{metadescription}
Жүз көгершіннің ішінен өзі кептерімді жазбай танимын...

Жүз көгершіннің ішінен өзі кептерімді жазбай танимын...

40 жыл бойы көгершін бағып отырған қазақ кептершісінің бейбітшілік құсы туралы әңгімесін қаз-қалпында ұсынып отырмыз.

Таныс болайық, қазақ кептершісі – Кәдірбек Орынханұлы. Жасы 62-де. Отағасы жылы жүзді, ерекше ұстамды екен.  Көгершіндері  туралы әңгімелегенде көзі жайнап, айрықша ыждамен сүйсініп сөйледі.

Кәдірбек  Қытайдың  Құлжасының Күніс ауданында тұрған. Қазақстанға оралғанына үш жылдай болыпты. Бұл құсқа құмартушылығы 15 жасында басталыпты. Ол жақта кептер бағатындарды «кептербаз» дейді екен.

Көкті жаулап алады...

«Қазақта кептер асырау деген болмаған. Кейіннен бірінен-бірі үйреніп айналыса бастады. Қытайда қазақтардан гөрі көбінесе ұйғырлар кептер бағады.  Жалпы ол жақта кептерге деген қызығушылық басым. Кептершілердің ұйымы бар. Арнаулы жарысқа қосып марапаттайды. Айтулы мерекелік шараларда, жаңажылдық құттықтауда кептер ұшырады. Жүздеген, мыңдаған кептерді ұшырғанда көкті жаулап алады. Керемет көрініс!», – дейді кептерші.

   

Кептер – ашақұйрық, кім ұстаса, соған бұйрық

«Кептершілер – ағайын. Ренжіссе де қонаққа шақырады. Қытайда кептер ұстайтындар өте көп. Бір-біріне сатып, ауыстырып, тіпті ұрлап алатындар бар. Қытайдың шекарасынан көгершінді өткізбейді. Бізден де, ол жақтан да. Ол жақта сенің кептеріңді бөтен біреу ұстап алып бергісі келмесе, бермейді. Кептеріңді ұстап алған адамға іштей ренжігеніңмен, сұрамайсың. Солай қалыптасқан. Үйренбеген кептерді біреу сұраса, бермеймін. Бұны Қазақстанда түсінбейді екен. Қытайда, мысалы, кептеріңді көршің ұстап алса, ұлықсатсыз бермейді. Сен «бермедің» деп онымен өшігіп араздаспайсың  Ал ол сатқысы келсе, ақшаға өз кептеріңді сатып аласың».

Мәңгі бірге болайық...

«Кептерлердің кей әрекеттерінен үлгі алуға болады. Кептер ешқашан жұбын жазбайды – ажырамай бірге болады. Кірпияз. Тазалықты сүйеді. Үсті балшық болса, тұсығымен бүкіл денесін тарап шығады».

«Менікі жабайы кептер емес, бағынды кептерлер. Кептер – үй құсы. Баптап үйреттік, сосын балапанын алдым. Үйдегі аға-інілерім, әкем кептер бағуға қызықпайды. Қора-жайым бар. Үй құсы болғандықтан қолға тез үйренеді. Күнде жемін бересің. Даладағы жабайы көгершін қолға үйренбейді. Үй құсын реңінен айырасың, тұмсығына қарап реңін білеміз».

«Сыңарын өзіне ұқсатып реңіне қарай табамыз. Әрине, кептерлер бір- бірін тауып жұптасады, бірақ біз сортына, сапасына, реңіне қарап жұптаймыз. Мысалы, қызыл бас кептерге басқа кептерді жұптасаңыз, балапаны тексіз боп шығады. Ал хат таситын кептерге басқа кептерді жұптасаң, одан хат тасымайтын кептер шығады».

Көкке самғап ұшқанда

 «Хат таситын кептер болады, ойнайтын кептер. Пәлен жерге деп хат жапсырып жіберсең, үйіңе жетіп келеді. Пошташы құс жабайы кептердің реңіндей көк болады, оны «шұбар», «тоғырақ» деп атаймыз. Тұмсығы ұзын, алдында, артында шашы бар. Оның сорттары көп. Мысалы, «шіңгір» дейміз. Ал енді үй құсы – сары кептер. Хат таситын кептер. Тұмсығы үлкені – дазының шеміршегі бұжырлау. Ойнайтын кептердің тұмсығы ұзын, шекесінде және желкесінде шашы бар. Шекесінде шашы бар кептер өте ойыншыл. Көкке самғап ұшқанда небір қимыл жасайды. Көзің тоймай қызығасың.  Екі-үш түрлі қимыл жасап, бір-екі метрге төмен түседі. Түскенде құр түспейді, айналып түседі. Ойнайды деп ұққандықтан оны «ойыншы», яғни биші»  деп атаймыз. Алақарға, көк бас, ақ бас, қызыл бас кептерлердің денесі аппақ, тұмсығы қысқа. Бейжің кептердің түсі ақ. Қытайда мекендейтін кептер, бірақ басқа жерге жемін жақсы беріп бақсаң, тұрақтап үйреніп кетеді».

Ұлымның кептер ағайыны бар

«Кептер бағу үшін оған қызығу керек. Қызықпайтын адам оны баға алмайды. Он жыл болды ұлым Есхат та кептерге қызығып, айналысып жүр. Кішкентайынан үйдегі көгершіндерді көріп өскендіктен бе, менің ермегім соған дарыған. Талдықорғанда кептер ұстайтын қазақтар бар деп естідім. Ұлым солармен араласып тұрады. Есхаттың кептер ағайыны бар, біреуі – Жәркентте, өздері бас қосып, бір айда бір-бірін шақырып, кептерлерін көреді, бағалайды».

Қазақтар арасында кептерге қызығушылық жоқ...

«Алматыда жыл сайын кептер жәрмеңкесі өтеді. Қазақстанда қазақтар арасында кептерге қызығушылық жоқ екен. Әнші Мейрамбек Беспаев кептер бағады, бірақ онда менің кептерімнің сорттары жоқ. Бұл жерде ала қарға, ақ бас, көк бас, қызыл бас, бейжің кептерлер жоқ».

Адамдар көгершінді пошта қызметіне пайдалануды бес мың жыл бұрын үйренген...       

"Хат таситын кептер сирек кездеседі. Ол ұзақ жолға ұшады. Қытайша оны «шиңгір» деп атайды. Шиң – хат, гір – кептер. Бұрындары  байланыс құралдары жоқ кезде әскерлер кептер арқылы хат тасыған. Ал хатты қалай тасиды? Кептері бар адам сізге кептерін береді, алған адам хатын жазып, кептердің құйрығына қағазды орап ұшырып жібергенде, кептер сол иесіне ұшып келеді".

Кептерім 2 сағатта 200 шақырым ұшып жетті

"Бір оқиғаны мысал етіп айтып берейін. Телефон жоқ кез. Құлжада, 200 шақырым жерде бажам тұратын. Әйелім қызмет бабымен Күністен шығып, кешкі автобуспен Құлжаға аттанды. Ол кезде автобус тек бір жерден – аймақтан қатынайтын. Басқа ауданда көлік жоқ. Әйелім кетіп қалғаннан соң бір көлік сол жаққа баратын болды. Хабар айтуға байланыс жоқ.  Құлжадағы бажама әйелімнің баратынын білем. Бажамды танитын шопырға  екі кептерді салып бердім. Біреуі мықты кептер, ол сөзсіз келетінін білем. Әлгі бала барып әйелімді тауып алыпты. Содан бажам Үрімжіге аман-есен кетті деп хат жазып, кептердің құйрығының астына тігіп, ұшырып жіберіпті. Кептерім 200 шақырымды екі жарым сағатта ұшып, жетіп, үйімдегі ұясына келіп кірді. Хатты оқысам, әйелім аман-есен Құлжаға жетіпті".

Қожайынына қайта оралып келеді

«Хат таситын кептерлерді мыңдаған шақырымнан ұйғырлар келіп ақшаға сатып алады. Сол кептерлер бір жылдан соң қожайынына қашып оралады. Қоя бермей бағып отырса ғана келе алмайды. Ондай кептер сирек кездеседі. Менің кептерлерім ондай қашықтықтан келе алмайды. Келе алатын кептердің сорты қазір менде жоқ. Ол – құнды кептер».

Шартараптан шарқ ұрып іздейсің...

 «Кептер миыңды сергітеді. Шаршап келсең ұшырып, содан ләззат аласың. Желкеңде жиналған тұзды кетіреді. Әдетте адам мойнын көп қимылдатпайды емес пе, аспанға қарап мойныңды созған сайын пайдасы тиеді. Аспанға самғап ұшқан кептерге қараған сайын көз жанарың алысқа, жақынға фокусталып жаттығады. Кептер ұстаған адамның көзі жақсы көреді. Мысалы, жасым алпыстан асты, аспандағы торғайдай кептерді көре аламын. Кептерің қашып кетсе шартараптан шарқ ұрып іздеп жүгіресің, ол да денсаулыққа пайдалы. Реңіне қарап сорттап бағасың, оның әдемі түріне қарап көзің тояды».

Әр кептер өз жұбына адал...

«Жұптасқан кептер өзге жұпқа тиіспейді. Жұбынан басқасын қосса, қосылмайды. Бір мекиенге – бір қораз. Бес мекиен болып, алты қораз болса,  жұпсызы сыңарсыз жалғыз жүре береді. Өзге тұқымның жұмыртқасын баспайды. Жұптастырғың кеп екеуін бірге қамап қойсаң, ұрғашысы еркегін талап тастайды. Оны жолату үшін кемінде 15-20 күнің кетеді».

Азығын құсып береді

«Кептер 15-17 жылдай өмір сүреді. Бір туғанда екі жұмыртқадан басып шығарады. Жылына, шамамен алты рет жұмыртқалайды. Балапаны қызыл шақа ет. Кептер балапанына азығын құсып береді. Жем беріп ұлкейгенде қара қанат болады. Сол тікен жарқанаты болғанда баға бересің. Туғаннан кейін қоразы жұмыртқаны күндіз, ал ұрғашысы кештен таңғы 9-10-ға дейін алма-кезек басады. Ұсақ жем береміз. Әйтпесе қақалып, қанатын жайып қиналып кетеді. Балапанын алайын десең тістелеп, қанатымен ұрады».

Бейбітшілік құсы да ауырады

"Ауырған кептер басы айналып, ұша алмай құлап жатып қалады. Менингит, көктышқақ. Дәрі беріп емдейміз. Оба ауруы келсе, жаппай қырылып қалады. Көбінесе жабайы кептерлерден ауру жұғады. Жабайы кептерлер жемге ұшып кеп жеп кетеді де, ауруын жұқтырады. Жолатпай, қуып жіберуге тырысамыз".

Ішім удай ашиды...

«Ең қымбат кептердің бағасы мың жарым долларға дейін барады. Қытайда 10 мың юань. Қытайда қымбат кептерлерді тіпті ұрлап әкетеді. Жақсы кептер басқа үйге қонбайды. Кептерлердің үйшігін темірмен қаптап мықты етіп жасайды. Екі-үш құлып салып, ит бағып ұстайды. Бірде құлпыны шағып, үш кептерімді ұрлап кеткен. Ұлым ұшырып ойнатып жүргенін көрген болуы керек. Қимаймын, ішің удай ашиды».

Жұбайының жұбанышы...

«Бұл кісі кептерді бірінші орынға қояды. Кептер баққан адамның бойында адамгершілік, түсінушілік, мейірімділік, бауырмалдық  басым болатын сияқты. Жұбайым өзге ағаларына қарағанда мінезі ерекше. Жуас, әр нәрсеге байыппен қарап, жақсы басқарады. Туыстары бұл кісіні той-тоймалақ боларда алдын ала шақырып, ақылдасып, жөн сұрайды», – дейді Кәдірбектің зайыбы.

Кезінде Нұқ Пайғамбардың кемесіне зәйтүн бұтағын алып келіп, топан судың аяқталғанын және Құдайдың адамдармен татуласқандығын жеткізген дәл осы інжіл құсы болған.

   

Жапыр-жұпыр боп жатқан көгершіндердің бір шеті дүр көтерілді де, аспанға самғап шағын шеңбер жасап, қайта айналып қонды. 

Аспанға қарадым. Көгершіндер көзіме бірнеше нүкте боп көрінді. Ажырату қиын екенін  ұқтым. Аспанға да көптен бері көз тікпеппін. Биікке қарағаннан қалып барамыз-ау.

Фотограф: Жумадилов БАКЫТЖАН

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ХАЛҚЫҢ ЖАСАҒАН МӘДЕНИ МҰРАДАН ҚҰРАЛАҚАН ҚАЛМАЙЫН ДЕСЕҢ...

МИНИСТРГЕ ТӨРТ СҰРАҚ

ҚАЗАҚ ЖЕМІС-ЖИДЕК ЖЕГЕН БЕ?

ДАУ-ДАМАЙСЫЗ: ЖАРТЫ ЖЫЛДА НЕ ТЫНДЫРДЫҚ?

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде