Спорттың денсаулыққа пайдалы белсенді бес түрі
Спортты сүйікті іске айналдыру қиын ба? Спорт адамның мінезіне, дене бітіміне, денсаулығына, тіпті тағдырына әсер ете алады. Өмірде мықты, икемді, төзімді, сымбатты болғыңыз келе ме? Ендеше денсаулықты нығайтуға көмектесетін ең белсенді 5 спорт түрін біле жүріңіз. Сонымен:
Суда жүзу
Барлық бұлшық етіңді күш кетірмей жаттықтыруға болады. Денсаулығына байланысты қатты қимылдауға болмайтындар үшін аквааэробика таптырмас дүние. Суда жүзу мжамбас, арқа, іштегі бұлшық етті нығайтады. Артық салмақтан арылып, кеудеңді тік ұстап, кең тыныстап демалғың келсе, бассейнге жазылып, суда көбірек жүзіп, малты. Жазда отбасына арналған ашық аспан астындағы табиғи суда, ал қыста бассейнге түс.
Суда жүзіп, малтып үйреніп алсаң, жақсы нәтижелерге қол жеткізу қиын емес. Тек бұл іспен тұрақты айналқан жөн.
Дмитрий Баландин есіңізде ме? Ол 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен XXXI Жазғы олимпиадалық ойындарда алтын медаль жеңіп алған тұңғыш қазақстандық жүзгіш. Дима брасс стилінде 200 метр қашықтықта жеңіске жетті. Міне, бұрын ешкім білмейтін Баландин спорттың арқасында жұрттың қошаметіне бөленіп, көпшілікке үлгі бола білді.
Велоспорт
Таңертең жол кептелісіне бөгелмей, жұмысқа кешікпей жетсең мәз боласың. Тығырықтан шығудың бір жолы - велосипед. Қос дөңгелекпен діттеген жерге салқын самалмен жетесің. Бойыңа қан жүгіріп, аяқтың бұлшық еттерін нығайтып, құйымшақ пен бөкседегі беріш боп тұрған бұлшық етті босатуға тап осы велосипед себін тигізеді. Жолақы немесе жанармайды да үнемдейсіз.
Велосипед спортына Алматы қаласында ерекше көңіл бөлуде. Былтырдан бері мегаполисте велосипедке арналған жолдар салынды. Бұл қалада веложарыстар жиі өткізіледі. Бір сөзбен айтқанда, Алматы велосипедшілер қаласына айналды деуге болады. Ал қыстағы көктайғақта велосипедті жаттығу залында пайдалануға болады. Қол үзіп қалмау үшін аптасына үш рет велосипед тепсеңіз жетіп жатыр.
Бұл спорттың түрінде мақтан тұтар жерлесіміз - Александр Винокуров. 2006 жылы Испаниядағы Вуэльтада жеңіп, 2012 жылы топтық жарыста олимпиада чемпионы атанған жерлесіміз көптеген қазақстандықтарды велосипедке отырғызуға жігер берді.
Волейбол
Адам бойынан биікте ілінген тордан асыра доп лақтыру - адамның сіңірлері мен буындарын нығайтып, дене бітімін өңдеп, көзбен шамалау қасиетін дамытып, шапшаңдықты жақсартады. Сондай-ақ волейбол ойнағанда тыныс алу жүйесі жақсарып, бүкіл бұлшық етің жаттығады. Байқасаңыз, волейболшы қыздардың дене мүсіні келісті-ақ!
Басқа да ойындардағыдай, волейбол миыңды демалдырып, жүйкеңді тынышталдырып, күш-қуат беріп, күйзелісті жояды.
Сонымен бірге волейболдың да әлемге атыңды шығаруға мүмкіндігі бар. 2013 жылы Қытайда өткізілген Азия елдері бойынша қыздар арасындағы XVII юниорлар чемпионатында ең сұлу волейболшы атанған Сәбина Алтынбекова көп қыздарға үміт сыйлады. Қазір Сәбинаның дүниежүзінде табынушылары көп-ақ.
Теннис
Жасырмай айта кетейік, бұл спорттың бір кемшілігі – құрал-сайманы қымбат. Дегенмен теннисті ұнатқан адамға ол түк емес. Тек синтетикалық жіпті ракетка сатып алып, жақын маңдағы кортқа жазылсаңыз жеткілікті. Есесіне қаншама бонус жинайсыз! Сыптығырдай сымбаттылық, ептілік, шапшаңдық, жылдам реакция және ойыннан алған әсер – шығынның орнын толық толтыра алады.
Кейбіреулер теннисті интеллектуалды ойын санайды. Өйткені мұнда қарсыластың әлсіз тұсын есептеп жасайтын әр геймнің тактикасы маңызды. Бұл спорттың түрінен бізге үлгі - жеке топтағы ITF жеті турнирінің жеңімпазы Зарина Дияс.
Күрес
Алдыңғы ұсыныстарға қарағанда, күрестің әр түрі - байланысқа түсетін спорт түрі болғандықтан, мұнда жарақат алу кемшілігі бар. Дегенмен соған бола күрестен бас тартудың қажеті жоқ. Өйткені күрес, бокс, қоян-қолтық күрес, дзюдо, қазақша күрес және тағы басқа жекпе-жектер дененің бұлшық етін берік етіп, төзімділікті шыңдап, әрдайым жинақы жүруге ынталандырады. Дүниежүзінде жанкүйері бар жерлесіміз Геннадий Головкин өмірінде бір жеңіліс таппаған боксшы. Оның жетістігі спортқа бейқам адамның шабытын оятады. Гена тек спортта ғана емес, өмірде де жеңіске жетуге болатынын дәлелдеп берді.
Айта кетсек, 6 сәуір БҰҰ Бас Ассамблеясының 2013 жылғы қарарымен бейбітшілікті сақтау жолында Халықаралық спорт күні ретінде бекітілді. Қарарға: Қазақстан, Беларусь, Грузия, Македония, Ресей, Румыния және Сербия демеушілік жасады.
Халықаралық спорт күні ретінде 6 сәуірдің таңдалуы кездейсоқ емес. Алғашқы Олимпиада ойындары 1986 жылы 6 сәуірде басталып, 15 сәуірге дейін жалғасқан болатын.
Белсенді және салауатты өмір салтын ұстанатын адамдардың қатарына қосылыңыз. Әлі де кеш емес. Балаңызды спортқа баулыңыз. Спорт сізді жақсылыққа жетелеп, қуанышқа бөлесін демекпіз.
Оқи отырыңыз: ТЕСТ: ӨМІРДЕ ҚАНДАЙ ҚҰНДЫЛЫҚҚА БАСЫМДЫҚ БЕРЕСІЗ?
КҮЛКІ – ӨЛМЕЙТІН ЕЛДІҢ ӨШПЕЙТІН КҮШІ
КТК АРНАСЫ ЕЛ ҚАУІПСІЗДІГІН МҰРАТ ЕТКЕН КИНО ТҮСІРДІ
ШЫҒЫС ЖҰЛДЫЗ-ЖОРАМАЛЫ: ИТ ЖЫЛЫ ҚАНДАЙ БОЛАДЫ
ӘЗ НАУРЫЗ: ЖҮРЕК ЖАЛҒАЙТЫН ҚАЗАҚТЫҢ ЕЖЕЛГІ 7 ТАҒАМЫ