{metadescription}
Герольд Бельгер: Қаламымды тастаған күні құдекең мені алып кетеді

Герольд Бельгер: Қаламымды тастаған күні құдекең мені алып кетеді

Ол қазақша жазар алдында үнемі Абайға жүгінетін. Орысша жазу керек болса Библияға үңілетін, ал немісше жазарда Гетені парақтайтын.

Қазақ туралы пікірі әуел бастан жоғары, қара қазақ өз болмыс-бітімінен «айрылып қалмаса екен» деп алаңдаған жазушы, аудармашы, публицист Герольд Бельгердің арамыздан кеткеніне үш жыл толыпты.  

Қазақтың сөзін қазақтан артық айтпаса, кем айтпайтын бір адам бар еді. Саналы ғұмырында теңі бар, теңдесі жоқ бейнеге де бедерлі қазақ тілінде айтқан Гер ағамыздың жүрекжарды  лебізін есімізге алсақ:

«Қазақ тілінің байлығын, қоректілігі, бояуын астын сыза, жұрттың бәріне сіңдіргім келеді. Қазақ тілі, – ерекше құдіретті тіл. Өз күшімше, әлімше соны түсіндіріп келемін. Лексикалық жағы, сөз байлығы басқа ұлттардан әлдеқайда  асып түседі. Академияда 1-2 миллион сөздік қоры бар екен. Қай елде бар? Англияның тұтас сөздігінің өзінде 240 мың, Маяковский, Пушкин, Гетені алсақ, солардың өзінде 15-18 мың сөздің төңірегінде. «Абай жолында Әуездің қолданатын сөздік саны 16 мың 893! Демек, 17 сөзі кем – 17 мың!»

Жеті жасынан жер аударылып келген баланың жүрегі қашан да «қазақ» деп соқты. Гер ағадан ең қызықты күндері туралы сұрағанда ол Солтүстік Қазақстандағы Ленин ауылындағы алаңсыз шағын аузына алатын. Сол топырақта бала Герольдтің табанының ізі сайрап жатыр.

«1941 жылы соғыс басталғанда Еділ бойының немістерін жаппай Қазақстанға көшірген. Еділ бойынан Есіл бойына келдік. Кішкене ғана Ленин атындағы қазақ ауылы, бір орыс, бір неміс отбасы бар. Қазақтың арасында өстім. Маңайымның бәрі қазақ. Оқитыным қазақтың мектебі, ойнайтыным қазақтың балалары. Сонымен немістігім артта қалып, қазақшаға біртіндеп көше бастадым. Екінші сыныптан бастап қазақ әрпін үйреніп, бесінші сыныпта қазақ балаларымен теңелдім. Тіпті еміле жазу жағына келгенде олардан асып түстім. Қазақтың грамматикасы әлі басымда сайрап тұр. Қазақтың синтаксисі, сөйлем құрылысы, орфографиясы, орфоэпиясы».

«Есімнен өмір-бақи кетпейтіні – жер аударылғаным. Сонау Еділ бойынан жазықсыздан-жазықсыз жер аударылғаным еш уақытта есімнен кетпейді. Оны әрдайым жазам, кітаптарымның негізгі тақырыбы да сол. Немістердің автономиясын құлатты, қиратты, таратты. Жан-жаққа жер аударды. Мектептен, өз тілінен, өз мәдениетінен ажыратты. 7 жасымнан бастап осы кезге дейін оны ұмытпаймын. Қазір қазақтың тарихын, тағдырын ойласам, қазақтың тілін ойласам, қазақтар да осы жолға түсіп кете ме деп қорқам».

"Солтүстік Қазақстан қазақтарының бәрі мені жерлесім  деп есептейді. Қошаметтейді. Ал  мен қызмет істеген Байқадам деген жердің тұрғындары, Сарысудың, Тараздың қазақтары да мені жерлес көреді. Сонымен менің жағдайым жаман емес (күліп жіберді). Көп қазақтың арасында бір неміс боп мен де жүрмін".

«2-ші сыныпта оқып жүргенімде «Кім боласың?» деген сұраққа жауап жаздық. Көбісі басқарма, бригадир болам деді. Аузыма құдай салған болуы керек, «жазушы боламын» дедім. Сонда Шаяхмет деген досым: «Сен жазушы болсаң, мен мұрнымды кесіп берейін» деген. Сол кезден бастап күнделік жаздым. Осы күнге дейін күнделік жүргізіп келемін.Оның бәрі жинаулы, егер басып шығарса, кемінде  30-томдық шығарма болайын деп тұр».

«Мен қазақ алфавитін өзгертуді қалайтын адамдардың бірімін. Латын қарпіне көшудің жолында жүрген адаммын. Мақсатым – латын әрпіне көшсек, Шығыс, оның ішінде түркі халықтарының басы қосыла ма деген ой. Қазақ қайсысын қабылдаса, қайсысын дұрыс деп есептесе, мен соған қолымды көтерем де, соның бағытымен кетем».

«Бірінші тірегім – ата-анам. Екінші рухани тірегім – қазақтың ауылы. Жақсылықтың бәрін мен қазақ ауылынан алдым. Ол кездегі қазақтар бүгінгіден өзгешелеу болатын. Әлдеқайда мәдениеттілеу, бауырластық жағынан әлдеқайда кең пейілді болатын. Жүрегі алтын адамдар еді. Қазір мен ондай қазақ көрмеймін. Қазақтар қазір құлдырап төмендеп, өзінің бар қасиетінен біртіндеп айырылып келе жатқан сияқты. Үшінші рухани тірегім – кітап. Кішкентайымнан кітапқа әуес болдым. Көп оқыдым. Үш тілде. Мені адам қылған осы менің рухани үш тірегім».

«Қазақ тілі қазір тек қана кедей қазақтарға, ауылдың қазағына, доллары жоқ қазақтарға керек боп қалды. Қазақтың өзінің жүрекжарды тілі болуы керек. Соған жете алмай жүрміз. Оны мен емес, қазақтардың өздері айтуы тиіс. Менікі жәй ғана қазақтың арасында өскендіктен, қазақтың тілін білгендіктен, қазақтың өзін танығандықтан айтып отырған дүние ғой».

Бельгердің қолынан өмірінің соңына дейін қаламы түспеді. Жоспар бойынша 10 томдық шығармалар жинағын шығарып кетуі керек болды. Оны құдай алдындағы парызындай сезінді. Ауруханада инфаркт болып жатқанда құдекеңнің «қаламыңды тастаған күні алып кетем» деген үнін естігендей болды. Сондықтан жүрдек қаламы қағаз бетінде жүйткіп отырды. Жазбасқа қақы жоқтай көрінді.

«Белі кеткен ескі диваным бар үйімде. Соған жатып  қаламымды сүйкей берем. Қазір денсаулығым төмендеп кетті, көп жүре алмаймын. Шетелге шықпаймын.Ол тұрмақ Қазақстанның өзінде жүрісім азайып кетті. Сондықтан мен қазір фамилиямды өзгертіп, Бельгер емес, «Дивани» деп жүрмін». Герольд ибн Карл әл-Дивани. Маған ұнайды! (күлді)».  

«Қазақтан менің өзгешелігім сол, әйелім – біреу, балам – біреу, немерем – біреу, шөберем – біреу».

«Арманым – үйім кең болса. Шіркін, бір қабырға толған – қазақша, екінші қабырғам толы немісше, үшінші қабырғамда орысша кітаптар тұрса! Қасында бір үлкен диван болса, компьютер, сосын бір бұрышта әдемі келіншек отырса – хатшым боп», – деп шымбайымызға батырып та айтып, әзіл-қалжың аралас сөйлеудің шебері Гер ағамыздың тамаша сұхбатын "Жүрекжарды" шығарылымынан қараңыз

 

 

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ПАЙДАЛЫ КЕҢЕС: ТАБЫСТЫ БОЛҒЫҢ КЕЛСЕ, 7 НӘРСЕДЕН ҚАШЫҚ БОЛ

КЕСАР ТІЛІГІНІҢ КЕЛЕШЕККЕ КЕСІРІ ТИІП ЖАТҚАН ЖОҚ ПА?

ЕРБОЛ СЕЙІЛХАН: «ТІЛШІ РЕТІНДЕ НЬЮ-ЙОРК САПАРЫНАН КӨП НӘРСЕНІ ТҮЙДІМ»

ҚАЗАҚСТАНДЫ ШАРЛАП ШЫҒУДЫҢ 7 СЕБЕБІН БІЛЕ ЖҮР

ЮЛДУЗ УСМАНОВА: «ҚАЗАҚСТАНДА ӨЗІМДІ ҚАЗАҚ СЕЗІНЕМІН»

2018 ЖЫЛҒА ЖҰЛДЫЗ ЖОРАМАЛ – ҚИЫР ШЫҒЫС АСТРОЛОГТАРЫНЫҢ АКАДЕМИЯСЫ

КЕТТІК ТОЙҒА: КТК АРНАСЫНЫҢ ТОСЫН СЫЙЫ ЖҰҒЫСТЫ БОЛСЫН!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде