Кесар тілігінің келешекке кесірі тиіп жатқан жоқ па?
"Кесар кесу – дұрыс емес. Бұның кемшіліктері көп. Ота жасалған келіншек үш-ақ рет нәресте көтеруге қауқарлы. Ал өзі босанған әйел 10-13 бала сүйе алады. Кесар кесу отасының халқымызға кесірі тиеді деп ойлаймын. Үш-ақ баламен шектеліп отырсақ, демографиямыз қалай көтеріледі?"
"Мысалы, мындай бір оқиға: жол-көлік апатына түскен жүкті келіншек аяғынан жарақат алды. Дәрігерлер оның жеті айлық нәрестесін кесарево жасап алып, содан кейін аяғына ота жасады. Міне, осындай оқыс оқиғада сәбиді ота жасап алған – дұрыс. Ал енді «10 мыңға, 50 мың теңгеге кесарево жасап берем» деп ұсыныс жасайтын дәрігерлер туралы әңгімелер – рас. Дәрігерлер сөйтіп көлденең табыс табады. Он екі мүшесі сау келіншек, былай айтқанда, алпыс екі тамыры босап, табиғи жолмен таппай, сәбиін ішін кесіп алдырғанның салдары қандай? Шілде тері шығып, өз күшімен босанбағанда ішінде ауруының бәрі қалады, демек, кесірі тиеді. Жасы жетпей қартаяды, басқа аурулары қозады. Өз күшімен, яғни табиғи жолмен әжелеріміз сияқты босанған келіншектердің денсаулығы да мықты, көп бала тууға да қауқары бар деп ойлаймын".
Бұл «Аптап» бағдарламасындағы «Көлеңкедегі адамның» пікірі. Сонымен, кеден неден болды, кедергі неден болды демекші, кесар кесу отасының келіншектерге кесапаты тиіп жатқан жоқ па?
АНЫҚТАМА: Кесар тілігі немесе кесар кесуі (кесарево сечение, латынша sectio caesarea – кесу, жару) – іштегі баланы құрсақты, жатырды жарып шығарып алу. Жүкті әйелдің жамбас қуысы тар болса, қынабына не жамбас сүйегінің құрылысы өзгерсе, бала жолдасы жатырға жабысып қалса, жатыр қабынып ісінсе, әдеттегідей босана алмайды. Мұндай жағдайда, кесар кесуі қолданылады. Түрлі себептен жатырда өлген баланы да осылай шығарып алады.
Елімізде өмірге сәби әкелген әрбір үшінші әйелге кесір тілігі жасалады екен. Тіпті перзентханаға өзім босанамын деп барып пышаққа түсіп жатқандары да кездеседі, – дейді КТК арнасының тілшісі Берік Жұмабайұлы. Аптап бағдарламасының тілшісі кесір тілігінен ойламаған жерден пышаққа түскен келіншектің аурушаң болып шыға келгені туралы айтады.
ҚР Денсаулық сақтау министірлігінің мәліметінше, елімізде 2015 жылы 67 477 нәресте кесар кесу әдісімен туылған. Ал 2016 жылы бұл көрсеткіш 4,2 пайызға өсіп, 70 351-ге жетіпті.
Былтыр Ұлыбритания кесір тілігін жасатудың жаңа түрі – асықпай жасалатын кесір тілігі отасын қолға алды. Айтуынша, тілік аздап кесіліп, нәрестенің басынан бастап шығару, кіндігін кесу асықпай жасалып, шарананың құрсақтан өздігінен шығуына мүмкіндік беріледі екен.
Әдетте кесір тілігі арқылы өмірге келген сәбилер сыртқа жылдам шыққандықтан өмірге бейімделіп үлгермей, көбінесе тыныс алуы қиын болады. Британдық акушер Белианда Глиннің айтуынша, асықпай жасайтын кесір тілігі арқылы өмірге келген сәбилердің денсаулығы қалыпты кесір тілігімен туғандармен салыстырғанда сау болып келеді.
Ал Бразилия әйелдерінің 56, Египет аналарының 47 пайызы, Қытай мен Ресейде – 25 пайыз кесірге жүгінеді екен. Жапондар кесірге қарсы емес, бірақ оңды-солды қолдана бермеу үшін заң қабылдаған.
Дәрігерлер кесір тілігінің кесапаты барын да жасырмайды. Шұғыл отадан бөлек, кейбір қыз-келіншектер дене бітімінің сымбаттылығын сақтап қалу үшін кесір тілігін жасауды өздері сұрайды екен. Бұл ана мен бала денсаулығына зиян дейді дәрігерлер.
«Кесір тілігі – ағзаға ауыр хирургиялық араласу. Әрине, кемшілігі бар. Отадан кейін болашақта ішектің өтімсіздігіне әкелуі мүмкін, түрлі асқынулар болып, қан кетуі мүмкін, инфекциялық қауіптері де бар. Бұл әйелдің де, баланың да денсаулығына жақсы емес. Соңғы кездері кесір тілігінің жиілігі көбейіп барады. Былтыр кесір тілігінің жиілігі 17 пайыз болса, қазіргі көрсеткіші 17,6 пайыз. Неліктен? Біріншіден, технологияның дамуы. Соңғы кезде доппленометрия, кардиотокография әдістерін жиі қолданылады. Яғни, іштегі шаранаға диагностика жасау тәсілі . Сондықтан босанғанда белгілі бір асқынулар туса, біз жедел түрде кесір тілігін жасап, тездетіп босандырып аламыз», – дейді акушер-гинеколог Люция Қыздарбаева.
Кесір тілігінің кесірі тек ана денсаулығына ғана әсер етіп жатқан жоқ. Ол халықтың өсіп-өнуіне де тежеу болады дейді демографтар. Демограф-ғалым Әзімбай Ғалидың айтуынша, қазақта туу құлдырап бара жатыр, орта есеппен санағанда қазақта 2,6-2,7 – үш балаға тумайды, бұл белгілі сауал туғызады. «Медик болмағандықтан, біз тек қана әлеуметтік демографиялық салдарын айтамыз, өкініштісі, көп бала туу идеалы жойылып бара жатыр», – дейді Әзімбай Ғали.
Ал исламда кесір тілігін жасауға рұқсат берілген бе? Бұл сауалға «Аптап» бағдарламасында Бас мүфтидің кеңесшісі Осман Мұхаммед жауап берді.
Сондай-ақ, кесір тілігінің көбеюіне не себеп?
Дәрігер мамандар қандай кеңес береді?
Кесір тілігі кімнің кежегесін кейін тартқызып тұр?
Кендірі кесілгендердің пікірі қандай?
Осы тақырыпқа арналған шығарылымды сайттан және басқа да көкейтесті мәселені КТК эфирінен әр жексенбіде сағат 20:00-де «Аптап» бағдарламасынан қараңыз. Көзге күйік болған, көзге түскен, көзге оттай басылғанның аптығын басып, райын анықтайтын – Аптап!
Сондай-ақ, КТК жаңалықтары жасаған кесір тілігіне қатысты оқиғаларды да сайттан қарауға мүмкіндік бар.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ЕРБОЛ СЕЙІЛХАН: «ТІЛШІ РЕТІНДЕ НЬЮ-ЙОРК САПАРЫНАН КӨП НӘРСЕНІ ТҮЙДІМ»
АЯЗ! СУЫҚТАН ҚОРҒАНУДЫҢ АЙЛА-АМАЛДАРЫ
ҚАЗАҚСТАНДЫ ШАРЛАП ШЫҒУДЫҢ 7 СЕБЕБІН БІЛЕ ЖҮР
ҚР ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА ЖОЛДАУЫ
ЮЛДУЗ УСМАНОВА: «ҚАЗАҚСТАНДА ӨЗІМДІ ҚАЗАҚ СЕЗІНЕМІН»
2018 ЖЫЛҒА ЖҰЛДЫЗ ЖОРАМАЛ – ҚИЫР ШЫҒЫС АСТРОЛОГТАРЫНЫҢ АКАДЕМИЯСЫ