Халқың жасаған мәдени мұрадан құралақан қалмайын десең...
21 ақпан – Халықаралық ана тілі күні (International Mother Language Day) – ЮНЕСКО-ның қаулысымен 2000 жылдан бастап әр жылдың ақпан айында тілдік және мәдени ерекшеліктер мен көптілділікті сақтау мақсатында бекітілген.
Автор: Заира Сабитова
2003 жылдың 21 ақпанында ЮНЕСКО-ның бас директоры К. Мацуура былай деген:
«Не себептен ана тілге үлкен мән беріп отырмыз? Тілдер қабылдау мен ойлаудың және қатынастың құралы және әлемге деген көзқарасымызды жеткізудің жолы, өткен мен бүгіннің және келер күннің арасындағы байланыс».
Халықаралық ана тілі күнін белгілеудің бір себебі ретінде осы жойылуға бет алған тілдерді сақтап қалу мәселесі де қарастырылған.
Біле жүріңіз:
1. Мамандардың айтуынша, тілдердің өмір сүруі үшін ол тілде кемінде (жүз мың адам сөйлеуі керек екен.
2. ХХ ғасырдағыдай тілдердің өлуі бұрын-соңды болмаған. Жаңа технологиялардың қарқынды дамуы аз тұтынушылы тілдердің жойылуына негізгі себеп ретінде қарастырылады.
3. ЮНЕСКО-ның есебі бойынша, әлемнің шамамен 6000-ға жуық тілінің жартысы жуық арада өз тұтынушыларын жоғалтуы мүмкін.
Ендеше Халықаралық ана тілі күніне орай, ана тілін дамытуға өзіндік үлесі бар азаматтардың бір ауыз тіл туралы лебізін тыңдасақ.
Дулат Исабеков, жазушы:
«Алғашқы естіген сөзің – анаңның тілі, анаңның әлдиі болуы керек. Саған алланың берген ең жақын досы – тілің. Балабақша, мектеп бояуы қанық тілге үйрете алмайды. Онда тек кезекші сөздерді үйренесің. Ана тіліңнің бояуы, реңкі кішкентайдан құлағыңа сіңуі керек. Ана тілінде ертегі тыңдамай өскен баланың тілге, ұлтқа көзқарасы суықтау. Ана тіліңде түс көру керек».
Шерхан Мұртаза, жазушы, қоғам қайраткері:
«Ана тілінсіз халық болмайды. Тілінен айырылған ұлт – тарихынан, түп-тамырынан айырылған ұлт. Тілсізді ұлт деуге болмайды. Тілінен айырылған халық – ата-бабасының, туған әкесі мен анасының атын ұмытқан халық. Ал ондайларды мәңгүрт деп атайды».
Әбіш Кекілбаев, Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері:
«Жалпы түгел тәуекелге мінбей тұрып, жалқы ештеңе бітіре алмайды. Қарапайым ел деген болмайды. Жеріне, суына, тіліне, дініне, тарихына, тағдырына ие халық деген болады. Тек сондай халық қана есерін түзеп, еріне медет бола алады. Қорлана бермей, арлана білейік. Намыстың сөзін сөйлейік».
Сауық Жақанова, ҚР еңбек сіңірген әртісі, диктор:
«Ана тілінде сөйлеген ауылда әжемнің үні, қалада университет мұғалімдерінің үні санамда қалды. Құйма құлаққа құйып жіберейін деп үйретті. Қазір қазақша дұрыс сөйлей аламыз ба? «Ң» әрпін айта алмайтындар толып жатыр. «Т» әрпін ағылшынша «тэ» дейді. Сөздің соңын жеп қояды. Қазақтың дауысты дыбысын құбылту арқылы әндей шырқауға болады. Атақты Левитан Алматыға келгенде: «Сіздердің сөйлегендеріңізді тыңдадым. Мәтінін түсінбесем де, дыбыстарыңыз ән салып тұрған сияқты» деп айтыпты. Ана тілін қасыңдағы адамнан үйренесің. Қасыңда дауысында қазақтың қара домбырасының күмбірі бар адам болса, таза тілді үйренесің. Таза ана тіліңмен дүйім жұртты өз айтқаныңа имандай иландыра аласың. Атақты диктор Әнуарбек Байжанбаев студиядан шыққанда рахаттанып: «Бір әріпті қисайтпай оқып шықтық» деуші еді.Сонда нені меңзеді? Тілді дұрыс сөйлемей бара жатырмыз. Сөздің айтылу ырғағы бар. Соның бәрі неден шығады? Соның бәрі Әнекеңнің бір-ақ сөзінен шығады».
Сауық Жақанованың дауысының ерекшелігін, үнінің әуезділігі жайлы айтқанын мына жерден қараңыз.
Нұртөре Жүсіп, журналист:
«Қазақстанда тұратын халықтың басым бөлігі қазақтың тілін біледі, түсінеді деп ойлаймын. 75-80 пайызы біледі, бірақ қолданбайды. Әңгіме білу-білмеуде тұрған жоқ – қолдануда. Яғни қазақтың тілін қолданылуының себебі неде деп ойластырып, қарастыруымыз керек. Қазақ тілі – бай тіл. Оны жақсы көргеніміз сондай, өзімізден өзіміз қызғанамыз, мемлекетімізден қызғанамыз. Қазақтың тілі – Қазақстан мемлекетінің тілі. Демек, қазақтар жаны ашып, қамқор болып, оны барлың адамның түсінісу, қолдану, тұтыну тіліне айналдыру үшін бай, құнарлы, керемет тілімізді, ұсталардың тілімен айтқанда, жонуға тра келеді».
Серкан Хастюрк, Қазақстанда тәуелсіздік алғалы елге қызмет етіп келе жатқан түбі бір туысқан түрік азаматы:
«Қазақ тілі түрік тіліне өте жақын. Қазақстанға келгенімде алғашқы алға қойған мақсатым – осы елдің тілін жақсылап білу болды. Тез арада меңгеріп алдым. Өйткені тек тіл арқылы қарым-қатынас жасайсың. «Тіл – бір ұлттың паспорты» деп айтқан Әзірбайжанның ақыны Бахтияр Вагабзаде. Тіл болса, ұлт болады».
Алла тағала әр ұлтты жаратқанда, сыйға – ана тілін береді екен дейді. Жер бетіндегі әр ұлт өзінің ең әуелі тілімен ерекше.
Тіл – халықтың қалыптасу кезеңдерімен қатар жүреді. Сол үшін ана тіліміздің қадіріне жетіп, дамып, өркендеуіне, келешекке кемел жетуіне өз үлесімізді қосайық...
Ана тілі туралы құлақтың құрышын қандырып айтқан белгілі тұлғалардың жүрекжарды сөздерін сайттан тамашалаңыз.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: МИНИСТРГЕ ТӨРТ СҰРАҚ
ДАУ-ДАМАЙСЫЗ: ЖАРТЫ ЖЫЛДА НЕ ТЫНДЫРДЫҚ?
ГЕРОЛЬД БЕЛЬГЕР: ҚАЛАМЫМДЫ ТАСТАҒАН КҮНІ ҚҰДЕКЕҢ МЕНІ АЛЫП КЕТЕДІ
КЕСАР ТІЛІГІНІҢ КЕЛЕШЕККЕ КЕСІРІ ТИІП ЖАТҚАН ЖОҚ ПА?
ЕРБОЛ СЕЙІЛХАН: «ТІЛШІ РЕТІНДЕ НЬЮ-ЙОРК САПАРЫНАН КӨП НӘРСЕНІ ТҮЙДІМ»
ЮЛДУЗ УСМАНОВА: «ҚАЗАҚСТАНДА ӨЗІМДІ ҚАЗАҚ СЕЗІНЕМІН»