Қыз қылығымен – көрікті
Бүгінде қала да, дала да телеэкранға телміріп, компьютерден көз алмай, үздіксіз ақпарат ағынына әлдеқашан қосылып кеткен жастарға толы.
Әлеуметтік желілердің бірінде Ермек Қанатұлы деген азаматтың жалпымызға жолдаған мына Үндеуі жарияланыпты. «Өтінемін, шара қолданыңыздаршы!!! Құрметті қыздар, қарындастар, әпкелер, сіздер кімдерге еліктеп жүрсіздер? Барлығыңыз тырысқан джинсы киіп, еріндеріңізді бояп, қысқа көйлек немесе қысқаша белдемшемен жүрсеңіздер, өне бойларыңызға жабысып тұрады. Не үшін, кім үшін? Қарапайымдылық, ар-ұят, намыс қайда? Қазақ қыздары мұндай емес еді ғой...
Балалары мен әпке-қарындастарының дұрыс киінгенін қадағалайтын аға-әкелеріміз, бауырларымыз қайда? Сіздердің туыстарыңызға бөтен еркектер әуретті жерлеріне тесіле қарағаны ұнай ма әлде? Әлде сіздер осындай дене пішініңізбен дені сау жігіттерді қаратып алам деп ойлайсыздар ма? Қыздар, жігіттер, сіздерден ӨТІНЕМІН, «нағыз Қазақ қызының тұлғасы» деген көзқарастарыңызды өзгертіңіздерші!!!» Мұны біз «ұлттық ар-намыстың аяқасты болғанына жүрегі ауырар адамның жанайқайы», деп қабылдадық.
Бүгінде қала да, дала да телеэкранға телміріп, компьютерден көз алмай, үздіксіз ақпарат ағынына әлдеқашан қосылып кеткен жастарға толы. Үйінде отырып-ақ, Үндістан мен Африка елдерін оймен аралап, санамен саралап, жайбарақат жата береді. Алыс жақтың мәдениетін зерделеп, ел танығанына қуанар едік, әрине. Тек, жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене қояр жастардың азайып бара жатқанына ата-әжелеріміз қатты алаңдаулы. Білім қуған қыздарымыз кешкі қаланың көзтұндырар жарқылы мен даңғаза шуына елігіп, ауылдағы әдемі әдебінен қол үзіп қалмаса екен дейміз. Саф алтындай салмақты өнер мен мазмұны терең мәдениеттің Шығыстан тамыр алғанын бүкіл әлем мойындаған. Байырғы замандардағы Батыс мәдениетіне алакөздігіміз жоқ болғанымен, қазіргі желігулер мен елігулер осы заманның «жаһандану саясатының» кесірінен етек алып бара жатқанын ашық мойындайтын болдық. Дұрысында, бұл өзге елдердің үздігінен үлгі алып, ғылым, білімді жетілдіре түсуді мақсат еткен бағыт болуы тиіс еді. Алайда келте ойлайтын кейбір жастарымыз «өркениетті ел» атанып, әлем аренасына шығуды өз ұсқынын қашырар «тізесі жыртық шалбар киіп, танауын тесіп, сырға тағу» деп білетін сияқты. Ілгері бір заманда Әбубәкір Кердері бабамыз:
«Осы күннің қыздары,
Жалтақ-жалтақ қарайды,
Біреуде бардай алмағы,
Оның аты «қыз» емес,
Шайтанның ұшқан қаңбағы» - деп күйінген екен.
Ұл-қыздарымыздың көпшіліктің көңілін қалдырар қыңыр-қисық қылықтарын өзіміз түзеп отырмасақ, өзге жұртқа күлкі болып жүре берерміз, сірә. Ашық-шашық киіну мен анайы сөйлеуді әке-шеше өз баласына үйретпейді. Оқу орнында, еңбек ұжымында араласар ортасы тәуір болса, ұшқан ұясынан алған түзу тәрбиесі талайды тамсандырмай ма? Ал, «қызға қырық үйден тыйым сала білген» халқымыз ұрпағының болашағына деген қамқор пейілін жұтатпасына, «заманына қарай – адамы» деп, енжарлық танытпасына сеніміміз кәміл.
Көпке топырақ шашып, күнә арқалап қайтеміз! Ақылына көркі сай әдемі қыздарымыз да баршылық. Ұлағаты мол мақалалары жанға шуақ төгетін «Ақжүніс-Астана» журналында әйгілі әнші Роза Әлқожамен болған сұхбат жарияланыпты. Әдептілігі айтқан әндерінен сезіліп, жібектей есіліп тұратын қарындасымыздың өмір мәні, жар қадірі туралы ойтолғауынан үзінді келтіргенді жөн көрдім: «Үй де, көлік те болған жоқ бізде. Пәтерден пәтерге көштік. Екеулеп жүріп, еңбектен қашпай, «шаршадым» демей, жақсы күндерге бірге жеттік. Баланы да таптық. Бір-бірімізге деген сүйіспеншіліктің, оның келісімінің, азаматтығының, менің арманыма балта шаппағанының арқасында отбасы мен өнерді алып жүрген жайым бар. «Мен істемеймін не ондай жерде тұрмаймын» деген жоқпын. Әйел ретінде де барлығына көндім. Шүкір, қазір бес баланың ата-анасымыз». Барды қанағат тұтып, қалғанын өзінің адал еңбегімен тапқан жастардың өнегелі еңбек жолы өзге қыздарымызға үлгі болуы тиіс. Осы басылымға сұхбат берген Қазақстан журналистика академиясының жалпыұлттық «Алтын Жұлдыз» сыйлығының иегері, Қазақстан журналистер одағы сыйлығының лауреаты Айнаш Есалидің «Қазақ қыздарына да өзін жігіттің сұңқарына лайық көрсететін бекзат мінез, ақылдылық, имандылық керек. Иманды адамға бұзық адамның өзі бата алмайды. Ұлтымыздың қыздары жақсы болса, жігіттері қайда барады?» деген сөздерін әркім бас шұлғи қолдары анық.
Төрткүл дүние түгел дүрлігіп тұрған кезде адами құндылықтарға көлеңке түсірер келеңсіз әрекеттерді әрі ысырып, асылтекті ата-бабамыздың қадір-қасиетін танытып келген табиғи мінезімізді қастерлей білгеніміз – өзімізге абырой. Тоқсан ауыз сөзіміздің тобықтай түйінін ұлтымыздың ұлы ақыны Төлеген Айбергеновтің мына жыр шумақтарымен әдіптейік:
Арманыңды ақтарам ба, жүрегімді тербесем,
Айға сіңлі, қарындассың қасиетті Жерге сен.
Мен өзіңді теңдесі жоқ құдірет деп түсінем,
Сендік қуат мың есе артық Жердің тарту күшінен!