Билік алдында елпектеген шенеуніктердің көзбояушылығы тойтарыла ма?
Шыны керек, билікке жаққысы келген шенеуніктердің миға қонымсыз әрекетінен мезі болдық.
Автор: Заира Сабитова
Маңызды делегация келе жатыр десе, қалың ұйқысынан шошып оянғандай, бәз-баяғы шешімін таппай жатқан дүниені бір мезетте қалпына келтірем деп күлкілі әрекетке барады. Жергілікті шенеуніктердің жаппай көзбояушылығы қалыпты үрдіске айналып бара жатқан жоқ па?
Аязды күнде тал ағартқызып, жаңбырлы күнде асфальт төсеткізу... Жақында Қызылорда облысында құлағалы тұрған үйлерді биік қамалмен «тұмшалап» тастаған жергілікті шенеуніктердің әрекетін қалай түсінуге болады?
«Еліміздегі ахуал керемет! Қарапайым қазақстандықтардың әл-ауқаты күн сайын жақсарып келеді! Орташа жалақы үнемі өсуде, ал жұмыссыздық жыл сайын төмендеуде!» – деген есеп беруге мыңқ етпейміз, құлағымыз да үйренді. Сақау сандар қағазға қадалып, кейбіреуі мақтау естуі де мүмкін. Бірақ, бұдан «құлпырып» кеткеніміз шамалы, іс жүзінде есептегі көрсеткішке қарағанда жағдайымыз мәз емес.
Есеп беріп жаны жай тапқан атқамінерлер билік өкілдері елді-мекенге ат басын тіремек болғанда жанұшыра қимылға көшеді. Тап осы кезде жергілікті әкімдер қауырт қимылға көшеді. Коммуналдық шаруашылық орталық көшені тілмен жалағандай етіп тазалап, сапасы сын көтермейтін асфальт төсеп үлгереді.
Президент келер алдында жанталасқан қызылордалық шенеуніктердің көзбояушылығы жұрттың ашуын келтірді.
Қызылорда облысындағы Титов ауылында жөндеусіз тұрған үйлерді биік қамалмен қоршап, нағыз «Потемкин ауылын» дүниеге әкепті.
Бірақ жергілікті билік өкілдері әрекеттерін Елбасының сапарына қатысты емес деп ат-тонын ала қашып отыр. Биік қоршаулар «балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында» тұрғызылған дейді. Жақын маңда әйнек зауыты бар, (аталмыш зауытты Елбасы көрмек болып жоспарлаған), сондай-ақ үлкен жүк көліктері осы жерде қатынайтын көрінеді. Ал Титов ауылының тұрғындары тұрғызылған дуал, керісінше, кедергі келтіріп, салдарынан жүргізушілер алдында келе жатқан көлікті байқамай, жол көлік апаты жиілеп кетті деп отыр.
Қостанайда Елбасы сапарының алдында асфальтты қолмен жуып тазалапты. Әлеуметтік желі қолданушылары сол кезде жергілікті билікті әбден әжуалаған. Қалалық әкімдік бұған «техникалық ерекшелігіне байланысты учаскеге бояумен жол белгісін салу мақсатында жұмысшылар арнайы ерітіндімен шаң-тозаңнан тазалады және қолымен емес, арнайы машинамен» деп жауап берді. Ал фото бәрін теріске шығарып тұр...
Ресми сапарға қатысты күлкілі жағдай Павлодарда да көрініс тапты. Негізі, асфальтқа сызықтар мен «зебраны» күн жылыда және түнде бояған ыңғайлы. Осы жылдың наурыз айында Елбасы сапарының тап алдында тапа-тал түсте минус 10 градуста асфальтты бояған. Бояуды кептіру үшін сол учаскені жауып, қалада кептеліс жасап, ақыры тұрғындардың наразылығын тудырды. «Бояушылар» ісімен айналысып жатқанда қызыл жейделі келесі «десант» ағаштарды «көркемдеп» әктеген. Әрине, күн суықта ағаш қабығы әктасты сіңдіре алмай, соңынан коммуналдық-шаруашылық жұмысшылары оны екі-рет әктеуге мәжбүр болды.
Ал ақтөбеліктердің ресми сапарға дайындығы одан әрі асып түсті. Биыл көктемде олар жанұшыра көше тазалап қана қоймай, шалшыққа асфальт төсеген. Жазда қолы тимеген болуы керек. Мұндай асығыс «косметикалық жөндеу» қала тұрғындарының «таңдайын қақтырды». Елбасының ресми сапары туралы «қаралы» хабар жергілікті әкімдіктегілердің төбесінен таспен ұрғандай әсер бергені соншалық, олар бір түн ішінде коммуналдық және жол жөндеу мекемелерінің жұмысшыларын оятып алып қаланы безендірудің жоспарын құрып, президент жүріп өтетін орталық көшені жылан жалағандай етті.
2015 жылдың қыркүйегінде Атырауда Елбасы сапарының алдында коммуналдық мекеме Сәтбаев даңғылына көз ілеспес жылдамдықпен көгал төседі (бұрынғы көгал суарылмағандықтан шіріп кеткен). Маслопром ауданындағы үлкен гүлзарды арам шөптен арылтып, жапатармағай жолға белгі салды. Әрине, қонақ келеді дегенде әр қазақ үйін жуып-шайып тазалайды. Дегенмен қауырт жұмысты алдын ала жоспарлағанда жол кептелісі болмай, көлік жүргізушілері мен жолаушылардың мазасын кетірмеуші еді.
Жоғарыда айтылған оқиғалардың оң тұсы бар көрінеді. Белгілі блогер Денис Кривошеев былай деді:
«Менің ойымша, авторитарлық белгісі бар билік тұрғанда, мұндай күлкілі әрекеттер бола береді. Себебі, биліктің міндеті – табыс пен жетістікті көрсету. Ал табыс пен жетістік, неге екені белгісіз, бізде тазалық пен тәртіпті білдіреді. Бір жағынан біз өзімізді, тұрып жатқан жерімізді сыйламаймыз, көрінген жерге қоқыс тастап жүре береміз. Рас қой. Сондықтан, тым болмаса, Елбасы сапарының алдында жанұшыра жасалған косметикалық жөндеуге шүкір деуіміз керек. Қажетті институттар мен дұрыс жоспар болғанда, мұндай ресми сапарлар да болмас еді».
Жарайды. Қақаған аязда әктелген қарағаштар мен шалшыққа төселген асфальтқа етіміз үйренді. Бірақ, жеңіл жөндеу жасамай, үйді биік дуалмен қоршап тастаған қызылордалық шенеуніктердің әрекеті көзбояушылықтың өзін шаң қаптырды. Ал тап қазір, осыны оқып отырғанда....қымбат жиһазды үлкен кабинеттерде «керемет» деп берілген есептер мен баяндамалар жатыр...
Басымыз аман, жанымыз тыныш болсын, шүкір, шүкір...