Баланы бесікке бөлеу зиян ба?
Ежелден қазақ баласы бесікте өскен. Ал бүгінгі таңда бесік қолданыстан шығып барады. Оған түрлі заманауи құрылғылар түрткі болды десек те болады. Бірақ, бұдан бөлек бесіктің сәби денсаулығына зияны көбірек айтылуда. Әжелеріміз пайдасын алға тартса, медицина зиянын жоққа шығармайды.
Автор: Алтынай Сағымбай
Ғылыми зерттеулерге сүйене отырып бесіктің пайдасына тоқаталып кетсек:
1. Қол-аяғын ербеңдетіп бос жатқан сәбидің ұйқысы тыныш болмайды. Ұйқысы қанбаған баланың зердесі толық жетілмейді.
2. Баланың мазасыздығы ананың психикасына әсер етеді. Бұндай жайсыздық сүт арқылы сәбиге беріледі. Сондықтан бесікке жатпаған бала болашақта сабырсыздау болады.
3. Баланы бесiктен шешкен кезде сәби керiлiп-созылып,рахаттанады. Денесінің әртүрлі күйде болуы оған демалыс сыйлайды.
4. Сәбидің тұлабойы таза болып, тазалыққа бойы үйренеді.
5. Бесіктегі баланың денесіне дымқыл, сыз дарымайды. Құрғақ болады. Ол мықты денсаулық кепілі. Әрі қол-аяғы сыптай болып өседі.
6. Бесік белгілі бір ырғақпен тербетіледі. Баланың жүйкесі бір жүйе, тәртіпке түседі.
7. Бесіктегі балаға ана әлдиі әбден сіңеді. Қайырымды мінез қалыптасады. Бесік жырын тыңдаған баланың қанына ұлттық қасиет дариды.
8. Бесік сәбиді сырттан келетін кері энергия немесе тiл-көзден сақтайды.
Қазақ бесікті қатты қадірлейтіндігі соншалықты, атасы жатқан бесікке бала, немере, шөбере, шөпшек, тіпті туажатына дейін бөлейді.
70 жастан асқан Хадиша әжейдің балалары, немерелері барлығы текемет төселген бесікке жатқан. Болашақта шөберелеріне де осы игі дәстүрді жалғастыру ниетте. Қазақтың салт-дәстүрін киелі деп сақтаған ақ жаулықты ана қасиетті бесік балаға тазалық пен денсаулық сыйлайды деуде. Ал, оның қолданыстан шығып кетуі ата-бабамыздың аманатын сақтамағанымызбен тең деп өкініш білдірді.
Бұл тұста ақ халаттылар былай дейді:
- Бесікке бөлеген баланың денесі демалмайды, тіпті, бала денсаулығына қауіп төндіреді деп тұжырымдауда.
Балар медбикесі Жанар Сабирова бесікке бөлеу гигиенаның сақталмауына әкеліп соғады дейді.
- Бесікке жатқызғанда көбіне кіші дәрет жайылып жатады. Сондықтан гигиенаның көзі болмауы кері әсер береді. Айналып келгенде әңгіме мынаған келіп соғады. Қазақ халқы бұрынғы заманда бесікті өте жақсы, дұрыс деп ойлаған. Өйткені бұрынғы кезде көшіп-қону жағынан ыңғайлы болғандықтан.
Ал педиатр маман Гүлнар Қуанышбекқызы бесіктің мынадай үш түрлі зияның жіпке тізіп берді.
Біріншіден, оранып жатқан сәби көп терлейді. Ал көп терлеген бала рахит ауруына шалдығуы ықтимал.
Екіншіден, бесікке жатқан баланың қан айналымы дұрыс болмағандықтан басы үлкейіп, аяғының ұршығы шығып кетеді. Қазір дисплазия ауруына шалдыққандар жетерлік. Демек, бесікке таңылған баланың жамбас буыны ішіндегі сүйек дұрыс жетілмейді деген сөз.
Үшіншіден, бесікке бөлеген баланы тербету арқылы біз оны талдырып тастап жүрміз. Баланы былай қойып, ересек адамның аяқ-қолын байлап, тербетсеңіз басы айналып, талып қалар еді.
Төрт баланың анасы Назгүл дәрігерлер пікіріне қосылмайтын болып шықты. Ол бесік балалардың тыныш ұйқы кепілі екенің тілге тиек етті.
- Менің төрт балам бар. Төртеуі де бесікте жатқан. Бірақ ұзақ уақыт емес. Бөпем бесікке салғаннан-ақ, терең ұйықыға батып, рахаттанып жатқанын көрдім. Менің ойымша, бесіктің іші - ананың құрсағына ұқсас. Дүниеге жаңадан келген сәби жылы, қараңғы, әрі тар бесікте тербеліп, өзін анасының ішінде жатқандай сезініп, тыныш ұйықтайды. Сіздер бөпелерінізді машинаға отырғызғанда, немесе тамақтануға арналған арнайы орындыққа отырғызғанда қауіпсіздік белбеулерін кигізетін боларсыз. Бесік те сол автокресло сияқты, сәби оның ішінде жатқанда қаупсіздікте болғанын білуі қажет. Сонда ғана, шошымай, тыныш жата алады.
Екі қыз, бір ұл тәрбиелеп отырған 29 жасар Әлия болса, пікірі Назгүлге қарама-қайшы.
- Мен үш баламды да бесікке бөлемегенмін. Себебі, біздің қазақ әлі күнге ескіліктің қалдығын қолданып, өз нәрестелеріне қиянат жасап келеді. Меніңше, ешбір адам баласы кіп-кішкентай қорғансыз сәбиге қиянат жасауға хақысы жоқ. Сондықтан да, балаларымды ағашқа матап тастауға, яғни бесікке бөлеуге қарсымын.
Әр жанұя өзінің қалыптасып қалған әдетімен ертеден сақталған бесігіне бөлегеніне ешкім де тыйым сала алмайды. Өйткені бұл «бесік жыры» әлі де талқылана бермек.
Ғалымдар бүге-шүгесіне дейін толық зерттемейінше, біз, қазақ, бөпемізді бесікке бөлей бермекпіз. Бастысы, баланың денсаулығы! Әзірше бесікке бөленіп өскен баланың денсаулығына зиян келіп жатыр деген ресми тұжырым жасамайынша, қазақ бесігін тербете бермек. Тербететін ана мен тербелетін бала бола берсін демекпіз.
Фото: mamaclub.kz