{metadescription}
КТК арнасы әділетсіздіктен қажыған жандардың тауқыметін шешуді өз қолына алды!

КТК арнасы әділетсіздіктен қажыған жандардың тауқыметін шешуді өз қолына алды!

Ағыл-тегіл еңіреп көз жасы көл болған көп балалы ана. Адасқан қаздай жарымжан мүгедек. Азы мен тозы шыққан жетім бала. Айдың күні аманында далада қалған отбасы.

Әділетсіздіктен қажыған, тұрмыс тауқыметінен тентіреп, құзырлы орындардың салғырттығынан басын тауға да, тасқа да соққан жандардың жанын сыздатқан мәселесін дау-дамайсыз шешуге бола ма?..

Кез келген әлеуметтік мәселені дау-дамайсыз, заңға жүгініп шешуге болады! Ол үшін әрбір азамат өзінің заңда жазылған құқығын білуі тиіс және өз құқығың талап етуі тиіс. Ал талап еткен жағдайда да шенеуніктердің алдаусыратқан түрлі сылтауынан мезі боп, сағы сынып, тығырыққа тірелгендердің мәселесін қарауды КТК арнасының «Дау-дамайсыз» жобасы өз қолына алып отыр. Енді ақсақты тыңдай, өтірікті шыңдай қылған шенеуніктердің аузына құм құйылмақ.  

Жаңа маусымда КТК арнасының  «Дау-дамайсыз» судай жаңа әлеуметтік жобасы көрерменге жол тартты. Бағдарламаның жүргізушілері Гүлмира Әбіқай және Жазира Бегалы шенеуніктердің немқұрайлылығынан зардап шегіп, бірнеше жыл проблемасын шеше алмай жүрген  әлеуметтік әлсіз жандардың жанайқайын  зерттеп, шиеленіскен түйіткілдерді  шешуге білек сыбана кірісті. Заңға жүгініп, заңгерлермен бірге! Яғни, мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік, медициналық көмекке мұқтаж мүмкіндігі шектеулі жанның күрмеуі көп түйінін тарқату үшін бірнеше мекеменің табалдырығын тоздырып, заңгерлермен бірлесіп  дау-дамайсыз тігісін жатқызады.

Бағдарламаны түсіру барысында заңға қарама-қайшы әрекеттер анықталып, талай жылдан бері шешімі табылмай келе жатқан проблемаларға соңғы нүкте қойылады.

Неліктен дау-дамайсыз? Жылдар бойы қордаланып қалған мәселені журналистер заңға жүгініп шешеді. Журналист бұл жерде өзіне тиесілі көмекті ала алмай жүрген адамның құқығын түсіндіріп, көмек беруі тиіс мекеменің шенді-шекпеніне заңда жазылған талапты тікесінен қояды. Сөйтіп, бір аптаның көлемінде тығырыққы тірелгендердің тынысы ашылады.

«Дау-дамайсыз» жобасының ұтымды тұсы – құрғақ уәдеге сенбейді!

Гүлмира Әбіқай, "Дау-дамайсыз" бағдарламасының тілшісі:

- Ерекшелігі - көтерілген мәселе шешусіз қалмайды. Кез келген шендіні "заңсыздыққа жол жоқ" деп нұсқай отырып, адамгершілікке шақырамыз.  Қажет болса,  өзінің тікелей функциясы мен міндетін атқара алмай отырған шенеунікке "орныңды босат" не "ұятсыз" деп заңсыз қылығын бетіне баса алатын батыл бағдарлама.
Мысалы, бір мәселені шешу үшін, кемінде 8 инстанцияға кіріп-шығып, проблемаға кім кінәлі екенінің  анық-қанығына көз жеткіздім. Біздің жобада "көреміз, жыл аяғына дейін, бұйыртса" деген тіркес жоқ. Бүгін кірісеміз, қазір шешеміз!

Жазира Бегалы, «Дау-дамайсыз» бағдарламасының тілшісі:

Тоғыз жылдан бері үй-күйсіз жүрген көп балалы ананың мұңын зерттедік. Екі баласы мүгедек. Бармаған жері, жазбаған шағымы жоқ. Заңгермен бірге «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» ҚР 2007 жылғы 12 қаңтардағы заңымен танысып, талап қойдық. Бір аптадан соң қасымызға әлгі көп балалалы ана мен оның екі мүгедек баласын ертіп әкімшілікке бардық. Әкім тап сол жерде салаға жауапты мамандарды шақырып, бірден тапсыма берді. Еңбекпен қамту, әлеуметтік қамту бөлімінің қызметкерлері әйелді жұмысқа орналастырды. Жұмыста болғанда оның балаларына әлеуметтік қызметкерлер қарап отырады. Айына 30 мың теңге алып пәтерақысын төлейді. Тегін дәрі-дәрмек, тегін массаж,  аптасына екі рет психологтың көмегіне тегін жүгінеді. Біз демеуші тауып, үйіне азық-түлік апардық. Таң қалғаным, көп балалы ана бүкіл проблемасын өзіне артып, мінезі мүлдем тұйықталып қалған. Тіпті намысына тиетін сөздерге де селт етпейді. Қобалжу, ренжу деген мүлдем жоқ. Психологтың қабылдауынан шыққан соң ебіл-дебіл жылады. Неге? Өйткені эмоциясы тұйықталып қалған. Жүзі жымиғанмен, шаттана алмайды.Проблемасын айтуға ұялып, ештеме әсер етпейтін жағдайға душар болған. Біз кетіп бара жатқанда оның айтқан бір ауыз сөзі жүрегімді дір еткізді: Сізді құшақтауға бола ма?..

КТК арнасы эфирге шыққан күннен бастап өткір әлеуметтік мәселелерге басымдылық беріп келеді. Халық мұңы әрдайым біздің назарымызда. Адамгершілік болмай, әділдік болмас. КТК енді қажыған жанның тауқыметі жайлы ақпарат беріп қана қоймай, оны шешуге атсалысады. Тарыққан жанды қолынан жетелеп жүріп шенді-шекпенділерге заңды талабын қояды. Әр мәселенің шешімін табады. Заң жүзінде. Дау-дамайсыз.

Ендеше әр сенбіде сағат 19:35-те КТК арнасынан «Дау-дамайсыз» жобасын қарауға шақырамыз. Кең болсақ, кем болмаймыз. Кім білсін, бәлкім көкейіңізде жүрген сауалға осы жобадан жауап аларсыз. Әлеуметтік көмекке мұқтаж, ұшы-қиыры жоқ түйіні күрделі мәселесін шеше алмай жүрген жандар мына поштаға хабарласуына болады DD@ktk-tv.kz. Телефон: 8 727 258 36 87.   

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде