын алған болатын: содырлардың Нигериядағы мұнай өндірушілерге шабуылы, Канадағы орман өрттері – мұнай өнеркәсібіне әсер етті. Осының бәрі ұсыныстың кемуіне әкеліп, шамамен тәулігіне 800 мың баррель болып, бағаны сәл көтерді. Өрт ауыздықталды, содырларды басты, ұсыныс нарыққа қайта оралды. Сондай-ақ Иран экспортты ұлғайтуда. Қазір ұсыныс сұраныстан жоғары болғандықтан, мұнай бағасы төмендеуде. Жыл соңына дейін баррель үшін 35-40 доллар болуы мүмкін. Бәлкім біраз уақыт аралығында 35 доллардан төмен түсуі де ғажап емес.
«Теңгенің құнсыздануы еліміздегі тауар бағасына бірден әсер етпейді. Дегенмен бұл азаматтардың әрекетіне байланысты: доллар бағамының төңірегінде азық-түлікке қатысты айғай-шу жасап, жанталасып үйіп-төгіп сатып ала бастаса, ол сұранымы жоқ тауар бағасының шарықтауына әкеп соғады. Валютаның әлсіреуі тұтыну тауарларының бағасына бірден әсер етпейді. Ол үшін ұзақ уақыт қажет. Іс жүзінде оны бақылау мүмкін емес. Сондықтан девальвация бағаға онша тікелей әсер етпейді, ол тек жұрттың көңіл-күйіне жанама ықпалы болуы мүмкін», - дейді Жарас Ахметов.
Белгілі блогер және экономика шолушысы Денис Кривошеев:
- Қазақстаннның саясаты әзірге түсініксіз. Ұлттық банкпен нарықты сорып алу идеясынан түк шықпады, кәсіпкерлікті жандандыру қолдан келмей жатыр – экономикалық құлдырау жүріп жатыр. Сондықтан бұл жағдайда теңгенің соңғы 380-ге дейін көтерілуі күтілмек. Қазір нарыққа жылжымайтын мүлік қатты қысым көрсетуде. Енді жылжымайтын мүлік құнының түсуін көреміз. Себебі, Алматыда әр шаршы метр шамамен 500 доллар тұруы мүмкін. Сәйкесінше, жалға алу да арзандайды, өйткені ол сауда жасау мен жұмыс күшіне ықпал етеді. Жоғары жалақыны нені белгілейді – қаладағы қымбат өмірді! Адам ішетін тамағы мен жалға төлеу құнынан төмен жалақы ала алмайды. Сол себепті таяуда жылжымайтын мүлік бағасының түзетілуі күтіледі. Біз бірыңғайланамыз. Жеке өз басым экономиканың қалпына келтіріліп келе жатқанын байқаймын. Ол саусағын қимылдатпай рахат өмір сүріп үйренген адамдар және қаперсіз өмір сүруге еті үйренген мемлекет үшін өте қиын. Бірақ бұл шара сөзсіз қажет.