{metadescription}
Ана тілім – ардағым

Ана тілім – ардағым

«Айтушы ақылды болса, тыңдаушы дана болады» (Халық даналығы).

Бала кезімізде әліппеден әріп үйреніп, ата-әжелеріміздің аузынан естіген ертегі-аңыздарымызды өз бетімізше оқи алғанымызға қатты қуанушы едік. Ал, қазір планшет көтерген балалардың заманы туды.

Ғаламтор арқылы да, теледидар экранынан да небір қызыққа қарық болып жатқан жайымыз бар. Тек, бір «әттеген-айы» сол, күнделікті күйбең тірлікпен жүрген үлкендер үйдегі балаларының қазақшасы қалай қалыптасып келе жатқанынан аса хабардар емес екенін енді біліп жүр. Ал, енді бұған ананы әлде баланы кінәлаймыз ба? Кетпеннің басын бассаң, сабы басыңа тиетіні сияқты, айыптыны ең алдымен, аға-әпкелер өз ортамыздан іздегеніміз жөн. Еңбек ұжымында ана тілінде сөйлеп, айтар ойын аз ғана сөзбен жеткізе білер ағайын азайып бара жатқан жоқ, әрине. Алайда жиын-тойларда сөз арасына орысшасын қоспаса, көңілі көншімейтіндерді де көріп жүрміз. Ең бір сорақысы, сөйлеу мәдениетінің сұрқай тартып бара жатқаны жай күннің өзінде де байқалып қалады. Халықтың көп араласатын жері – театр, мұражайдан бөлек, қаптаған дүкендер, көп мінетіні – қоғамдық көлік. Арзан бағамен затын сатар «акция» басталса, нешетүрлі «маркеттерге» тұра жүгіреміз. Жаяу жете алмасақ, автобус пен троллейбусқа, ерінбесек, метроға мінеміз. Қасы, көзі мойылдай қара әп-әдемі қазақ қызы «что желаете» деген кезде, алатын затымыз тұрмақ, өз атымызды ұмытып қала жаздайтынымыз бар.

Амалсыздан, жанжағыңнан шарайна тауып алып, «осы менің көзім көгеріп, шашым сарғайып кеткен жоқ па» деп, өз түріңді жаңа көргендей, үңіле қарайсың. Ал, көлік жүргізушісінің немесе қасындағы кондукторының «сишас астанопка» деп басталар жөн сілтеуін естігенде, естен тана жаздайсың. Әлгі баланың «шикі орысшасы» өзімізге де, өзге ұлт өкілдеріне де жайсыздау тиері даусыз. Одан да, «келесі аялдама Мұхтар Әуезов драма театры» деп хабарласа, ханның да, қараның да қатты риза болары анық. Зиялы қауымды баршамызға таныстырып, елеулі еңбектерін оқырманымен табыстырып жүрген бұқаралық ақпарат құралдарының ішінде телевизияның алар орны бөлек. Төрт аяғын тең басар жорға тайдай журналист ұл-қыздарымыз баршылық. Әр хабарын қысқа да, нұсқа болатындай етіп даярлаған телеарнаның «рейтингі» биіктеп, абыройы асатыны белгілі.

Бүгінде шұрайлы тіліміздің шырайын кіргізетін «үндестік заңы» ұмытылып бара жатқандай күй кешетінім бар. Кейде аты әйгілене бастаған жас әншілердің әуені мен сөзі үйлескен әп-әдемі әнді бұзып айтқандарын естігенде, амалсыз қынжыласың. Жай сұхбат бергеннің өзінде де «біз келгендзе, менің әдземі әнімді бәрі өце қуана қарсы алды» деп майыса қалатындарын қайтерсің! Бұл сөз тіркестерін сол қалпында беруімнің себебін айтайын. Соңғы кездері кейбір сөздердің соңғы буындарын бұзып айтатын жаман әдет қалыптасып бара жатыр. Соның теріс ықпалы тіпті, жас талаптарды талай биіктерге көтеріп жүрген «Әнші балапан» бағдарламасында еліміздің әр түкпірінен келген жап-жас әншілеріміздің де ән айту мәнеріне жұққандай. Бұған бәйгені ұйымдастырғандар емес, жарысқа әншісін даярлап қосқан үлкендер кінәлі екені белгілі.  Мұндай олқылық өзге халықта да бар. Ресей телеарналарының біріндегі ән бәйгесінде «дожжи, дожжи» деп шырқаған әншіні естігенімде, «сынықтан өзгенің бәрі жұға кетер» еліктегіш жастарымыздың бұл сәнді қайдан ала қойғанын түсінгендей болдым. Яғни, ол жақтағылар «дожди» сөзін жүз рет бұзып айтса да, сөз қадірін түсінер өз сыншылары жөндеп алар. Ал, өз елімізде ана тіліміздің әр сөзін бұзбай сөйлеп, балабақша қабырғасынан, мектеп табалдырығынан таза қалпында қолдануды үйрету бәріміздің бала алдындағы парызымыз.

Ал, орыс мектептерінде білім алып жүрген ұл-қыздарымызға туған тіліміздің мәйегін терең ұғындырар, игеруге өте оңай ұтымды әдістер бар. Соның бір дәлеліндей, «Киелі Жетісу» деп аталар әлеуметтік желі бетінде қазақ тілін үйретер арнайы жоба ұсынылыпты. Өнер зерттеуші білікті маман Земфира Ержан, философ, мәдениеттанушы Зира Наурызбаева және филолог Анар Фазылжанова бірлесе жасаған бұл құрал «Кобланды – наизусть» деп аталады. Яғни, «Қобыланды батыр» жырын жаттату арқылы, тіл үйретумен қатар, халқымыздың аса бай тарихы мен өрнегі бөлек өнері мен салт-дәстүрін де бойға сіңіреді. Бұл еңбек жастарға да, кезінде өз тіліне жиі қолдана алмау кесірінен, қазір немересіне қазақша ертегі айтып бере алмай, ішінен тынып жүрген жасы үлкен ата-әжелерге де арналған екен.

Қадыр Мырзалиев ағамыздың «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп айтқан сөзін жадымыздан шығармасақ, жеті тілді жетік меңгерген ұлтымыздың ұлы қайраткері Мұстафа Шоқай сынды қаһарман жігіттеріміз бен қамқор қарындастарымыздың қатары көбейеріне көзіміз жетеді.

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде