Жүрегімді жібіткен аруға жан сырым...
КТК арнасының редакциясына қызға қатты ғашық болған жігіттен хат келіп түсті. Ұлттық ғашықтар күніне орай, сезімге толы хатты бүгін - 15 сәуірде жариялауды жөн көрдік. Жігіт есімін атамауды өтінді. Дегенмен хатты оқыған қыз өзін жазбай танитынына сенімді.
«Антарктиданы елестетші. Қалың мұздың сеңі бір-ақ сәтте опырылатын кез болады. Дәл сондай күй өзіңді жолықтырып, танығалы менің ішкі «антарктидамда» қайталанды. Оны өзім де күтпеген едім. Басында сенімен танысқанда, саған осылайша байланармын деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмеген. Сағат емес, секунд санап өзіңе деген іштегі бас алған алапат өртті өшіретін менде қауқар қалмады. Өрши түсті. Өршіп жатыр. Өрши береді. Сезімнің тасқынына түбі тосқын бола алмасымды білгесін тұншықтырмай жеткіздім де. .
Асау аттай құрық салдырмай, қаштың... Ақырында «арамызда артық әңгіме болмасын» деп шорт кестің. Сол сөзің жүрегіме найзадай болып қадалды. Қанша жерден «қансырасам да» ол жараны таңуға әзірге құлқым жоқ.
Білесің бе? Өзіңді жолықтырғалы бұрын сезінбеген күйде жүрмін. Жас балаша шаттануым, жай нәрсенің өзінен бір ғажапты көруім жиіледі.Біреуге ренжу дегенді ұмыттым. Бұрын мектеп кезінде бойымда шабыттың ұшқыны барын сезетінмін. Кейін ол өшіп қалған болатын. Енді сол шабыттың құсы қайтадан қонғандай. Жағада тұрып қайығың күткен жолаушыдай теңіздің тұңғиығына көз салудан басқа, әзірге амалым жоқ. Мұзды жарсаң, сынады. Ал босатсаң, сусып қолдан шығады. Сезімімді айтып мезі еткім де келмейді. Айтпайын десем, тағы болмайды...
Не істерін білмеген, тордағы арыстандай өз-өзіммен алысып жүрмін. Сені қанша рет ұмытуға тырысқанымды білесің бе? Иә, талай рет талпындым... Бірақ, басқадан жылу таппасымды түсіндім... Күрсіндім...
Өмір толқыны бізді қай жағаға әкеліп соғарын кім білген. Дегенмен бір білерім, осы тәтті мұңның ырғағынан тайғым келмейді. «Өлдім», «сүйдім», «күйдім», «аспандағы айды әперем» деген сыңайдағы сөздерді саған таңудан аулақпын. Кейде көп сөзден гөрі, үнсіз бір көзқарастың өзі көп сыр ұқтырады.
Сен қанша жерден қарсы болсаң да, дүлей дауыл маған қарсы соқса да, бағытымнан таймаймын. Себебі - сен менің бақытымсың. Сен биік құзар шыңның басында өскен шығар гүліндейсің. Мен сол гүлге қол созған бейбақпын. Бірақ оны бір иіскеп тастау үшін емес, жүрегіме мәңгілікке қадау үшін жұлғым келеді...»
Оскар
Редакциядан:
Еркек пен әйел жаратылғаннан бері олардың арасына сүйіспеншілік пен мейірім орнатып қойғаннан кейін табиғатқа ешкім қарсы келе алмайды. Сүйеміз, ғашық боламыз...
Ақыл айтып, біреуге жол сілтеуден аулақпыз. Дегенмен Осқарға әр амалын ойға салып өлшеп, зерделеп шешім қабылдағаны дұрыс-ау деген пікірдеміз. Құмарлық сезімі қанша басым болса да, санамен ойланып, сезімге шынайы қарауын ұсынамыз. Махаббат - тез ұмытылмайтын сезім. Қызға көбірек көңіл бөліп, мінездерінің сәйкестігіне мән беріп, сонымен қатар кемшілігін де байқаңыз. Махаббат уақыт пен ара-қашықтық қа төтеп бере алады, оны да ұмытпаңыз. Және жақын қарым-қатынаста болудың жауапкершілігін жақсы түсініңіз. Жағдайға сараптама жасай біліңіз. Кешірімді бола біліңіз. Сүйе білу, сүйікті бола білу – үлкен мәртебе! Сізге МАХАББАТ тілейміз!
Оқи отырыңыз:ЖИЫРМА ЖЫЛ ЖҰЛДЫЗҒА ҚАРАҒАН...
СПОРТТЫҢ ДЕНСАУЛЫҚҚА ПАЙДАЛЫ БЕЛСЕНДІ БЕС ТҮРІ
ТЕСТ: ӨМІРДЕ ҚАНДАЙ ҚҰНДЫЛЫҚҚА БАСЫМДЫҚ БЕРЕСІЗ?
КҮЛКІ – ӨЛМЕЙТІН ЕЛДІҢ ӨШПЕЙТІН КҮШІ
КТК АРНАСЫ ЕЛ ҚАУІПСІЗДІГІН МҰРАТ ЕТКЕН КИНО ТҮСІРДІ
ШЫҒЫС ЖҰЛДЫЗ-ЖОРАМАЛЫ: ИТ ЖЫЛЫ ҚАНДАЙ БОЛАДЫ
ӘЗ НАУРЫЗ: ЖҮРЕК ЖАЛҒАЙТЫН ҚАЗАҚТЫҢ ЕЖЕЛГІ 7 ТАҒАМЫ