{metadescription}
Үйде оқыту: білім берудің баламалы әдісі тиімді ме?

Үйде оқыту: білім берудің баламалы әдісі тиімді ме?

Онлайн оқу оқып, пошта арқылы диплом алу ең оңай тәсіл. Алайда елдегі білім беру жүйесінде әлі дәстүрлі тәсіл үстемдік етуде. Шетелдік бірқатар елдерде білім берудің баламалы әдісіне көшкен, яғни тақтаға шығарып, күн сайын сабақ сұрап баға қоятын мұғалімдерден баяғыда бас тартыпты. Мұндай тәсіл тиімді ме?

АҚШ, Канада, Жапония, Чехия және Австралияда үйде білім беру немесе экстернат түрінде оқыту тәсілі қолданылады. Посткеңестік Украина, Беларусь, Өзбекстан, Ресей, Молдовада да аталмыш жүйе  жүзеге асырылуда.

Қазақстанда  білім берудің баламалы тәсілі  әлі дамымай келеді,  ал заң бойынша аталмыш әдіске  не қолдау көрсетілмеген, не тыйым салынбаған. Үйде оқуға тек сал ауруына ұшыраған, онкологиялық және т.б. ауыр науқастар ғана құқылы. Ал басқалары міндетті түрде мектепке баруы тиіс. КТК арнасының тілшісі құзырлы мамандардан осы мәселе төңірегінде сұрастырды. Төменде білім берудің баламалы тәсілі дұрыс немесе бұрыс деген дәлелдерді ұсынамыз.   

Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің бұрынғы депутаты, ҚР Білім және ғылым министрлігінің экс-вице-министрі:

"Бала мектепке міндетті түрде баруы тиіс!  Әйтпесе айналасындағылармен қарым-қатынас  жасауда және білімін қолдануда  қиындық туындайды. Мектепке барып сабақ оқу тек қажетті білім, ақпар алумен шектелмейді.  Мектепте адамдармен араласуға машықтанып, тәжірибе алады,  құзыреттілік пайда болады.  Қазір интернет арқылы кез келген оқулықты, сабақты қарау қолжетімді. Бірақ  қазіргі міндет «біліп, түсініп, қолдануда» емес – біліп, түсініп, қолданып, саралап, жаңа білімді жинақтап, оған баға бере білуде!  Білім беру үрдісінде бірқатар қосымша кезең пайда болды,  оны өздігімен меңгеру өте қиын. Ал үйде отырып оқу – баланың жеке тұлға болып қалыптасуын шектейді. Мұндай баланың  болашақта әлеуметтік ортаға бейімделуі қиын. Оның мүддесі қоғамдық мүддемен сәйкес келмеуі мүмкін. 

Үйде оқыту қазір де, болашақта да тиімсіз! Тәжірибе жасаушылар өздерінің белгілі бір жүргізген әдістерімен бұл тиімді деп дәлелдеуі мүмкін, бірақ жаппай қолданған кезде балаларға кері әсері болады.  Мысалы, үйде отырып физика, химия, шет тілі мамандарын қайдан табасың?  Ең ақылды деген ата-ананың өзінде  жан-жақты білімі жоқ.  Егер ата-анасы баламалы тәсілді қолданғысы келсе, онда қосымша сабақтарға жазсын.  Дәстүрлі мектеп бағдарламасына көңілі толмаса, баласын ақылы мектепке апарсын".  

Оксана Гулак, психолог:

"Үйде отырып білім алған дұрысдеп жар салса да,  баланың адамдармен араласып кетуіне кері әсерін тигізеді. Менің ойымша, үйде білім алу қарым-қатынасқа, байланысқа, коммуникацияға шектеу қояды.  Баланы үйде қамап ұстаған дұрыс емес,  ол балалармен араласудан қауіптенетін болады да – алған білімі өзіне қарсы жұмыс істеуі мүмкін.  Бала неғұрлым аз араласқан сайын,  соғұрлым психикалық және физикалық ерекшеліктері көбейе түседі. Мектепке тек білім алу үшін ғана бармайды, ол жерде  өзін қоғамға бейімдеп, адамдармен қарым-қатынас жасап үйренеді. Бұл өте маңызды. Қыздар мен ұлдар   еркек пен әйелдің қоғамдағы рөлін таниды. Сөйтіп еркек немес  әйел жынысының сәйкестілігін қалыптастырады.   Көп адам бар жерде жүріп өзінің мүмкіндіктері ашылады, ал үйде отырып білім алған бала өзін түрлі рөлде сомдай алмай,  құрдастарымен араласқанда түсінбеушілік тудырады.

