{metadescription}
Дина Төлепберген: «Ата-аналар! Мұғалімнің жұмысына араласа бермейік»

Дина Төлепберген: «Ата-аналар! Мұғалімнің жұмысына араласа бермейік»

Ұстаздар күніне орай, КТК жаңалықтарының жүргізушілері мектептегі қызықты оқиғаларымен бөлісті. Эфирде соңғы ақпарат таратып отырған арна қызметкерлері қандай оқушы болды?

Мәдина Балғабаева, КТК жаңалықтарының жүргізушісі:

Алғашқы ұстазым  - Сәуле Мәжитқызы. Өмірімдегі  алғашқы қоңырауыма төрт-бес күн қалғанда қатты толқып, ұйықтай алмағам. Соншалықты ынтам мықты болды, мектепке барам деп қуанып, күтіп жүрдім. Мектеп табалдырығын аттаған екінші күн-ау деймін, Сәуле апай: «Үйіңде қалай жүрсең, мектепте де сөйтіп жүресіңдер. Ешқандай айырмашылығы болмасын. Үйіңді қалай жақсы көрсең, мектепті де сөйтіп жақсы көр», - деп бізге кәдімгідей түсініктеме берді. Содан мен келесі күні мектептің алдында үйдегідей, аяқ киімімді шешіп кіргем ғой. Бәрі аң-таң қалып, күлгені бар. Сондай бір қызық болған.  

Ұстаздарымның  айтқанын екі еткізбей, мұқият орындайтынмын. Мұғалімімнің қаталдығы әсер етті ме, күні-бүгінге дейін өзіме сеніп тапсырылғанды бұлжытпай орындайтын әдетім  сақталып қалды.  Міне, мектеп бітіргенімізге ширек ғасыр уақыт өтіпті, а лмұғалімдеріміз сіңдірген білім мен тәлім бүгінгі дейін жалғасын табуда.  Жақында сыныптастарымызбен гүлімізді, сыйлықтарымызды алып, Сауле Мәжитқызына алғысымызды айтып мәре-сәре боп бас қостық.  

 

Асыл Махмет, КТК жаңалықтарының жүргізушісі:

Жалпы, біздің әулетте ұстаздар көп. Нағашы әжем қазақ тілі, әдебиеті маманы. Анамның әпкесі физика пәнінің мұғалімі. Ал енді менің алғашқы ұстазым  - әкемнің туған әпкесі. Бастауыш сыныпта сабақ берген. Сондықтан ұстаздар мерекесінің біздің әулетте алатын орны ерекше. Жақсылап тойлаймыз. Ең бірінші өзімнің әжемді, тәтемді құттықтаудан бастаймын.  Әрине, ол кісілердің менің өмірімде алатын орны ерекше. Менің бойыма сіңген қандай да бір қасиет болса, сол кісілерден дарыған. Өйткені біріншіден  - ұстазым, екіншіден -  туыстарым. Талап өте қатал болды. Егер сыныпта біреуі бір нәрсе бүлдірсе, ылғи да таяқты мен жейтінмін. Қазір ойлаймын, маған қалай ұрысса да - өз баласы, ал басқасы соған қарап бой түзейді. Үнемі алда болуға да септігін тигізген өзімнің апайым. Біріншіден - тәтелерім, әжем, сосын - ұстаздарым. Алғашқы ұстазым  - Ділдәш Жанәділқызы  бірінші сыныптан төртіншіге дейін ұстаздық етті. Ал үлкен сыныпта  қазақ тілі және қазақ әдебиетінен нағашы әжем  Күміс Сәдікенқызы сабақ берді. Анамның, әкемнің жағынан да ұстаздар көп. Сондықтан ұстаздар мерекесінің біздің әулетте алатын орны ерекше.

Ерланби Дәулетияр, КТК жаңалықтарының жүргізушісі:

9-шы сыныпта оқып жүргенімде теледидардан  таңертең француздық белгілі бір жастар сериалы  көрсетіліп жатты. Соның  қызығына әбден кіріп кеткем, жібермей қарайтынмын.  Таңертең үйге досым келеді, оған «бара бер, артыңнан қуып жетем» деп отырып алып сериал тамашалаймын.  Кино сағат 8-де бітеді, ал үйім мектептің тап жанында. Фильм біте салысымен мектепке құстай ұшып жүгіріп  жетем.  Сөйтіп бір күні мектептің есігінен ентігіп,ентелеп кіре бергенде, мектеп директоры да менімен қатар кірді. Екеуіміз есікте кездесіп қалдық. Ол кісі бетіме бажайлап қарады да, ештеме деген жоқ. Екінші күні де тура солай кездестік.  Ал үшінші күні директор шыдамай кетіп: «Осы мектептің директоры сен бе, мен бе?! Екеміз неге бір уақытта келеміз?!», - деп дүрсе қоя берді.  «Сіз де сол сериалды қарайсыз ба?» - деп сұрағым кеп кетті.  

Негізі, «мұғалім» сөзі тек білім беретін, ал ұстаз - білімді де, тәрбиені де береді, яғни мағынасы кең. Мектепке қабылдап алған алғашқы сынып жетекшім  мәңгі есімізде қалады, екінші анамыз сияқты. Тек білім берумен шектелмеді, тәлім-тәрбиесін сіңдірді.  Сол кезде ол кісілер бізге жау сияқты көрінетін. Кейін ойлап қарасаң,  ешқайсысы бізге жамандық тілеген жоқ. «Осылар жақсы боп кетсе екен, осылар білімді болса екен» деген тілегі болды. Мұғалімдерімнің бәріне ризамын. Алғашқы ұстазым  -  Жанат Сағатқызы.  Төртінші сыныпқа дейін жетекшілік етті. Мектепте бұзық болған жоқпын, «Алтын белгі» алып кетпесек те,  ел қатарлы оқыдым.

- Қазір білім жүйесі  түбегейлі өзгеріп жатыр, күннен-күнге талап та күшеюде.  Бір жағынан министрлік талапты күшейтсе, екінші жағынан -  ата-аналар. Біздің кезімізде мұғалім ұрсып, ұрып жатса, шыбын шаққан құрлы көрмейтінбіз. Солай болуы керек сияқты көрінетін. Ал қазір сәл-пәл артық сөйлеп қойса, оқушының  ата-анасы шу шығарып жатады. Сондықтан мұғалімдерге тілерім – шыдамдылық. Таңдаған мамандығына адал болуын тілеймін, дендері сау болсын. Осы кісілер  еңбегін адал атқарса, Қазақстаннның болашағы да жақсы болады. Менің ойымша,  еліміздің болашағы ұстаздардың қолында.  

Дина Төлепберген, КТК жаңалықтарының жүргізушісі:

Әлі есімде... Мектепке ең алғаш дайындық сыныбына бардым. Бойым өте аласа, кіп-кішкентай қыз болатынмын. Әрине, бірінші партаға отырғызды. Партаның биіктігі мұрнымнан келеді, жылтиған көзім ғана көрініп тұратын. Ыңғайсыз, дәптеріме қалай жазарымды білмей қиналдым. Оқуға  әжем жетектеп апарып жүрді. Сонда әжем:   «Қой, мына қызға көпшік тігіп берейін» деп, үйдегі ескі-құсқы киімдерді қопарып, шүберекке  тығыздап, сыртын құрақ көрпедей көмкеріп әдемі, бірақ қап-қатты көпшік жасап берді. Көтерсең, шынын айтқанда, өте ауыр болды мен үшін. Арқама ілген сөмкем бар, қолымда  - зілдей жастық. Сабақтан соң әлгі көпшігімді ауырсынып  тастап кеткім келетін. Бірақ бізден соң екінші маусым оқыды және мұғалима: «қалдыруға болмайды, әдемі көпшік екен, жоғалып қалады, өзіңмен бірге алып жүр» деді.  Дегенмен әлгі жастықтың көмегі тиді. Оны төсеп отырғаннан кейін өзімді биік сезініп, сабаққа деген қызығуым да артты. «Жастығы бар қыз келді ме мектепке? Жастығы қайда, біз де отырайықшы» деп қалжыңдайтын.  Сөйтіп  «жайғасып отырып» әліппені оқып шықтым.  Үздік оқыдым, бәрі бес болатын. Шынымды айтсам, мектепке енді барған кезімде ақпаратты қабылдау қабілетім біраз төмен болды. Анашым  менімен жаттығу жұмыстарын керемет тәсілмен жүргізетін.  Мысалы бес алма, қосу үш алма дейтін есеп болса, ерінбей дүкеннен бір келі алма сатып алатын  Онда сегіз алма болуы – міндет. Алдыма бес алманы, соған үш алманы қосып: «ал, қос енді» дейді.  Ал жүздіктерге келгенде сіріңкелер «кірісті». Анам ерінбей, жалықпай бірнеше қорап сіріңке әкеп, жүздеген шырпыны алдыма тізіп қойып қостырып, алдыратын. Сөйтіп бір тау сіріңкені есептеп отыратынмын. Көп уақытымды алғанымен, тез үйреніп кеттім. Сіріңкенің әсері ме, «соны санамай-ақ қояйыншы» деп есепке басым істеп кетті.

Мұғалім баланың анасы, әжесі сияқты мейірімді, ішкі жан-дүниесі сұлу болса, оқушы мұғаліміне ғашық болса, сонда дұрыс тәрбие беретін сияқты. Ұстаздың мейіріміне көп нәрсе байланысты. Өзім ана болғандықтан, мысалы, мектепті таңдамаймын, ұстазды таңдаймын. Баламды мектепке ұстазына қарап беретін болам. Мұғалім бұлақтың көзін тапқандай, бастауыш сыныпта баланың оқуға деген қабілетін аша білсе,  қызығушылығын тудыра білсе деп тілеймін.  

Қазір мұғалімдерге өте қиын, үлкен жауапкершілік жүктелген. Заманауи ата-аналардың талабы көп. Қазіргі таңда ата-аналар тарапынан,  әсіресе  баласына дауыс көтерген мұғалімге немесе жөнді тәрбие берем деген жұмысына сын көзбен қарап, баласын ұстаздан жоғары қойып, ол кісілерді төмен санайтын құбылыс бар.   

 Жақын құрбымның баласы Америкада биыл бірінші сыныпқа барды. Ол мектепке келіп: «Сабақ үлгерімі жақсы болуы үшін балама қалай көмектесейін? - деп сұрапты. Сөйтсе ондағы ұстаздар: «Сұрағыңыз бізді таңдандырып тұр. Ата-ананың басты міндеті  - ата-ана болу, ал біздің міндет – білім беру. Сондықтан сіз біздің жауапкершілігімізге араласпаңыз, бізге сеніңіз, баланы оқыту – біздің жауапкершілік, ал сіз үйде жұмыртқаны қалай қуыру керек, үйді қалай тазалау керек сияқты дүниелерді үйрете беріңіз. Бір-біріміздің жұмысымызға араласпайық», -  депті.

Сондықтан менің ата-аналарға айтпағым: мұғалімнің жұмысына араласа бермейік. Баламыз жауапкершілікті өзі сезіну үшін соған қажетті  жағдайды жасай білейік. Ата-ананың басты міндеті  - баланың ата-анасыз өмір сүруіне үйрету.  

Қазір  ең қиын кезең. Қарпіміз де ауысайын деп жатыр, 12 жылдық реформа, үштілділік... Ата-аналардың  қоятын талабы да жоғары. Әр мұғалімдер өзіне жүктелген жауапкершілікті абыроймен атқара білсе деген тілегім бар.

КТК арнасы журналистерінің шәкірттік ықыласы бір:

Қиын да қызықты мамандықты таңдаған ұстаздарға алғысым шексіз! Бар ұстазға бас иеміз!  

 

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: КТК арнасын тамашалаудың 22 себебі бар!

КТК арнасы әділетсіздіктен қажыған жандардың тауқыметін шешуді өз қолына алды!

Ерланби Дәулетияр: «Ішкі мазмұны келіспеген адам эфирде сүйкімді көріне алмайды»

Асыл Махмет: жаңалық жүргізгенде көз алдымда ауылымның адамдары тұрады

Серік Жанболат: біреудің жазып берген дүниесімен эфирге шығып көрмеппін

Кеше

29 қараша

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде