Баламызды бәле-жаладан қалай қорғаймыз?
Балалар алаңқайының жай-күйіне назар аударып көрдіңіз бе? Жерде шашылып жатқан инелі шприц, мүшеқаптар, сынған шөлмектер және тағы да басқа қоқыс Алматы ауласының «керемет» көрінісіне айналып барады. Ойын баласының әуестігін ескерсек, жоғарыда айтылған қоқыстар бала денсаулығын айтпағанда, тағдырына қауіп төндіріп тұр.
Автор: Заира Сабитова
Соңғы дерек: жақында аулада ойнап жүрген бала нашақор қолданған инелі шприцпен қолын түйреп алды. Бұл мәселеге тәртіп сақшылары да шарасыздық танытып отыр. Себебі, жезөкшелер мен нашақорлар түн жамыла аулаға жиналғанды әдетке айналдырған.
Аталмыш мәселе жайында Алматы қаласы қоғам белсенділерінің пікірін сұрап көрдік.
Сонымен, Оңтүстік астанадағы тығыз орналасқан тұрғын үйлердің ауласын қалай бақылауға болады?
Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Александр Белянов:
«Мәселе - учаскелік полицейлер өзіне жауапты аумақты күндіз-түні күзетпейді. Бұл мәселені бірнеше рет көтердік. Оларды түрлі концерттерге, стадионға - мәдени іс-шараларға шақырады екен. Тәртіп сақшылары жетіспейтін көрінеді. Парламентке, Мәжіліске, ІІМ-не штатты ұлғайту қажеттігі мәселесін қою керек. Ал наркобизнеспен күрес басқармасы туралы айтар болсам, онда ауданды жетік білмейтін, нашақорларды білмейтін кілең жастар отыр. Менің ойымша, бұған зейнеткерлерді, еңбегі сіңген бұрынғы кәнігі қызметкерлерді тарту керек. Олар ақысыз тәлімгерлік жүргізсе дұрыс болар еді».
Заңгер Юрий Юрин:
«Жезөкшелер мен нашақорлар проблемасы бұрыннан бар. Қанша шаралар өткізілгенімен, өзгерген түк жоқ. Баяғы жартас – сол жартас: нашақорлар құрып кеткен жоқ (демек, «тауар» дер кезінде жеткізіліп тұр), жыныстық қатынас сатылады,(демек, «бизнесті» ұйымдастыруға сұраныс бар). Осыдан 5-6 жыл бұрын Сайын көшесіндегі «түнгі көбелектер» есіңіз де ме? Жезөкшелер көшеде кетіп бара жатқан адамдардың мазасын алатын. Қазір жезөкшелер ол жерде жоқ. Міне, ерік-жігер болса тәртіп орнатуға болады. Ал мына жағдайға құлықсыздық танытылып отыр. Полицияның көмегіне жүгінбек болған тұрғындарға айтарым: фактілерді жапай жариялап отырыңыздар. Нашақорлар мен жезөкшелермен күресу үшін тікелей байланысқа шықпаңдар, бәлесінен аулақ. Аулада жезөкшелер мен нашақорды көрген сайын полиция (тел 102 – ред.) мен патруль экипажын ерінбей шақыртыңдар. Олар өз тарапынан іс-шара қолданады. Тұрғындардың өз бетімен әрекет жасағаны қауіпті, себебі есірткіден есі ауысқан даамнан бәрін күтуге болады».
«Ұлағатты жанұя» қорының жетекшісі Марианна Гурина:
«Тұрғындар тарапынан наразылық, талап-тілек – мұқият толтырылған құжат түрінде болуы керек. Егер наразы азаматтар қаланың ІІД басшысына арыз жазуға бастама көтерсе – құп. Жоғарыда айтылған оқиға (нашақор қолданған шприц – ред.) кез келген қалада, ауданда, аулада қайталануы мүмкін. Сондықтан тап қазір шу көтеріп, азаматтар қолын жинап, тиісті органға хат жазуы тиіс. Бұл жерде тұрғындар бастама көтеріп, шұғыл іс-әрекет жасағаны маңызды. Қазақстандықтарға арналған «Соседский присмотр» бағдарламасы бар. Ол күдік тудырған әр оқиғаны құқыққорғау органдарына хабарлап отырады».
Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Дана Шаяхмет:
«Технологиялар мен ауқымдылық, яғни, барлық әлеуметтік желілер мен меморгандардың блогтарына жазып, атой салу керек. Бұл қоғамды дүрліктіріп, биліктегілерді тиісінше әрекет етуге мәжбүрлейді. Құқыққорғау органдары жезөкшелік, нашақорлықты жою үшін белгілі бір іс-шаралар, әрине, жүргізеді. Бірақ ол күрделі процесс, ол біз – қоғам және билік тарапынан көңіл аударуды талап етеді. Сол себепті, құқыққорғау органдарына үздіксіз арыз жазып, әкімнің парақшасына, әлеуметтік желілерге жаппай жариялап, көпшілік назарын аудару керек. Қоғам неғұрлым қатты шулаған сайын, билік те соғұрлым көңіл аударатын болады».
Қызық! Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтып, тәртіп орнату үшін қоғамдық белсенділік қажет екен. Ешкімнің көңіліне келмесін, дегенмен заң сақшыларының көзі мен құлағы бар емес пе, соны тиімді пайдалануға болады ғой. Тиісінше, бұдан қандай тұжырым туады?
Дұрыс! Тәртіп сақшыларының «соқыр-мылқау» болғаны өздеріне ыңғайлы сияқты. Әлде құлықсыздық жалқаулықпен ұштасып жатыр ма...