Той тойға ұлассын десек, көрпемізге қарай көсілейік...
Әр қазақ үшін той – қуаныш, мақтаныш, жетістік, туған-туысының басын ақ дастарқанда қосу, ізгі тілектерді естіп жаны жадырау, ақсақал, игі жақсылардың батасын алу. Өзінің ел қатарлы еңбек етіп, өмірдің бір сатысын абыроймен өткердім деп жұртының алдында берген есебі десе де болады.
Автор: Заира Сабитова
«Осы ұлымды үйлендіріп, қызығын көрсем арманым жоқ», «қызымды құтты жеріне абыроймен ұзатайын», «әр баланың өз несібесі бар, бұл тойды да адам сияқты өткізейік», «алла басыма амандық берсін, той жасауға шамам бар» - біз үшін бұл үйреншікті сөз. Той жасай алмау – қазақ үшін үлкен намыс. «Баласына бір той жасап бере алмай, бұл өмірден өтіп кетті қанша адам» деген ән кімнің болсын жүрегін сыздатып, мұңайтады.
Дей тұрғанмен, «басқалар ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, ақ түйенің қарнын ақтарып жатқанда, бишара болмайын, өмірде бір болатын той!» деп өмір бойғы жинаған қаражатты қиюдан тайсалмаймыз. Жиған-тергеніміз болса - жақсы, бірақ ұятқа тырысып, шама-шарқымызға қарамай банктен несие алуға тұра жүгіреміз. Бұлай айтуға мына оқиға түрткі болды:
Осыдан екі жыл бұрын Алматыда өткізілген үйлену тойы ұятты оқиғамен аяқталды. Банкеттің ақшасын толық төлеуге шамасы келмегенін көрген мейрамхананың қожайыны қалыңдықты кепілдікке қалдыруды талап етті. Күйеу бала жақ банкеттің 70% ғана төлеп, қалған жарты миллион соманы тойға келген қонақтардың «сыйлығынан» дәметкен. Алайда шақырылғандардың көбісі келмей қалып, келгені қажетті соманы жаба алмапты. Сөйтіп, түн ортасында күйеу бала көлігін жарты бағаға сатуға мәжбүр болған...
Әрине, табысы молдар емін-еркін көл-көсір той жасауға мүмкіндігі бар. Тойлатамын деушілерге бұл заманда қызметтің де түр-түрі ұсынылуда. Тек ақшасын төлесең болды. Ал тапқан-таянғанын тек күнделікті қажеттілігіне әрең жеткізіп отырғандар ше?
Несие беруші бюроның мәліметіне жүгінсек, қазір 5 млн. қазақстандықтың банкте қарызы бар. Бұл дегеніміз, елімізде әрбір төртінші адамның мойнында несие ілініп тұр, яғни әр отбасында бір-екі адам банкке қарыз.
Шілдехана, бесік тойы, тұсау кесу, сүндет той, тілашар, құда түсу, қыз ұзату, келін түсіру, қоржын сөгу, құда күту, мерейтой... Осының ішінде үйлену тойы - көп қаражат қажет етеді. Ғаламтордан үйлену тойына көрсетілетін қызметті орта есеппен қарап көрсек, Алматы қаласындағы мейрамханада:
Болашақ құда-құдағидың мейрамханадағы танысу рәсімі – 30 – 100 мың тг;
- Сырға салу немесе құдалық, «қалың мал», екі жақтың шығынын бірге есептегенде (алтын әшекейлер, киіт) - 2,5 млн. теңге;
- Қыз ұзату – 2 млн. теңге (залды безендіру, видео және фото, асаба, шоу-бағдарлама);
- Құда күту, әсем әуенмен, асабамен - 300 мың теңге;
Қыздың жүгі 1 миллион теңге (төсек-орын, кілем-кепшек, көрпе-жастық, ыдыс-аяқ, киім-кешегі).
Қыздың жүгін жеткізгендерге күйеу жақтан берілетін сыйлықтар - 120 мың теңге;
- Беташар – 500 мың теңге;
- Үйлену тойы, орташа бағамен 2 миллион теңге (дастарқан, той табағы, асаба, жанды музыка, ас мәзірі);
- Love Story, ғашықтардың бейнебаяны – 150 – 200 мың теңге;
Сонымен, орташа есеппен алғанда мегаполистегі үйлену тойына, кем дегенде, 8 миллион теңге жұмсалады екен. Бұл сома «өміріміздегі бір той», жұрттан ұят», «елден қалмайық» деген мәнсабымызды өтей ала ма? Намысқа тыртысудың нәтижесі – бірнеше жыл бойы үлкен пайыздық мөлшермен алған несиені жабу. Сөйтіп бірнеше сағаттық қуаныштың соңы бірнеше жылдық қысылтаяңға әкеп соқтырады.
Біз сұрастырған мәлімет бойынша, қонақтардан жиналған «сыйлықтармен» несиені жабу - өте сирек. Несиені той жасарда алуын алып, қайтарарда қимай-қимай беретініміз рас. Ал бірнеше жыл той қарызын қайтару шаңырақ құрған жастардың болашақ өміріне келеңсіздік әкелмеуіне кім кепіл?
Үйлену тойы – жастарға ауыртпалық әкеп, салмақ салып, масылдыққа ұшырататын шара емес, жақсылық әкелетін қуанышты оқиға! – дейді Алматы қаласы Орталық мешітінің имамы Нұрмұхамет Емінов.
«Шариғатта ысырапшылдық пен насыпсыздыққа тыйым салынған. Құран аятында «Ішіп-жеңдер, бірақ ысырапшылдық болмасын, өйткені Алла тағала дарақы, ысырапшыл адамды қолдамайды. Себебі, ысырапқор – әзәзілдің ағасы» делінген. Өкініштісі, қазір көбісі бұған көңіл бөлмейді. Мақтау, мадақтау естіп, елді таңдандырып, көзге түсіп, ерекшелену үшін қымбат мейрамханаларда көл-көсір той жасап, бір күндік тойға қыруар ақша шашып жүргендер көп», – дейді Нұрмұхамет Емінов.
«Біз өзгенің жағдайына, мүмкіншілігіне түсіністікпен қарап үйренуіміз керек. Қарапайым дастархан жайып, шектеулі қонақ шақырып, той ырымын жасаған адамды сөккенді доғарыңыздар. Тойға адам қарнын тамаққа толтырып, есте қаларлық концерт, думан көру үшін келмейді. Тойға жас шаңырақ құрғандарға бақыт, денсаулық тілеп, тілеулес болып, батамызды беруге барамыз. Осыны түсіну керек», – деп қайырып айтты Нұрмұхамет Емінов.
Ау, халайық! Той өткізуді бәсекеге айналдырмайық!
Жағдайыңыз келмесе, қысқа жіптің күрмеуге келмейтінін ұмытпаңыз. Көрпемізге қарай көсілейік! Барғанша қонақ ұялады, келген соң үй иесі ұялады.
Бастысы, халқымыздың әдет-ғұрпы сақталып, тойыңыз көңілді, тағылымды өтсін. Қазақ халқы бар кезде той да жалғасын таба береді. Той қуаныштың белгісі, сол себепті қуанышымыз көп болғанына ешкім қарсы емес. Бірақ, ысырапшылдыққа, дарақылыққа салынбайық. Бұл қазіргі кезде өте маңызды. Ақшаны босқа шығындағанша, оны пайдалы іске - баламыздың білім алуына жұмсасақ әлдеқайда тиімді болар еді. Бұл ырду-дырду, бірін-бірі танымайтын, бірінің сөзін бірі тыңдамайтын той өткізгеннен артық. Осы мәселені бір сәт ойлансақ екен.