{metadescription}
Үйіңізде ет болсын, ет болғанда көп болсын

Үйіңізде ет болсын, ет болғанда көп болсын

Жылына қанша жілік ет жейсің? Малды қазақтар қандай себеппен сояды? Мал сою мәдениетін білесің бе? Сойылған малдың бәріне бата жасалуы керек пе? Ет сүрлеп көрдің бе? 

Бұрындары малды қазақтар мынадай себептермен сойған екен: соғымға, көжеқатыққа, қонақасыға, тойға, асқа, күздікке, тасаттыққа, қаралыққа.

Сойылған малдардың бәріне бата жасалуы керек. Батаны көбінесе еркектер жасайды. Әйел малға бата жасағанмен, басты жемейді. Өйткені ол малды бауыздамайды.

Мал союдың бабы

Малдың алдымен төрт аяғы байланып, басы құбылаға қаратылады. Ірі қараларда тамақтың астына жаңғырық керек. Бата жасалып, сойылынады. Қанын әбден ағызу шарт. Әйтпесе ет ақарайып, қызарып кетеді. Мал тұяғын соңғы рет серпіп болған соң аяғы шешіледі.

Кейбіреулер асып қойып терісін сыпырады. Біреулер ет пен терінің арасын қолымен рейді. Сонда теріге көк ет кетпейді, ет былғанбайды.

Сирақты кескен соң тері мен еттің арасын тірсектен үрлейтіндер де бар. Бұл да жақсы. Сойғанда ауыз-омыртқаны басқа жіберіп қоятындар болады.

Тері сыпырылған соң еркек мүшелеп, әйелдер ішек-қарын тазалайды. Мүшелеген адам жамбастағы ақ тамырды, қолтық еттегі безді, бастағы ұйқы бездерін  алып тастауды ұмытпайды. Егер жамбас ақ тамырымен асылып, ол қонаққа тартылса, үй иесі айып тартады. Мүшеде бірінің еті бірімен ауыспау керек. 

Етті асу

Бұл малдың кәрі-жасына қарай. Кәрі малдың еті жәй піседі. Құнажындар мен бағыландар тез піседі. Еттің қанды көбігі алынған соң тұз салынады. Отты бәсеңдетеді, бығып піскен ет – дәмді. Ет пыса бастағанда астын үстіне ауыстыру керек. Пісіп жатқанда аршылған пияз салсаңыз сорпа тұщы, дәмді болады. Ет пысқан соң астын басып, біраз бықтырған жөн.

Кептіру, сүрлеу

Жазда ет бұзылып, иістенбеу үшін оған аздап тұз сеуіп, желдің өтіне сорғыту керек. Сүйегінен сұрпы етті бөліп алып турап, майға қуырып қойса тіпті бұзылмайды.

Сүрлеу көбінесе күздікте, соғымда болады. Сүрлегенде тошалаға тобылғы жағылып, сырыққа ілінген ет түтінмен морланады. Түтін сіңген ет үсімейді.

Белгілі жазушы Ахмет Жүнісовтің естелігі:

- 1954 жылы Іленің Өріктіарал деген жерінен кәдімгі ауыл құсаған көп тошаланы көрдім. Киіз үй сықылды. Барақ деген байдың салғызғаны екен.Соғымына 30-40 жылқы,100-дей қой соятын ондайларға он неше тошала әзер жетеді ғой. Сүрленген ет мүше, ұша болып бөлек тізіледі. Ұшаны – бала-шаға, үй-іші жейді. Мүше құда бастатқан бір тоғыздікі. Бұны қазақ үштің айында,  бірдің айына, артын жайлауға сақтайды. Жақсы сүрленген ет күреңітіп тұрады. Күшті болады. Бір асасаң жүрегіңе тие қалады. Қазыларының кесілген жері кемпірқосақтай қызылды-жасылды боп тұрады. Жамбастың етек майы мөп-мөлдір болып аржағындағы көрінеді.

Қазақта, өте-мөте жылқышылар, етті сүрлемей жас жегілері келсе, қарға көміп көктемде бір-ақ ашады. Сонда ет жаңа сойғандағыдай жас күйінде болады.

Үйіңізде ет болсын, ет болғанда көп болсын, ағайын!

 

ЧИТАЙТЕ ТАКЖЕ: Тепсе темір үзетін теңге

Мектептегі былық: «Бастауыш сыныпқа мұғалім болу үшін 2 мың 200 доллар әкелесің»

Ауырғанда не істемеу керек?

Қыс қаһарына мінгенде көмірді қайдан табамыз? 

Ерсайын Ерқожа: «Өзінің ата-тегін дұрыс жаза алмайтын мектеп директорлары бар»

Әр күннің несібесі бұйырсын десеңіз...

Сыбайлас жемқорлық туралы сіз білуге тиіс мәлімет

"Көріпкел" көр нәрсеге көзімді ашты

Киіз үй туралы көп адам біле бермейтін дүние

Әлеуметтік желідегі сөздері үшін сотталғандар

КТК арнасы алаяқтарға алданбаудың амалын тапты

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде