{metadescription}
Дау-дамайсыз: Жарты жылда не тындырдық?

Дау-дамайсыз: Жарты жылда не тындырдық?

«Дəл қазір КТК тілшісі Қапшағайда бір мемқызметкерді қуып жүр, ол ұстатар емес. P.S. Шұғыл түрде КТК-ны қараңыз!»

«Осы бағдарламаның арқасында қанша отбасы түйткілді мəселесін шешіп жатыр. Алғыс! Happy and! Кейіпкерлеріне ала алмай жүрген бір жылдың жалақысын əперіп, баспана тауып беріп, жер алуға себепкер болып, «екі аяқты жыртқыштарды» тізе бүктірді! «Дау-дамайсызға» көрермен риза». 

«Қазір «Дау-дамайсыз» бағдарламасын қарап отырмыз. Қасірет шеккен жандарға көмек қолын созып жəрдем беріп жатқандарыңызға мың да бір рахмет!»

«Халыққа көмек бересіздер, сіздерге алланың нұры, рақымы болсын!»

«Елімізде сіздер сияқты шыншыл жандар көп болсын! Алла жар болсын. Шын жүрегіммен айтып жатырмын. Осындай бағдарлама көп болсын, сіздерге табыс тілеймін!»

«Шырылдаған жандарға көмек беріп жүргендеріңіз үшін алла күш-қуат берсін».

«Əділдік іздейтін, жанұшырып жандарын шығарып, «Ұятсыз» деген сөзді бетіне лақтыра салатын қайсар мінезді журналистер көп  болса əділдік орнайды! Осы бағдарлама қатты ұнады!»

«Я только что посмотрела вашу передачу, спасибо вам за заботу и бескорыстие к тем людям».

«Бағдарламаны көрдім, өте аянышты жағдай. Қыздың өміріне бір таңбасын қалдыратын болды. Есінен көрген түстей шығып, ұмытып кетсе екен. «Дау-дамайсыз» бағдарламасының ұжымына барлық жақсылықты тілеймін».

«Жалғасын, нəтижесін күтеміз. Күйеуімізбен осы бағдарламаны үзбей көреміз. Балаларым да осындай бағдарлама барына шүкір дейді».

«Қайсар, ер мінезді жан екенсіз, сондай разы болдым. Қанша есіктің алдына барып,бейкүнə балаға жаныңыз ашып бір жыртығын жамауға тырыстыңыз. Осындай шын ниетімен жұмыс жасайтын жүрегі кең журналистер көбейе берсін. Дау-дамайсыз бағдарламасын үзбей көруге тырысамыз. Ұжымдарыңызға сəттілік тілеймін. Жақсы дүниелер көбейе берсін!»

Бұл КТК арнасының «Дау-дамайсыз» бағдарламасына арналған көрермендер лебізі. Көбісі whats-app мессенджеріне жазылған ( screenshot сақталған).

Былтыр күзде эфирге шыққан «Дау-дамайсыз» жобасы заңгерлердің көмегімен жұрттың əлеуметтік түйткілін жылдам шешіп беруді мақсат еткен. Жарты жылда жобаның арқасында жүздеген кейіпкерлердің тағдыры көрсетіліп, тығырыққа тірелген жандардың мәселесі шешіліп келеді.

1. Ауыл имамы мен тұрғындар арасындағы дау. Алматы облысының Қарасай ауданындағы Исаев елді-мекенінде молдадан жер сатып алып сан соғып қалған тұрғындардың даулы мəселесі шешімін тауып, соңғы нүкте қойылды.

2. Екі мүгедек баласын жетектеген ана. Еңбекшіқазақ атқамінерлері көп балалы ананың жанайқайына құлақ салмаған. Жалға берілетін баспанадан қудаланып, ай сайын көшіп қажыған отбасына және мүгедек балаларына  тиесілі медициналық, әлеуметтік көмек көрсетілуде. Көп балалы ана енді далада қалмайды.  

3. Туғаннан мүгедек балалар өзіне тиесілі арнайы ортопедиялық аяқ киім алу үшін аяғынан таусылған. Республикалық протезді-ортопедиялық орталық шуды тез шешті. Төрт жыл күткен арнайы аяқ киім  он күн ішінде дайын болды. Бюрократиялық өткел ашылды. Заңды талап етілді, енді мұқтаж жандар өз құқын біледі.

4. Балалар үйінің тәрбиеленушісінің жүкті екенін жасырып, оны  құжатсыз қаңғытып жіберген. Даулы оқиға бүге-шігесіне дейін зерттеліп, оны Ішкі істер департаменті бақылауға алып, іс сотқа жіберілді.

5. Қордаланған қоқыс. 23 жыл бойы жиылмаған Алатау ұлттық саябағының қоқысы үш сағатта тазаланды. Шырайлы жерді иемденіп отырған қожайынның есімі аталып, жол-жөнекей Қаскелең қаласындағы полигонға айналған қоқыс 35 минутта мұнтаздай болды.

6. Сүт өндіру фермасының тұрғындарын  қызылкеңірдек қылған мәселе. Тұралаған ауылдың тұрмысы. Медпункт ашылып,  енді аптасына алты күн істейді. Әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандардың иығынан  ауыр жүк түскендей. Қазір олар инво-такси қызметін пайдаланып жүр. Тұрғындарды әбігерге салған су тәулгіне екі рет ағып тұр. Мүгедек отбасы үй салығынан құтылып, шипажайға тегін жолдама алды. Сөйтіп елеусіз қалған елді-мекеннің мәселесі шешілді.

7. Білімдегі былық. ОҚО, Сарыағаш ауданындағы заңсыздық. Жұмысқа тұру үшін қомақты пара талап еткен. Мектепте жөндеу жұмыстары аяқталмаған. Сабақты тастап сотты жағалаған мұғалімдерге «Дау-дамайсыз» араша түсті. Аудан әкімі, екі мектеп директоры, екі мектеп меңгерушісі облыстық активте сөгіс алды.

8. Білім алу құқығы шектелген жасөспірім. Әріп танымайтын жетім бала тентіреп жүрген. Бұл мәселені шешу оңай болған жоқ. Баланың сөйлеу қабілеті мен ой өрісін дамыту үшін арнайы мамандар тартылды. «Дау-дамайсыздың» араласуымен баланың қиын тағдыры түбегейлі өзгерді. 

9. Бес жасар баланың бес ай азапты өмірі. Көлік қағып бас миы зақымданған бала сөйлеу, көру, есту, тамақ ішу, сезу сезімдерінен айырылған. Полиция мен дәрігерлер  отбасынан теріс айналған. Алайда «Дау-дамайсыз» қаншама еңбектеніп Шапағатқа әлеуметтік жәрдем беруге көмектескенімен, оның жаны қиылып кетті. Бес ай бұғып жатқан іс КТК тілшілрі араласқан соң  қимылға көшті. Шапағатты қағып кеткен көлік жүргізуші сот алдына барып, заңды үкім шықты.

10. Он бір жылмен өткен ит өмір. Əйгілі фильмнің декорациясын 10 жыл күзеткен ерлі-зайыпты қарауылдың ащы жанайқайы тыңдалды. Маңдай ақы, адал еңбегін жегендер заң алдында жауап берді. Кәсіпкер мен инспектор қылмыстық-әкімшілік жазаға тартылды. Бұл іске қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр.

11. Балаларын соттың шешімінсіз анасынан тартып алған. Қос ұлын кəмелет жасқа толмағандарды бейімдеу орталығына қамап тастауға рұқсат берген. Араша сұраған ананың тауқыметі шешілді.

12. Бала дауы. Алматы қаласының тұрғыны  бес баланың анасынан тұңғыштарын тартып алған. Анаға зəбір көрсеткен. Жаяудың шаңы, жалғыздың үні шығатыны дəлелденіп, заңсыздыққа жол берілмеді.

13. Оралмаған оралман. Екі ай бойы үйіне оралмаған Қытайдан келген қандасымыздың туыстарына көмек берілді. Ресми мекемелерге сұрау салынды.

14. Пəтер жалдаушылар апалы-сіңлінің баспанасын тартып алып, олар көшеде тентіреп қалған. Мəселеге ресми органдар араласып, оң шешімі табылды.

15. Үш жасар өгей қызын өлімші етіп тістелеп, мұрнын қыршып, бір уыс шашын жұлып алған. Бұл оқиға ана мен баланың жүрегіне жазылмас жара салды.  Сәбиге қатыгездік жасаған қаскөйдің ісін психологтар бірауыздан «садизм» деп бағалады.Балаға пластикалық ота жасалды. Психологтар тартылып, өгей əке енді заң алдында жауап береді. 

16. Зарықтырған баспана. «Дипломмен – ауылға!» деп ұрандатып келген жас отбасының өз шаңырағын армандағанына 16 жылдан асыпты. Алтын алқа иегерінің талабы тыңдалды. Түсірілім тобы кете салысымен шенді-қаралар көп балалы отбасына баспана бөлді. Қыстық көмір түсіріліп, азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Балалар жаңа жылды жаңа үйде қарсы алды.

Айта кетсек, «Дау-дамайсызға» хабарласып көмек сұрағандардың көбісі өздерінің заңды құқығын білмейтін боп шықты.

Адамның аласы да, құласы да болмай ма? Бағдарламаның қос репортері Жазира Бегалы мен Гүлмира Әбіқай жарты жыл ішінде небір қитұрқы әрекеттің, адамдардың сауатсыздығының, құқығының тапталғанын, шенеуніктердің салғырттығы мен немқұрайлығының  куәсі болды.

Сөйтіп, «Дау-дамайсыз» шыбын жанын шүберекке түйіп, шыбын жаны шырқырағандардың шырылына құлақ асуда.

«Дау-дамайсыз»  шырқыраған жандардың жанайқайын шыбын шаққан құрлы көрмейтін шенеуніктердің шымбайына батырып шаңын қағуда.

«Дау-дамайсыз» шөп басын сындырмаған шенеуніктерді бір шыбықпен айдауда!

Мемлекеттік мекеменің табалдырығын тоздырып мезі болып салы суға кеткен жандарды  «Дау-дамайсыз» жобасы рухани жаңғыртты деуге болады.

Мәселесі шешілген әр кейіпкер енді өз құқығын біледі, қорғай алады, талап ете алады деген сенім бар.

Әр аптаның сенбісінде сағат 20:30-да КТК арнасынан "Дау-дамайсыз" бағдарламасын қалт жібермей қараңыз! 

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ГЕРОЛЬД БЕЛЬГЕР: ҚАЛАМЫМДЫ ТАСТАҒАН КҮНІ ҚҰДЕКЕҢ МЕНІ АЛЫП КЕТЕДІ

ПАЙДАЛЫ КЕҢЕС: ТАБЫСТЫ БОЛҒЫҢ КЕЛСЕ, 7 НӘРСЕДЕН ҚАШЫҚ БОЛ

КЕСАР ТІЛІГІНІҢ КЕЛЕШЕККЕ КЕСІРІ ТИІП ЖАТҚАН ЖОҚ ПА?

ЕРБОЛ СЕЙІЛХАН: «ТІЛШІ РЕТІНДЕ НЬЮ-ЙОРК САПАРЫНАН КӨП НӘРСЕНІ ТҮЙДІМ»

ҚАЗАҚСТАНДЫ ШАРЛАП ШЫҒУДЫҢ 7 СЕБЕБІН БІЛЕ ЖҮР

ЮЛДУЗ УСМАНОВА: «ҚАЗАҚСТАНДА ӨЗІМДІ ҚАЗАҚ СЕЗІНЕМІН»

 

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде