{metadescription}
Дайын болыңыз: оқулықтардың бағасы қанша?

Дайын болыңыз: оқулықтардың бағасы қанша?

Құрметті ата-аналар! Балаңызды мектепке сақадай-сай етіп дайындау үшін қанша ақша жұмсалады және қосымша оқулықтардың бағасы қандай? Міне, қосымша оқу құралдарының бағасына көз жүгіртейік.  

Жаңа оқу жылына небәрі 10-ақ күн қалды. Әзірге мектептер оқулық қоры толтырылып жатқанда, ата-аналар сынып жетекшісі ұсынған  тізіммен  базар аралап жүр. Тізімде: жазу үлгісі, атлас,  контурлы карта,  жұмыс дәптерлері мен хрестоматиялар.

Осыдан бұрын оқушының киім-кешегі мен мектепке қажетті құрал-жабдықтарының бағасын жариялаған болатынбыз. Біздің есептеуімізше, баланы мектепке толық киіндіріп, қажетті жабдықпен толық қамтамасыз ету үшін орташа алғанда 80 мың теңге қажет. Енді бұған  қосымша оқулықтар тізімін қосыңыз.

Оқулықтар, оқу құралы, сондай-ақ  рұқсат етілген электронды нұсқасы және т.б. тізімі  ұзын-сонар. Қажетті оқулықтың баспасына, оның авторларына және жарық көрген жылына көңіл аударыңыз. Әр мектепте талап етілетін оқулық әр түрлі. Сондықтан алдымен мұғаліммен жолығып, қажетті оқулық туралы ақпарды бүге-шүгесіне дейін жазып алған абзал.

Әр сыныпта қосымша әдебиет сатып алынады. Біз бірінші сыныптағыларды мысалға  алып,   жазу үлгісі және жұмыс дәптерлеріне қанша ақша жұмсайтынын есептеп көрдік.

Үш бөлімнен тұратын орыс мектептеріне арналған 1 сыныптың жазу үлгісі  - 1050 теңге;

Қазақ тілі. «Жұмыс дәптері». Орыс мектебі, 1-сынып.  – 800 теңге;

Сурет сабағы.  Жұмыс дәптері №1 – 600 теңге;

Сурет сабағы. Жұмыс дәптері №2 – 600 тг;

Қазақ  тiлi. Жазу дәптері №1 – 500 тг;

Қазақ  тiлi. Жазу дәптері №2 – 500 тг;

Қазақ  тiлi. Оқыту әдістемесі – 600-850 тг;

Қазақ тілі. Aydi CD – 700 тг;

Математика. Жұмыс дәптері №1 – 600 тг;

Математика. Жұмыс дәптері №2 – 600 тг;

Дүниетану. Бақылау күнделігі – 600 тг;

Жазу үлгісі №1 – 500 тг;

Жазу үлгісі №2 – 500 тг;

Әліппе серігі – 850 тг;

Еңбекке баулу. Жұмыс дәптері №1 – 600 тг;

Еңбекке баулу. Жұмыс дәптері №2 – 600 тг;

English 1. Жұмыс дәптері – 850 тг:

 Барлығы: 6000-7500 мың теңге. Едәуір сома.

Ал ересек балаларға арналған қосымша әдебиет тізімі азырақ. Атлас, контур картасы бөлек және жинақтап сатылады, сондай-ақ физика, химия, информатика, биология  пәндерінің жұмыс дәптерлері.

Жаратылыстану атласы, 5 сынып – 900;

Қазақстан тарихы атласы, 6 сынып – 500 теңге;

Дүниежүзі тарихы атласы  7 сынып – 430 теңге;

Қазақстан тарихы атласы, 8 сынып – 390 теңге;

Қазақстан географиясы атласы, 9 сынып – 590 теңге;

Физикадан жұмыс дәптері, 9 сынып – 560 теңге;

Химиядан жұмыс дәптері,  9 сынып – 560 теңге;

Контур картасы –  140 теңгеден бастап;

Орташа бағамен алғанда жинақ 4500 - 5000 теңге тұрады. Ол сатып алған жеріңізге байланысты (базар, дүкен).

Айтпақшы, оқу құралдарының  тиражы шектеулі. Ол 1 қыркүйекке таман мектепте бекітілген тізім берілгенге  дейін  кітап дүкендерінде таусылып қалуы мүмкін. Онда базардағы алыпсатарлардың қолынан бір-бір жарым есе көп бағаға сатып алуға мәжбүр боласыз. Алыпсатарлар түпнұсқасынан  скан жасап,  тиражын арттыруға жанын салады.  

Байқаған боларсыз, қазір тек қосымша әдебиет туралы айтып отырмыз. Оқулықтарды да сатып алуды естен шығармайық. Министрлік жыл сайын оқулықпен толық қамтамасыз етілді деп есеп бергенімен, ата-аналардың оқулық іздеп шарқ ұрып жүретіні жасырын емес, бұл  жыл сайын қайталанатын үрдіс. Кейбір мектептер  оқулық бәріне жететініне  күмәнмен қарап отыр. Әсересе жоғары сынып оқушыларына. Сондықтан негізгі оқулықтар алуға да ақшаңыз дайын болсын.

ҚР Ғылым және білім министрлігі аталмыш жағдайдан хабардар, тіпті оқулықтардың электрондық форматын ұсынбақ болды. ҒБМ Ғылым және білім саласын бақылау комитетінің төрағасы Саят Нюсуповтың айтуынша,  барлық баспалардағы оқулықтар  «Учебник» интернет-ресурс орталығында  ұсынылады, яғни қолжетімді. 

Дегенмен жанымыз жай табуға әлі ерте. «Учебник»  Республикалық ғылыми- тәжірибелік орталығы директорының орынбасары қызметін атқарушы Саят Омаров аталмыш тәжірибені іс жүзінде жүзеге асыру қиынға соғып отырғанын  жасырмады.  

«Оқулықтардың элкрондық нұсқасын интернет-ресурқа салу техникалық және құқықтық тұрғыдан шешімін табуды қажет етеді. Оқулықтарды өзіне сай электрондық форматқа енгізу қажет. Мысалы, e-ink экранды құрылғыға икемделуі тиіс. Мәселенің құқықтық тұрғыдан  қыры авторлық құқықты қорғаумен байланысты.

2016 жылы қыркүйекте бірінші сынып оқушылары жаңа оқулықтар алады. Оқулық шығарушылар («Алматыкітап», «Атамұра», «Express Publishing және «НИШ» баспалары) авторлық құқықтарын ҚР Ғылым және білім министрлігіне беруге келісімін берді. Келешекте аталмыш оқулықтар  интернет-ресурстар арқылы қолжетімді болмақ.

Бұл бағыттағы жұмыс енді ғана бастауын алды. Сол себепті оқулықтардың электрондық форматы туралы, оны ақылы жүктеп, көшіріп алу туралы айту әлі ерте», - деді ол. КТК арнасының ресми сауалына.

Ресми жауаптағы «ақылы» сөзіне көңіл аударған боларсыз? Демек, «кітапханадан алды» форматындағы тегін қамтамасыз ету үрдісіне үміт жоқ.  Электрондық форматта да «жалға алу» түсінігі болатынын естен шығармайық.

Демек, министрліктің идеясынан бастап, оның жүзеге асырылуы арасында бірнеше шешілмеген түйткілдер бар. Сондықтан таптырмайтын оқулықтарды компьютердің алдында отырып тық еткізіп ала салуды әзірге армандамай-ақ қоялық. Ал әзірге, биылғы оқу жылында барлық мектеп оқулықтармен толық қамтамасыз етіле ме, жоқ па, оны  уақыт көрсетеді.  Шенеуніктер қайта басып шығарылған оқулықтар бәріне жетеді деп отыр. Сенгіміз-ақ келеді. Өткен жылдардағы оқулықтарда жіберліген дөрекі қателер де түзетіліп, енді қайталанбайды деп сенеміз. Бұл тақырыпты келесі материалдарымызда талқылаймыз. 

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде