Рақмет, көрермен! Алғысқа бөленген адам қандай болады
Бүгін жылдың ең сыпайы – Алғыс айту күні. КТК арнасының ұжымы әр көрерменіне ілтипатын білдіріп, рақметін айтады. Арнаның жарыққа шыққан алғашқы күнінен бастап назарын КТК эфиріне аударған әр адам бізге қымбат.
Автор: Заира Сабитова
Рақмет айтып ризашылық сезімін білдіру - бата-тілек айту – психологиямыздың мықты болмысын дәлелдейтін дәстүр. Ахмет Байтұрсынов: «Бата – біреуге алғыс бергенде айтылатын сөз» деген еді.
Қазақ тумысынан кез-келген берекелі іске, дүниеге алғысын аямаған, алғыс айтудан қашпаған. Алғыс алу адамның жанын жадыратады. Алғыс естіген сайын жақсы іс тындырып, қуанышымыз еселене түседі, солай емес пе?
Алғыс сөздер біздің физикалық және рухани жағдайымызға оң әсерін тигізетіні ғылыми дәлелденген. Калифорнияның әлеуметтік психологы, профессор Роберт Эммонс, тіпті адамға «рақмет» деп айтатын болсақ, біз жағымды эмоцияға бөленеміз деп есептейді.
Әрине, профессор біреудің көрсеткен үйреншікті қызметіне сыпайылық танытып айтқан сөзді емес, саналы алғысын білдіреді. Эммонстың айтуы бойынша, адамның миы әр жағдайды былай қабылдайды екен:
Бастапқыда миымыз материалдық немесе моральдық жағынан бізге көмектесті деп жазып алады. Сосын бұл көмектің құндылығын түсінеді. Көмек берген адам оған күш жұмсады деген белгі беріледі. Сөйтіп игі істі бағалап, алғыс айтқымыз келеді.
Алғыс айтудың адамға әсерін білу үшін профессор Эммонс Майкл Маккаллохпен бірге зерттеу жүргізген. Адамдарды үш топқа бөліп, әрқайсысының алдына міндет қойылды. Бірінші топ күн сайын күнделігіне өздерінің көңіл күйін, екінші топтағылар тек жайсыз күйін, ал үшінші топ барлық жағымды жағдайлары мен ризашылық тудырған кісілердің есімін жазып отырды. Нәтижесінде үшінші топтағы адамдардың болашаққа сенімі артып, өмір сүруге ынталанып, жайдарлы күйге бөленген.
Олар спортпен шұғылданып, денсаулығы туралы жаман ойлары сейіліп кеткен. Эммонстың айтуынша, тек ризашылық сезімнің арқасында ғана осындай күйге жетуге болады.
Алғысқа бөленген адам күйзелістен, қанағаттанбаушылық сезімінен арылады. Жаман оқиғаны тез ұмытып, игі іске ниетті. Өміріне көңілі толмай, әр адамның бойынан кемшілік іздеп, әр жағдайдан тығырық көрген адамға жамандық қайта оралып келе береді дейді.
Өзге адамға алғыс айтқанда жылулық пен қадірлікке бөленеміз. Бұл жылы қарым-қатынас жасап, маңайыңа мейірімділікті шырқ үйіреді. Рақметі жоқ адам ғана айналасында болып жатқан жақсылықты сезбейді. Өзімшіл адам алғанды ғана ұнатады, ал біреуге жақсылық сыйлау оның ойына да келмейді.
Философ Иммануил Кант алғыс айтуды екі түрге бөлген. Көмек көрсеткені үшін әдеппен рақмет айту және «іс жүзіндегі алғыс». Ол дегеніміз игі іске ілтипатты сөздермен, моральдық тұрғыдан, ісіңмен, материалдық көмектесу. Канттың пайымдауынша, алғыс айтуды әр адам алдына қойған моральдық міндетім деп сезінуі тиіс.
Алғысты талап етуге болмайды, ал алғыс айтпау – әдепсіздік.
Философ Андре Конт-Спонвилль адамның жүрегінен шыққан шынайы алғыс - алғыс иесі мен алғыс қабылдаушы, яғни екі адамның да жанын жадырататынын айтады. Екеуі де бұл дүниеде жалғыз еместігін, бір-бірін түсінетінін, бір-біріне қажеттігін түсінеді.
«Алғыс бата» деген ұғым бар. Көпті көрген ақсақалдар жастарға алғысын білдіріп, жасаған іс-әрекеттеріне көңілі толып, «Қолыңды жай, балам, батамды берейін, алғысымды білдірейін» деген. Бұл – үлкен тәрбие.
Көбіне жақын жандарымыздың қадіріне жете бермейміз. Жаныңа сүйеу болған аяулы жандардың бары үшін рақмет айтайық!
Алғыс айту үшін арнайы күнді күтпейік. Мүмкіндігінше жақсы сөз айтудан жалықпай, бір-бірімізден жан жылуымызды аямайық!
Ақпарат:
2015 жылдың 15 қаңтарында Нұрсұлтан Назарбаев «ҚР кәсіптік және өзге де мерекелер туралы» ҚР Президентінің 1998 жылғы 20 қаңтардағы № 3827 Жарлығына өзгеріс және толықтыру енгізу туралы» Жарлығына қол қойды.
Оған сәйкес, 1 наурыз - Алғыс айту күні болып бекітілді.
Бұл күнді таңдаудың өзіндік орны бар. 1995 жылдың 1 наурызы күні Қазақстан халқы ассамблеясы құрылды.
2015 жылы Ассамблеяның жиырма жылдығын атап өту шаралары аясында Мемлекет басшысы бұл күнді Алғыс айту күні деп жариялауды ұсынды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: МЫҢ ӨЛЕҢДІ МҮДІРМЕСТЕН АЙТАТЫН АҚЫН ЖАЙЛЫ 15 МӘЛІМЕТ
ТӘУЕЛСІЗДІК АЛҒАННАН БЕРГІ ОЛИМПИАДА ОЙЫНДАРЫНДА ҚАНША ЖҮЛДЕ АЛДЫҚ
ЖҮЗ КӨГЕРШІННІҢ ІШІНЕН ӨЗІ КЕПТЕРІМДІ ЖАЗБАЙ ТАНИМЫН...
ХАЛҚЫҢ ЖАСАҒАН МӘДЕНИ МҰРАДАН ҚҰРАЛАҚАН ҚАЛМАЙЫН ДЕСЕҢ...