КТК арнасын тамашалаудың 22 себебі бар!
КТК арнасы шыбын жанын шүберекке түйгендердің шерін тарқатып, ұзын елдің үйіріне, қысқа елдің қиырына жайылмақ. Жаңа маусымдағы барға мәзір – 22 бағдарлама! Қалауын тапса, қар жанады деп, әлеуметтік мәселенің түйінін шешуге басымдық берілді.
Автор: Заира Сабитова
Сүйінші! Ақыры сені де көрдім демекші, КТК арнасы биыл мемлекеттік тілде қорытынды ақпараттық-сараптамалық бағдарламасының тұсауын кесті! Айтулы оқиға, күйіп тұрған тақырып, көлеңкеде қалған мәселе – АПТАП бағдарламасында. Апта бойы еліміз қандай күн кешті? Қандай маңызды оқиғалар болды және қарапайым халыққа оның қандай мәні бар? Міне, енді апта соңында аптығымызды басатын АПТАП-ты қарауға асығыңыз.
Әрине, басты назарда – жаңалықтар. Енді дүйсенбі-жұма күндері көрермендер назарына орыс және қазақ тілдегі КЕШКІ ЖАҢАЛЫҚТАР мен қоса КҮНДІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР ұсынылады. Ал кешкі ақпараттар легі аяқталған соң ғаламтордағы шағын жаңалықтарды KTK WEB бағдарламасы береді. Іле-шала ГЛОБУС халықаралық жаңалықтар ұсынылады. Екі жоба да судай жаңа және қысқа да нұсқа.
КТК эфирінде бұрын-соңды болмаған репортаждық-әлеуметтік жоба – ДАУ-ДАМАЙСЫЗ жарық көрді. Болған оқиға, шынайы кейіпкер, нақты шешім. Шешілмейтін тауқымет, күрмеусіз мәселе жоқ. Ал, заңға сүйенсеңіз бар мәселе дау-дамайсыз шешіледі. Тәжірибелі журналистер, қос репортер ушыққан даулы мәселені – дау дамайсыз шешіп береді.
Ал буынсыз жерге пышақ ұрған алаяқтарға алданып, ботадай боздап қалмаудың алдын алғыңыз келсе, АЛДАНБА - публицистикалық деректі драма және псевдо-реалити элементтерімен журналистік зерттеуін қараңыз. Әр сенбіде әр көрерменнің құқықтық сауаттылығын ашуына мүмкіндік туды. Алаяқтарға алданып сан соғып қалмау үшін нені білген жөн? Алаяқтардың түрлі салада алдап кеткені туралы шағын тексерудің қорытындысы ұсынылады. Келеңсіз оқиға жайлы алаяқтың, және алданып қалған адамның, психолог маманның, сонымен бірге талапты журналистің көзқарасын білетін боласыз.
Өзекті мәселе: тағам сапасы, тұрғын үй қауіпсіздігі, тұрмыстық зорлық-зомбылық, есірткі, еркек пен әйелдің қарым-қатынасы және көтерілмей келе жатқан түйткілдер. Бұл жайлы әр сәрсенбіде МИНИСТЕРСТВО ПРАВДЫ ақпараттық публицистикасында көрсетілмек. Жобада нақты фактілер, тарих және оқиғалар, сарапшылардың пікірі,әлемдегі шынайы оқиғалар қамтылған.
Жұмбақ оқиға, ақылға сыймайтын көріністер, бізден бөлек ерекше оқиғаларды ИНАЯ РЕАЛЬНОСТЬ жобасынан бейсенбіде көре аласыз. Бұнда өзге жандар құпиясын ашқан ынайы оқиғалар бар.
Жұма күнгі НАША ПРАВДА ток-шоуы әлі де көрермендер сұранысына ие. Ал сенбіде Алексей Шахматовпен бірге ақпараттық шоу ПОКА НЕ ПОЗДНО эфирге тікелей қосылуға мүмкіндік беріп отыр. Қорытынды ақпараттық-сараптамалық бағдарлама - өткен аптада болған оқиғаларға ерекше көзқарас.
Көрермендер өтінішін жерге қалдырмадық. КӨРІПКЕЛ мистикалық деректі драмасына сұраныс қанағаттандырылды. Аталмыш сериалда бас кейіпкер туралы тың өзгерістер бар. Оны сейсенбі-сәрсенбі күндері білетін боласыз.
Өздеріңізге таныс ПОРТРЕТ НЕДЕЛИ және СЛУГИ НАРОДА бағдарламасын Артур Платоновпен бірге жексенбіде тамашалаңыз.
Бүйректен сирақ шығаратындарды бүге-шігесіне дейін талқылайтын АҚИҚАТЫН АЙТАЙЫҚ аптасына екі рет – бейсенбі және жұмада көрсетіледі. Дина Төлепбергенова бір шай қайнатым уақытта жаңа кейіпкерлермен бірге кикілжің жағдайды бір тарының аузына сиғызады. Сіз айтуға батылыңыз жетпеген оқиғаның мән-жайы тап осы жобада талқыланады, қарауға асығыңыз.
Ал сенбі және жексенбіде бірегей видео, фотосуреттермен бірге аяулы жарымен бірге ағынан жарылған жұлдызды отбасын тамашалаңыз. ӘНІМ СЕН ЕДІҢ бағдарламасында танымал әнші танымал әнінің қалай дүниеге келгенін баяндап береді.
Айта кетсек, КТК арнасының жаңа маусымында, әдеттегідей, судай жаңа СЕРИАЛДАР мен ғылыми-көпшілік деректі фильмнің шымылдығы түрілмек.
Құпиясын жасырмайтын жұлдыздар туралы ИНСТАЛАЙЫҚ та жаңа маусымға білек сыбана кірісті. Әлеуметтік желіде айтылмай қалған құпия сенбіде құрысын жазады.
ГЛАВНАЯ РЕДАКЦИЯ - өзекті тақырып көтеретін репортаждар топтамасын дүйсенбіде, БЫЛО ДЕЛО - жұртты дір сілкіндірген қылмыстық оқиғаларды сейсенбіде қарауға шақырамыз.
Сонымен, КТК арнасы жаңа маусымда жүзіктің көзінен өткізілген өнімдерін ұсына келе, жаңа жобалардың жортқанда жолы болуын тілейді.
Телеарна бірге өсіп, біте қайнасып келе жатқан көрермендеріне алғыс білдіре отырып, отандық арналардың беделі арта берсін деп тілейді.
ЧИТАЙТЕ ТАКЖЕ: КТК арнасы әділетсіздіктен қажыған жандардың тауқыметін шешуді өз қолына алды!
Ерланби Дәулетияр: «Ішкі мазмұны келіспеген адам эфирде сүйкімді көріне алмайды»