«Көріпкел» көп нәрсеге көзімді ашты...
«Бұрындары қаперіме кірмегенді кіргізді, көкейіме қонбағанды қондырды, көзімді көп нәрсеге шайдай ашты», – дейді «Көріпкел» деректі драмасында бас рөлді сомдаушы актриса Жанар Мақашева.
Автор: Заира Сабитова
Қанша дегенмен адамның қоршаған ортадағы объективтік құбылыстар жайлы бес сезім мүшелерінің қызметімен түсіндірілмейтін, ақылдан тыс ақпарат қабылдау мүмкіндігін экранда бейнелеу қиынның қияметі.
«Бұрындары «Көріпкел» деректі драмасын тиіп-қашып көріп жүрдім. Сериалдың төртінші бөліміне ұсыныс түсіп, кастингтен өткенде алдыңғы маусымында басты рөлді сомдаған актриса Сәния маған сәттілік тілеп, аманат етіп тапсырды. Сәния, шынын айту керек, қазақы тәрбиені бойына мықтап сіңірген, салт-дәстүрді жақсы білетін актриса. «Алып шығуға тырысам» дедім. Бірақ мен дегендей болмады», – дейді Жанар Мақашева.
КТК арнасында көрсетіліп жатқан деректі драмада бойына көріпкелдік қасиеті әжесінен дарыған Ұлпан адамдарға риясыз көмектеседі. Ол болашақтағы оқиға туралы, жоғалған заттың немесе адам туралы жеке ақпар бере алады. Ал қасиетті қыздың қабілетін қастерлейтіндей бейнелеген қандай?
«Алғашқы күндері қатты қиналдым. Ертеңнен қара кешке дейін «қалай сомдасам екен, қайтіп ерекшеленсем, көріпкелдің образын қалай ашсам екен» деген ойлар маза бермей, жанымды жегідей жеді. Алдыңғы бөлімінде көріпкелді сомдаған екі актрисаның ойынын КТК сайтынан күн сайын қараймын. Кәсіби тұрғыда жұмысымды әлі де салыстырудамын. Дүниежүзіндегі көріпкелдер туралы көп оқыдым. Ғалымдардың зерттеулерімен аныстым. Толық ақпар меңгермейінше, сомдайтын кейіпкеріңнің қасиетімен жан-жақты танысып, оған сенбейінше, көрермен де сенбейді. Сол үшін не істесең де сеніп істеуің қажет. Жан-дүниеңді салып жұмыс істеу керек».
Әрине, көріпкелдік күні-бүгінге дейін құпиясы ашылмаған жұмбақ құбылыс. Көріпкелдік қабілетке ие адам құпия сыртқы және ішкі күштердің әсері арқылы және тікелей олармен байланысқа түсетінін білеміз.
«Жаман, жақсы сахна деген болмайды. Дегенмен жаныма жақыны – экшн. «Көріпкелдің» бір сериясында далада тастай қараңғыда түсірген сәт жадымда сақталып қалды. Құрбымды шығарып салып үйге беттей бергенде бір бандит мойныма пышақ кезеп, қатер төндіреді. Сол кезде екеміздің арамыздағы диалог, бір жағынан сахнаны бейнелеу, сөйлеп тұру жылау, қимыл, төбелес – бәрі шынайы шығуы керек. Міне, осындай экшн-сахнаны, яғни күрделі сахнаны ұнатамын. Көрерменге қазір көбінесе экшн – іс-қимыл керек деп ойлаймын. Менің ойымша, экшн – актерлік шеберліктің шыңы», – дейді Жанар.
«Тұқымымызда бал ашатын, бақсылық т.б. қасиеті бар жан болмаған. Бірақ арғы атам жерді сызып қойып, дұға оқып, баланы сол сызықтан асырғанда есекке айналып кетіпті деген әңгімені естуім бар. Әжем ертегідей айтып отыратын. Оған көңіл бөлмеппін».
«Жасым 33-те. Жолдасым – әскери, өнерге мүлдем қатысы жоқ болғанымен, өнерге табынады, бағалайды. «Актрисаға оқысаң, осы салаға үлесіңді қос, жұмысыңды істесең дұрыс істе», – дейді.
«Жасырмай айтайын. Мен, негізі үй шаруасына нашармын. Тамақ әзірлеу қолымнан келе бермейді. Бірде өте ұятты жағдай болды. 6 жастағы ұлым «Көріпкелді» қарап отырып, теледидардағы Ұлпанға бір қарап, маған бір қарап:
- Мама, ана жерде сен неге үй жинап, ыдыс аяқ жуып, тамақ істеп жүрсің, ал үйде неге олай істемейсің? – деді таңырқап.
Не дерімді білмей сасып қалдым.
- Ол кино ғой, ал мен өмірде олай істемеймін.
- Сонда сен кімді алдап жүрсің?
- Мен алдап жүрген жоқпын. Ол кинода режиссер маған солай істе деді, солай жасадым.
- Ә, сен тамақ істеу үшін саған айту керек екен ғой...
Осы әңгімеден кейін үй жинап, тамақ пісіріп, дұрыстала бастадым. Айтайын дегенім, «Көріпкел» сериалы мені мықтап тәрбиеледі. Рас айтамын. Жан-жағымдағы жақындарым менің өзгергенімді байқап жүр. Мысалы, күйеуім: «Сен сабырлы, байсалды бола бастадың», - дейді. Шынымды айтайын, бұрын ашуланшақ едім. Өнер адамы болғандықтан ба, эмоциям басым. Ойланбай сөйлеп, артынан артық кеткенімді сезіп кешірім сұраймын. Ол – сабырлық танытпау. Ал қазір бірдемені айтар алдында пайымдайтын болдым. Айтылған сөз – атылған оқ. Бастапқыда соны жете түсінбейтінмін. Әйтеуір ішімде қалмасын, түнде тыныш ұйықтайын деп бетіне былш еткізіп айтып тастайтынмын. Ал қазір жәймен сабырға келіп, бірдеңе айтпастан бұрын ойланып алам. Байыппен, адамның көңіліне қараймын».
«Өзгердім, оны өзім де байқаймын. Үйге келгенде жолдасым маған бажайлап қарайды да: «Сен басқаша Жанарсың, баяғы ұшып-қонған Жанар қайда, соны қайтарып әкел», – деп қалжыңдайды.
«Менің анама «Көріпкел» деректі драмасы қатты ұнайды. «Мама, бұл сериал болғанымен, бұл – деректі драма, бұл шынайы өмір, актерлер емес, өмірдегі қарапайым адамдар» деймін. «Жоқ, Жанар, бұл кәдімгі сериал, сериалдан да мықты. Өйткені қарап отырып ондағы адамдар актер емес екенін білемін, қобалжитынын байқаймын, адам болғаннан кейін кейбір қараған көздері, кейбір сөздері, дауыс ырғақтары әсер етеді. Сондықтан мен жәй көрермен ретінде қабылдаймын. Ал сенің осыдан бұрын түскен ресейлік картинаңа көңілім толмады. Онда кілең әртістер, тек оқиғаның желісі қызық. Ал мында әр кейіпкер – қарапайым өмірдегі адам, «ойбуй, мына адам шынымен де уайымдап отыр, қиын болды ғой байғұсқа» деген ой келеді. Кейіпкерлерге жаным ашып отырады. Ал білікті актерді қойшы, олар қасқыр ғой», – дейді анам. «Көріпкелде» өмірде болып жатқан оқиға бейнеленген. Иә, мындай оқиға менің де басымнан өткен, иә, мен де тап осылай ойлағам, мен де сөйтіп едім, өзімнен әбестік кетіпті деп ойлайсың».
«Түсірілім барысында жүрегімді бүлк еткізетін сәттер көп-ақ. Жаныма жақын сәттер. Бір сериясында қызым ауырып, өлім аузынан қалды, сонда ботадай боздап жыладым. Шынымен жыладым. Имандай шыным. Жалпы «Көріпкел» менің көкірегіме көп ой салды. Оны ашық айтуға әзірге батылым жетпейді. Бірақ өзімді қоярға жер таппай шарқ ұратын сәтте «Көріпкел» көмекке келеді деп сенем. Бір қарағанда жәй өмір сияқты көрінгенімен, бұнда адамдардың қарым-қатынасынан өзіңнің дұрыс тұжырымыңды жасайсың. Қателігіңді көресің».
«Көріпкелдің» түсірім тобы жанын шүберекке түйген керемет жандар. Жұмыс істегенде жаны қалмайды. Менің актриса ретінде ашылуыма, ойнауыма септігін молынан тигізіп жатыр. Маған бағыт-бағдар беріп, отырады. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаратын, дәм-тұзы жарасқан жандар. Сондықтан ешкімнің еңбегін еш, жігерін құм қылғым келмейді», – деп ағынан жарылды Жанар Мақашева.
Жалпы, көріпкелдікті әулиенің кереметіне балап, көрегендік деп тану қазақ халқында ертеден қалыптасқан наным. КТК арнасының «Көріпкел» деректі драмасының сыншысы да жоқ емес. Бірақ, бір анығы, аталмыш сериалдың көрермені күн сайын артып келеді. Өйткені «Көріпкелде» наным-сенім емес, адами қасиеттер насихатталады. Жығылғанды тұрғызып, сүрінгенді сүйеп жіберу дәріптеледі.
Көзбен көрген анық, құлақпен естіген танық. Ендеше «Көріпкел» деректі драмасын сейсенбі және сәрсенбінің сәтті күні сағат 15:15-те КТК арнасынан тамашалауға асығайық.
ЧИТАЙТЕ ТАКЖЕ: КТК арнасын тамашалаудың 22 себебі бар!
КТК арнасы әділетсіздіктен қажыған жандардың тауқыметін шешуді өз қолына алды!
Ерланби Дәулетияр: «Ішкі мазмұны келіспеген адам эфирде сүйкімді көріне алмайды»
Асыл Махмет: жаңалық жүргізгенде көз алдымда ауылымның адамдары тұрады
Серік Жанболат: біреудің жазып берген дүниесімен эфирге шығып көрмеппін