СОЙЫЛ СОҒАР: Соры қайнап соңғы үмітінен айырылғандар...
Өзін-өзі өртеді, денесіне зақым келтірді, аштық жариялады... Әбден соры қайнап, өмірден қажып, жүні жығылып, соңғы үмітінен айырылған жандардың әділеттік таппай өзіне қол салуына етіміз үйреніп барады! Бұл – сұмдық!
Автор: Заира Сабитова
Заңсыздық пен әділетсіздік – адамды дәрменсіздікке жеткізіп, өзіне қол салуға жеткізетін басты себеп, - дейді қоғам белсенділері мен заңгерлер.
Қысқаша дерек:
2011 жылдың мамыр айында 46 жастағы тараздық тұрғын ипотекаға алған үйінің қарызын жаба алмай өзін-өзі өртеп, үйінің төбесінен секіріп кетті.
2011 жылдың маусымында Ақтөбе облысында 43 жастағы азамат үстіне спирт құйып, өзін-өзі өртеді.
2011 жылдың тамызында Алматыда 45 жастағы Кенжегүл Қалдыбекова үйінен қуылып жатқан кезде үстіне керосин құйып өзін өртеп жіберді.
Былтыр қазан айында 20 жастағы Ерлан Бектібаев Тараз қаласындағы «Нұр Отан» ғимаратының тап алдында өзін өртеп, сол жерде жан тәсілім етті.
2009 жылы алматылық Тахиржан Ахметов сот орындаушыларының әрекетсіздігінен наразылық акциясын жасады. Кәсіпкер сол қолының шылдыр шүмек саусағын кесіп тастады. Ал бір жыл бұрын ол тап сондай күйде кішкене саусағын кескен.
Бұл адамдар шындық таба алмай, тығырықтан шығудың жалғыз амалын тапты. Өзге жолдан күдерін үзді...
Аштық жариялағандар:
2014 жылы шілдеде Алматыдағы соқырларға арналған оқу-өндірістік кәсіпорнының қызметкерлері басшылыққа наразылық ретінде аштық жариялады.
2015 жылы Ақтауда жетімдер үйінің түлектері, 12 адам жергілікті биліктен жұмыс талап етіп аштық жариялады.
2014 жылы Өскеменде Тарасовтар отбасы ұлдарының өліміне байланысты қылмыстық іс қозғауды талап етіп орталық алаңда аштық жариялады.
2012 жылдың қазан айында Ақтауда жұмыс пен баспанадан таршылық көрген жетімдер үйінің түлектері аштық жариялады. Заң бойынша берілуі тиіс пәтерлге қол жеткізбедік деген 6 бала осылайша наразылық танытты.
Сондай-ақ, жақында Алматы түрмесінде зорланған Наталья Слекишина қысым көрген соң қорғаушыдан бас тартқан болатын. Бұдан бұрын ол адвокаттың қызметіне мұқтаж емеспін деп сәлемдеме айтқан еді. Кейін бұған мәжбүрлі түрде барғанын мәлімдеп, түрмедегі теперішке шыдамай аштық жариялады.
«Ұлағатты жанұя» қорының жетекшісі Марианна Гуринаның айтуынша, Слекишинаны мәжбүр қылған түрме қызметкерлері тарапынан көрсетілген қысым мен қоқан-лоққы. Бұл туралы Натальяның адвокаты Айман Омарова әлеуметтік желідегі парақшасына жазып жар болған болатын.
«Ұлағатты жанұя» қорының жетекшісі Марианна Гурина:
«Слекишина ісі» де қоғамда дүрбелең тудыруда. Түрлі пікірлер бар. «Бұл – әділетсіздіктен! Айыптылар жазалансын!» деген пікір – басым. Натальяның аштық жариялауы – қоғамға, халыққа, прокуратураға тастаған үндеу! Слекишина – бала емізіп жүрген жас босанған ана! Аштығымен ол өз денсаулығына ғана емес, нәрестесінің басын қатерге тігіп отыр. Шүкір. Оқиға реттелгендей, ертесінде прокуратурадан келген жауап орындалады деп сенемін».
Адвокат Айман Омарова:
«Еліміздегі қазіргі қалыптасқан жағдайды түбегейлі өзгертудің жалғыз амалы – мекеме құрамының басшыларын толық ауыстыру! Құқықтық тетіктер жұмыс істемейді. Тығырыққа тірелген жұрт назарын өзіне аудару үшін ең соңғы әрекетке баруға мәжбүр. Бұны қалай шешеміз? Бәрін ауыстыру қажет! Сингапурдағыдай, басшылық қызметтегілерді толық ауыстыру керек. Шенеунік 10 жыл бойы бір қызметте отырып, ұжымға туыстарын жинап алған. Жалпы, адам құқығы бірінші кезекте болуы тиіс. Өз құқығымыз бен өзгенің құқығын сыйламайынша, өзгеріс болмайды. Менің ұсынарым, басшыладың бәрін жұмыстан шығарып, орнына жаңа адам алу керек!», - деп мәлімдеді Омарова.
Заңгер Сергей Уткин:
«Әділетсіздікті шешу тергеушілер, прокурор, судьяның тікелей міндеті. Ал олар жұмысын дұрыс атқара алмаса, БАҚ-тың көмегіне жүгінуге болады. Сот жүйесінде белгілі бір категория бар. Ол – қоғам назарына ілінген (резонансты). Осы категорияға ілінсе, баолық органдардың бақылауына алынады. Бізде заңсыздық төменгі деңгейде орын алады. Яғни, жоғары деңгейге әсер ету үшін ерекше оқиға болуы тиіс. Міндет – осы ерекше оқиғаға ілігу.
Кейбір жағдайда істі шешуге судья немесе қарапайым прокурор дәрменсіз. Тек жоғарыдан тоқтатуға болады. Бірақ жоғарыға жеткізу де оңай емес. Сондықтан мен радикалды шараны қолдамаймын. Тек БАҚ, ток-шоу,жаңалықтар арқылы проблеманы көтерген жөн. БАҚ – әділеттікке жетелейтін арна», – дейді Уткин.
Құзыреттілік туралы айтар болсақ, қазақстандық сот төрелігіне сенім азайған. Біреуі өз басына түскен жағдаймен көзі жетсе, екіншісі сыртынан бақылап, осындай тоқтамға келген. Қызығы, бұны ҚР Жоғары сотының төрағасы Қайрат Мәмидің өзі жартылай растады. Ол интернет-конференцияда кадрлар құрамын жаңарту туралы айтып өтті.
«Сот төрелігін ең лайықты және дайындығы мықты, жоғары моральдық ұстанымы бар заңгерлер жүзеге асыруы тиіс. Біз осы идеалға талпынып жатырмыз», - деді Қайрат Мәми.
Әрине, кемшілігі көп қоғамда мінсіз болу оңай емес. Бастысы, бағыт берілді. Бұл тұрғыда Мәми мырзаны қолдамасқа болмайды.
Судьяның жауапкершілігі прокурор мен полицейліктен әлдеқайда жоғары болуы тиіс. Бұл қызметкерлер сотқа тартылған азаматты жетектеп жеткізеді, ал судья адамның тағдырын шешеді. Әділетті сот адамның болашаққа деген сенімін оятады. Және бейбіт өмірде саусағын кесіп, өзін өртеп, аштық жариялауға итермелемейді...