Алғашқы медициналық көмек: Өмірің өкінішпен өтпесін
«Сұмдық. Көз алдымда өлді. Жүрек соғысын қалпына келтіруге тым кеш болды. Бірер минут ертерек болғанда аман алып қалуға болар еді. Қолымнан бар келгені - жедел жәрдем шақырдым. Басқа мүмкіндік жоқ деп ойладым. Қателесіппін. Зардап шеккен жанның тынысын тексеріп, жүрегіне массаж жасағанда...әттең...».
Автор: Заира Сабитова
Бұл жол-көлік оқиғасы куәгерінің өкініші.
Білесің бе? Әлемде жыл сайын миллионнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелсе, соның 80 пайызы куәгерлердің көз алдында болады екен.
Егер алда-жалда көлік апатына түссеңіз немесе жолда оқыс оқиғаның куәгері болсаңыз, жедел жәрдем жеткенше алғашқы медициналық көмек көрсету қолыңнан келе ме?
Ұлттық оқу-клиникалық орталығы ұсынады. Әр адам білуге тиіс небәрі екі,ең қажетті медициналық алғашқы көмек.
1. Қолдан тыныс алдыру. Көлік апатқа ұшырады делік. Жүргізушінің бойынан тіршілік белгісі білінбейді. Не істеу керек?
Жасанды тыныс алдыруды неғұрлым ерте бастаса, соғұрлым оң нәтиже береді. Зардап шеккен адамның әуелі денесін қысып тұрған киімдерден босатып, аузын сұйықтан (түкірік, құсық) тазарту керек.
Жүрек қағысын тыңда, мұрнына құлағыңды тосып демалысын тыңда. 10 секунд ішінде демалмай, тыныссыз жатқанына көз жеткізсең, оны көліктен шығарып, тегіс жерге шалқасынан жатқыз. Кеудесін ашып омырауының қақ ортасындағы төс сүйегіне сол алақаныңның білек сүйегі және оның үстінен оң алақаныңмен айқастырып бар күшіңмен басып, кеудеге 3-4 см төменірек 30 рет ритмикалық серпіліс жасайсың. Ол жерде жатыр, сен тізерлеп оның қырынан, жүрек тұсында отырсың. Міндетті түрде басқан сайын дауыстап санайсың. 30 рет жасалады. Бір! Екі! Үш! Төрт!...
30 рет масаж жасаған соң зардап шегушінің басын сәл шалқайтып, (тамақ өңеші мен аузы бір деңгейде болуы қажет) аузына дәке төсеп, 2 рет тыныс саласың Аузың оның аузын толық қамтып, арасынан ауа өтпейтіндей жабысып тұруы қажет. Үрлегенде сол қолыңмен оның мұрнын қысып тұруды ұмытпа. Әйтпесе салған демің оның кеудесіне бармай, мұрнынан шығып кетеді. Кеудесіне жан кірді ме, оны еңкейіп деп салып жатқанда көз қырыңмен бақыла. Жарақаттанушы өз-өзіне келгенше массажды тоқтатпай жаса. Яғни, жүрегіне 30 рет массаж, сосын 2 рет тыныс салу – зардап шегуші өз-өзіне келгенше қайталап істей бересің.
2. Қатты қан кетіп жатса не істеу керек?
Мысалы, қолынан, шынтағының үстінен қан кетіп жатыр делік. Жарақат алған адам қолын қозғалтқан сайын қан көп кетеді. Қан ағып жатқан жерге дәке басып, мата орандысымен таңасың. Сосын қолын жүрек тұсынан жоғары көтеріп кез келген матамен басынан іліп айналдырып байлап қойған жөн.
Айта кетерлік жәйт. Бұл өте маңызды. Егер адамның мұрнынан қан кетсе, басын шалқайтпа!
«Шалқайтсаң, қан тамағына кетіп, қақалып өліп кетуі мүмкін. Мұрнынан қан кетіп жатқан адамның мұрнын әдеттегідей қысып, еңкейтіп ұстаған дұрыс», – дейді Ұлттық оқу-клиникалық орталығының қызметкері Айгүл Досмаилова.
Есіңде болсын:
1. Көмек көрсетерден бұрын міндетті түрде жедел медициналық жәрдем шақыр. Уақытымен, әрі саналы түрде шақырылған «Жедел көмек» пен арнайы қызмет зардап шеккен адамға алғашқы медицина көмегін көрсету уақытын азайтып, оның өмірін сақтайды.
2. Алғашқы медициналық көмек көрсетудің уақыты – жарақат алғаннан кейінгі 30 минут. Тыныс алу тоқтаған кезде бұл уақыт 5-7 минутқа, жүрек тоқтаса 5 минутқа дейін қысқарады.
3. Жарақат алғаннан кейінгі 30 минут ішінде алғашқы медициналық көмек алған адамдар бұл уақыттан кейін көмек алған адамдарға қарағанда жағдайдың ушығу салдары екі есеге төмен болады.
4. Қаза болған 100 адамның ішінен алғашқы медициналық көмек уақытында көрсетілсе, 20 адамның өмірін сақтап қалуға болады.
5. Бір сағат ішінде көрсетілмеген көмек ауыр жараланғандар санын 30%-ға, 3 сағат ішінде көрсетілген көмек 60%-ға, ал 6 сағат ішіндегі көмек 90%-ға дейін өсіреді.
Демек, қаза болған адамдарға дер кезінде көмек көрсетілмесе, бұл адамдар саны екі есе өседі деген сөз.
Ескерту! Жоғарыда жазылған қолдан тыныс алдыру және жүрекке массажды тірі адамға жасуға тыйым салынады.
Ұлттық оқу-клиникалық орталығы біреуге көмек көрсету үшін де тәртіпке бағыну қажеттігін ескертеді.
Айта кетсек, осы жылдың 6 айында еліміздің жолдарында 7 127 жол-көлік оқиғасы орын алып, онда 9 992 адам зардап шексе, 738-і қаза тапқан.
Ең көп жол апаты Алматы қаласы, Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарында орын алған.
Адам өлімі бойынша Алматы облысы алда тұр – 162 адам жол апатында қаза тапқан.
Бірінші жартыжылдықтағы ең үлкен жол-көлік оқиғасы Ақтөбе облысында тіркелді. Жол апаты кезінде 16 адам зардап шекті, оның 9-ы қаза тапты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ҚҰДАЙ МАҢДАЙЫНАН СҮЙГЕН АКТЕР – ҚҰМАН ТАСТАНБЕКОВ
МҰЗАФАР ӘЛІМБАЕВ: «ЕҢ ЖАҚСЫ ӨЛЕҢІМДІ МЕН ӘЛІ ЖАЗҒАН ЖОҚПЫН»
ЕГЕМЕНДІК: ҚАЗАҚЫ ҚАҒИДАСЫН ҚАЛТ ЕТПЕГЕН КЕЙІПКЕРЛЕР
ЗЕЙНЕТАҚЫ-2018: ЖАҢА ЖЫЛДА БІЗДІ НЕ КҮТІП ТҰР?
ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ ӨЗГЕ ҰЛТТЫҢ СҮЙСІНІСІН ТУДЫРА БІЛГЕН ҚАЗАҚ ӘНШІСІ