Әділ әкімнің әлегі - Қаратас ауылындағы оба!
Қабырғаңды қайыстыратын, қабағынан қар жауған отандық картинаны көруге мүмкіндік туды!
Автор: Заира Сабитова
Әділхан Ержановтың сюрреалистік тәмсілі – «Қаратас ауылындағы оба» картинасы «Еуразия» кинофестивалінің бағдарламасына енді.
Отандық режиссер Әділхан Ержановтың партизандық тәмсіл-фильмі «Қаратас ауылындағы оба» - көрермендерді әр дәуірден жиналған кейіпкерлердің ерекші дүниесіне апарады.
Жас, өршіл мінезді реформашыл әкім шалғай ауылға келіп қызметіне сыбана кіріседі. Тап осы жерде «қызықтың көкесі» басталады. Жаңа әкімді ауылда орта ғасырлық обаға ұқсас сұмдық ауру қарсы алды.
Жалпақ жұртқа бұндай індетті жариялауға жүрегі дауаламайды. Бұрынғы әкім мен ауыл дәрігері вакцинацияға бөлінген бюджет қаржысын аямай оңды-солды жұмсаған. Еш қайыр жоқ, тұрғындар есінен айырылып, қырылып жатыр. Бет-аузын тұмшалап алған емшілер мерт болған адамдардың мүрдесін жинап үлгере алмауда. Жергілікті тұрғындар адам шошитын бетперде киіп, жерлеу салтында билеп жүр. Бір сөзбен айтқанда, айналада адам төзгісіз бейберекетсіздік. Аурухананың еденінде су жайылып жатыр. Қираған дүние-мүлік.
Мұндай сұмдықтан жас әкімнің төбе шашы тік тұрып, не істерін білмей басы қатады. Жағдайды ретке келтіру үшін бастықтарының үйреншікті бұйрығына бағынбай, қарсы әрекет жасай бастады. Тіпті оны үлкен шенділер «қажетті» құжатқа қол қойдыру үшін зорлықпен мәжбүрлеуге дейін барады...
Фильмнің сюжеті мол қаражат жинайтын блокбастерге қарама-қайшы, демек көпшіліктің қызығушылығын тудыра алмауы да мүмкін. Оқиға тас қараңғыда өрбиді, ал кейіпкерлердің бет-әлпеті мен әрекетін тек жағылған от пен майшамның жарығынан көреміз. Күннің сәулесі тек 80-минуттық фильмнің соңында ғана көрінеді. Арнайы әсер беретін – көлбеңдеген көлеңкелер. Саундтректің орнына тақылдаған барабан, халықтың зары, тамшылаған су. Соған қарамастан, әр кадр метафора мен таңбаларға толы. Алуан құбылыстарды әркім өзінше жориды. Сондықтан мұндағы оба – елімізде уыты жайылған сыбайластық жемқорлықтың нышаны деп топшалаймыз. Фильмдегі қара түнек – қазақстандық қоғамдағы ахуалдың метафорасы. Сондай-ақ, нышандардан бөлек, кинолентада еліміздің шынайылығына, ірі және маңызды оқиғаларына қайырма сілтеме бар.
«Қаратас ауылындағы оба» биыл ақпан айында Роттердамда болған кинофестивальдің байқауында «Үздік Азия фильмі» болып танылып, NETPAC сыйлағаны ие болды. Бұған дейін The Calvert Journal британдық журналы аталмыш картинаны 2016 жылы күтілетін ТОП-5 топтамасына енгізген.
Фильмнің оперкаторы Едіге Несіпбеков, продюсері – Серік Әбішев. Басты рөлді Арыслан Ақұбаев және Мұрат Махан сомдады.
Картина Алматыда 24-30 қыркүйек аралығында өтетін XII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінде көрсетіледі.
«Оба» көрерменді сескендірсе де, терең ой «жұқтыруы» мүмкін. Түнеріңкі фильм. Бас кейіпкердің жан тәсілім болғаны жаныңды тіпті жабыңқыратып жібереді. Біреуге ой салар, біреуге дақ салар.
Режиссер Ержанов қоғамға диагноз қойды деп те айтуы мүмкін. Не болса да, әр көрермен өз ой елегінен өткізіп, дертінен айығар. Мұндай кино елімізде болған емес. Сол себепті де ешкімді бей-жай қалдырамайтыны анық.