Қазақ көрермені: Кинопрокатшылардың шабына шоқ түсті ме?
Қазақ көрермені үшін жағымды жаңалық. 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде көрсетілетін шетелдік фильмдер толық қазақша тәржімалануы тиіс. Әрине, Парламент мақұлдаса.
Автор: Заира Сабитова
Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильяновтің айтуынша, дубляжға көп шығын кететіндіктен кинотеатрлар киноны орыс тілінде көрсетуді әдетке айналдырған. Бұл өз кезегінде ресми тілді түсінбейтін, қазақ тілді көрерменнің құқығын бұзып отыр.
Бұл талап 2012 жылы майы тамызылып қойылыпты. Бірақ, қырқын мінсе, қыр артылмас...
Заң қабылданғаннан бері оңай ақша тауып үйреніп қалған прокаттаушы коммерциялық ұйымдар Қазақстанға жеткізілетін фильмдерге мемлекеттік тілде дубляж жасауды дағдыға айналдырмады. Отандық кинопрокаттаушылардың бірі Вадим Голенконың айтуынша, бұл «алға!» деп ұрандата беретін патриоттардың әлегі екен.
«Қазақша қажет дегенімен, оның қиындықтарын айтып тауысу мүмкін емес. Бір киноны дубляждау үшін миллиондаған қаржы жұмсалады,дауыс сонау Лондонда жазылады. Ал ондай кинолардың көрермені жоқ. Сондықтан, бұл барып тұрған шығын».
Айта кетсек, ҚР аумағына прокаттау мақсатында әкелiнетiн барлық фильмдерге 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қазақ тiлiнде дубляж жасалуға тиiс болатын. Еске салсақ, ҚР Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 - 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 29 маусымдағы №110 Жарлығы:
Бірінші бағыт - мемлекеттік тілді меңгеру.
Екінші бағыт - мемлекеттік тілді көпшіліктің қолдануына қол жеткізу және оның пайдаланылу аясын кеңейту.
Үшінші бағыт - қазақстандықтардың тіл мәдениетінің деңгейін арттыру
Төртінші бағыт - лингвистикалық капиталды дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау.
Ал 2011 жылдан бастап елімізде кинопрокат жүйесіне түсетін барлық фильмдер мемлекеттік тілде дубляждануы керек деп сол кездегі мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед мәлімдеген болатын. Прокатшыларға екі талап қойылған: прокаттық төлқұжатты алу. Прокаттық төлқұжатқа ие болу үшін міндетті түрде фильмнің қазақ тіліндегі дубляжы болуы керек. Қазақ тіліндегі фильм үлкен экрандарға шықпаса да, оның қазақ тілді көрермендерге арналған қазақша нұсқасы болуы шарт.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасы төрағасының орынбасары Мұрат Әбеновтің айтуынша, жыл сайын еліміздегі кинотеатрлар көрермендерінің саны ұлғаюда.
«Соңғы 10 жыл ішінде кинотеатрлар көрермендерінің саны 12 есеге ұлғайды. Бүгінгі күні киноға барушылар саны, шамалап алғанда 70 мыңға жуық болса, алдағы бірнеше жылдың ішінде 3 есеге өсіп, 200 мыңнан асады деген сарапшылардың болжамы бар. Қазақстандық кино аудиториясының 80 пайызын 30 жасқа дейінгі көрермендер құрайды. Бүгінгі жастардың 75 пайызы қазақ тілінде сөйлейтінін ескерсек, осы аудиторияның перспективалық өсуі мемлекеттік тілдегі көрермендер арқылы болатыны анық. Осындай өзгерістердің негізінде қазақ тіліндегі киноға, әсіресе өз елімізде түсірілген шығармаларға сұраныс артатыны заңды құбылыс», - дейді депутат Мұрат Әбенов.
Ал шетелдік фильмдер тұтас мемлекеттік тілге тәржімалансын деген депутаттардың бастамасы кинопрокатшылардың шабына шоқ түсіріп отыр – «ағылшын тілінен аударғанда қазақтың сөзі көбейіп кетеді, әрі оны дыбыстайтын актерлер де тым көп ақы сұрайды».
Мәжіліс депутаты, Нұртай Сабильянов:
«Қалай аударады, қалай істейді, өзіне байланысты! Қаржыны табу керек! Өйткені бізде мемлекеттік тіл-қазақ тілі! Ол міндетті түрде аударылуы керек!».
Уәлихан Қайсаров, заңгер, экономист, саясаткер:
«Кинопрокашылар тек өз қамын ойлайтындар. Оларға ұлт мәселесінен гөрі қалта мәселесі басымды бол тұр. Сондықтан кинопрокатшылардың сөзіне мән берудің қажеті жоқ. Ит үреді, керуен жүреді! Қазақ тілдегі кино мемлекеттік тілдің дамуына зор үлес қосады! Әлбетте! Өйткені, қазір орысша толық түсіне алмайтын жастардың саны артып отыр. Олардың құқығын таптауға болмайды. Ал екінші жағын айтатын болсақ, қазақ тілін үйренеміз деітіндер де аз емес. Сондықтан, жалпы қазақ тілінің дамуына өте қажетті деп ойлаймын».
Айдар Ерғали, сәулетші, блогер:
«Шетелдік фильмдерді міндетті түрде қазақ тіліне аудару керек! Бұдан бұрын «Болашақтың» балаларға арналған фильмдерінің аудармасы өте жақсы болатын. Балаларым сүйсініп қарайды. Қашанғы өз елімізде диаспора болып жүреміз? Мысалы, Грузия сияқты елдер де Кеңес одағынан шыққан, оларда мұндай мәселе атымен жоқ. Ал кинопрокатшылар өз проблемасын өзі шешуі тиіс. Қабылданған Заңды әркім орындауы тиіс».
Қорыта айтсақ, кинопрокат мекемелері бұған қарсы болсын, қарсы болмасын - бұл үрдіс. Оны мойындау керек. Және қазақ тілінде дубляждаған фильмдерді көрсетіп жүрген кинотеатрларға мемлекеттік қолдау көрсетілсе деген пікір туындап отыр. Қазақ көрермендерін тарту мақсатында тиісті мемлекеттік органдар мен кинотеатрлар ынтымақтастық орнатса...