Үйде білім алудың бір ұтымды тұсы – жеке сабақ арқылы білімін тереңдету. Дұрыс тұсы – интеллектуалды, когнитивтік мінез. Яғни, интеллектуалды  дамып, білім алады, бірақ, психолог ретінде айтарым, мұнда эмоционалды даму болмайды. Ол өте маңызды. Үйдегі жалғыз бала мектепте қасындағылармен бірге көпшілікке кіріп, бәсекелестікке үйренеді. Сондықтан баланың өзге балалардың арасында өзін қалыпты сезінуі тиіс".  

Алматы қаласында баласын үйде оқытып жатқан отбасылар  бар екен. Ата-анасынан үйде сабақты қалай өтіп жатқанын сұрап едік, әңгімеміз жараспады.   Бірақ аталмыш тәсілмен оқытып жатқан  украиндық отбасымен сөйлестік.

Киевтегі үйде оқыту баламалы тәсілді мектептің оқытушысы Анна Ионова:

"Бізде мектепке де келіп, үйде де отырып оқытылады. Әр түрлі жастағы балалар 8-12 баладан әр топқа бөлінген. Таңертең мемлекеттік бағдарлама бойынша негізгі пәндер оқытылады, түстен кейін кросс пәндерден сабақ жүргізіледі; мысалы, математиканың географиямен байланысы, тарихтың биологиямен және т.б.  Мұндай мектепте оқудың жылдық құны теңгеге шаққанда - 600 мың.
Негізгі сабақ – басты бағдарлама, бірақ оқыту амалы ерекше. Мұғалім сабақты практика жүзінде өткізеді. Мәселен, украин тілі пәнінде оқушылар оқулықпен жұмыс істемейді, еркін мәтін жазып, соның негізінде  грамматика, фонетика үйретіледі. Айта кету керек, оқушылар өз жазғанымен жұмыс істегенді ұнатады.

Бір мектепте 30-40 баладан. Дәстүрлі мектептен  өзгешелігі – баға қойылмайды, ол тек аттестацияда, емтихан тапсырғанда ғана қойылады. Ал оқу кезде мұғалімі оның сабақты қалай орындағанын айтумен шектеледі. Бір-бірімен салыстырып, нәтижесін алдыңғы аптадағы жұмыстарымен салыстырып оытрады. Сол арқылы оқушы  жетістігін байқап, өзін жаман сезінбейді. Яғни, мақсат – білім алуда емес, жан-жақты дамытылуға көзделген.

Біз баланың көп білгенін, жасқаншақ, өтірікші, ұялшақ болғанын қаламаймыз. Қабілетін ашуға тырысамыз. Мысалы, математика сурет сабағынан маңыздырақ деп басын қатырмаймыз. Үйде білім алудың артықшылығы – әр балаға жеке тіл табу. Үйде оқыған балада белгілі бір тәртіп қалыстасады. Яғни, бала екі алып, оны жою үшін оқымайды, білімін жетілдіруге өз бетімен ынталанады, сөйтіп ерік-жігері, күші дамытылады".

Алла Ярмухамедова, жоғары санаттағы оқытушы:

"Қашықтықтағы оқыту, экстернат – дәстүрлі  оқытуға жетпейді. Қашықтықтан оқытуда «педагог  бала» байланысы аз. Оқушы скайп арқылы білімін жеткізер, хат арқылы араласар. Бірақ, оқытушы оқушының өзін, көзін, оның ерекшелігін көре алмайды. Сондықтан «мұғалім-оқушы» қарым-қатынасы өте маңызды".

Отандық білім беру жүйесі қазір қоғамда қызу талқылануда. Бірқатар алматылықтар баламалы оқу әдісін құптап, талас-тартыс одан әрі қызды. Білім берудің баламалы әдісінің тетігі әлі қаланбаған. Дегенмен білім министрлігі  аталмыш тәсілден қашып құтылмайтын сыңайлы. Үйде білім алу қол жетпейтін арман емес. Ерте ме, кеш пе, бұл да тәжірибеге енгізілер. Ол сіз бен біздің сұранысымыз бен талабымызға байланысты...

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде