{metadescription}
Депрессияға ұшыраған псиxологтың әңгімесі

Депрессияға ұшыраған псиxологтың әңгімесі

Психологтар да депрессияға ұшырайды. Төменде психологиялық  терең депрессиямен ауырған ресейлік Вит Ценевтің әңгімесін ұсынып отырмыз. Түсінгеніміз, ол ешкімнің көмегінсіз өзін-өзі сауықтырған.

«Тәтті жегім келеді, депрессияда жүрмін.  Шоколад мені депрессиядан алып шығады. Түнімен көз ілмеймін, менде – депрессия. Бұлыңғыр күнде жаңбыр жауса – депрессияға ұшыраймын. Таңертең депрессияда болғам, кешке көңілім көтерілді. Кеше нағыз депрессияға кіріп кеттім. Осы суретке  қарасам, депрессияға ұшыраймын.  Ертеңгі күнді ойласам, депрессияға кірем...
Бұл әншейін бекер бос сөз. Мен де осылай айта беретінмін... басыма түспейінше... Нағыз депрессияны өз басымнан өткіздім.  Шоколад та, дәмді тағам да, ашық күн де – еш нәрсе депрессиядан шығуға көмектесе алмайды. Депрессия өмір сүру қабілетіңді жояды екен. Спортпен шұғылданып, белсенді өмір салтын ұстанып депрессиядан  «емделу» мүмкін емес.  Өйткені өзіңді мәжбүрлеу – қиынның қияметі. Бұл дүниедегі өмір адам төзгісіз жабырқаңқы күйге түсіріп, бүткіл жан-тәнің тоқырайды. Ол - депрессия.

Өмірмен қош айтысқың келеді. Бірақ ол үшін бірдеме ойлап тауып, іске асыруың керек.  Оған да зауқым жоқ. Міне, бұл – депрессия.
Не істеу керек? Білмеймін. Дәрігер маманның кітабын оқығанмын. Одан да қайыр болмады. Ештеме істегім келмейді. Ештемеге ынтам да, шамам да жоқ. Қолымнан келер жалғыз нәрсе – ештеме істемеу. Тірі жанды көргім де, естігім де келмейді. Қасымда ешкімнің болғанын қаламаймын. Жұмыс туралы айтудың да қажеті жоқ. Тіпті жұмысты тастау үшін де әрекет етпедім. Не болса, о болсын.
Жұмысқа баруды доғардым. Далаға шығуға құлқым жоқ. Қара түнек басты. Еңсемді бірдеме басып, жаншып тұр. Өмір сүргім келмейді деген тұжырымның өзі жүрегімді лоқсытады. Шынымды айтсам, тіпті ол туралы да ойламадым.  Жақындарымның «Өмір деген керемет», «Өмір – құдайдың саған берген ең үлкен сыйы», «Өзіңді қолыңа ал, есіңді жи», «Бұл – уақытша, бәрі жақсы болады», «Ақылың бар ғой, сен күшті емессің бе» деген сөздері  жанымды қинады. Бір нәрсе жанымды жегідей жейді.

Тозақ пен жұмақ бар ма? Бар болса, депрессия – тозақ. Ал «Өмір» атты жұмақта тұрып жатқандар – шайтандар. Осындай ой. Айналамдағы адамдар өйтіп айтпағанда, бәлкім жаным бұлай қиналмас еді... Бірақ "бұл дүние - керемет" деп айтқан сайын тозаққа кіргендей болам. Айналамдағы адамдардың мүмкіндік бар екенін, тек талпынып көр деген сөздері жүйкеме әсер етті.  Ол соқыр адамға «Бұл өмір қандай керемет, қарашы» деп ән салғанмен бірдей.  

Адамдармен қатынасуды тоқтаттым. Ешкімге есік айшпаймын. Телефонға жауап бермеймін. Мүлдем танымайтын адамдардың арасында болған әлдеқайда жеңіл. Бөгде адам жылап жіберсе, мені түсінді деп ойлағаннан зар еңіреп бірге жылауға дайынмын. Ол адам менің тұңғиыққа кеткенімді түсініп, еш амал қалмады деп жылайтындай. Бөтен адам қабірімнің басына кеп жылап отырғандай. Міне, депрессия осындай күйге түсіреді.

Мұндай сәттерде туыстарыңның жанашыр сөздері  торығу, үмітсіздік, сары уайымнан басқа еш нәрсе бере алмайды. Өйткені олар сенің эмоцияңмен етене жақын. Байқұстар, қолдау көрсетіп, көмек бергісі келеді. Бірақ ондай «қолдау» жүрегіңді одан әрі жаралайды. 
Тұяғымды қимылдатқым келмеді. Күндіз де, түнде де ұйықтай бердім, ұйықтай бердім. Қорқынышты түс көргем жоқ. Үрейлі түсім – бұл дүние. Ұйықтағаннан емес, оянғаннан зәредей қорықтым. Ал ұйқы мені аз да болса бұл өмірден бездіреді.
Ұйықтай алмасам, қабырғаға қарап меңірейіп жата берем. Бір уақытта көзім ілініп кетеді. Қажеттіліктен ғана оянам.
Көк тиын ақша қалмады. Үйімде азық-түлік таусылды. Үлкен ыдысқа қалған картоп пен қиярды салып қайнаттым. Барым сол. Тәбетім болмаса да шұқылап жедім. Қарным шұрылдағаннан, амалсыз.  Түк болмаса кепкен шөпті де шайнап жұта салар едім... Қарнымның ашқаны сәл басылғанда төсекке теріс қарап меңірейіп жата бердім.
Бұндай халім қаншаға созылды, есімде жоқ. Уақыт тоқтап қалған. Сағатқа қарамадым да. Күн бе, түн бе – бәрібір. Күннің жарығын көргім келмейді. Не істеймін? Істеудің қажеті қанша? Ойсыз, санасыз күй.  

Санам тоқтады, құлқым құрдымға кетті. «Бүгін» сөзі жүрегімді айнытса, «кеше» сөзі мүлдем бөтен. Келешек ғайып болды. Болашақ жоғалды. Тек бір адамның суреттері, жазған күнделігі, оқыған кітаптары менің бұл өмірде бар екенімді еске салады.  Суреттерім құрып кеткен «өзге өмірді» еске түсіріп тұр. Қарауға шыдамым жетпейді.

Аяғынан айырылған адам үйіне оралғанда дәлізден өзінің аяқ киімін көрсе қандай күй кешеді? Заттарыма қараған сайын сондай күй кештім. Көзін құртқым келді. Өткен өмірімді еске түсіретін заттардың бәрін құрта бастадым. Фотоларымды үлкен қайшымен ұсақтап қидым. Ертеден қара кешке дейін қиғыладым.

Бір мезетте мірімнің мәні кіргендей болды. Әрине, фото да таусылар, бірақ ол туралы ойлағым келмеді. Таусылды. Сосын күнделігіме кірістім. Сосын кітаптар. Жалпы бұрынғы өмірімді еске салатын заттардың бәрін құртуым керек.Кітап, дәптерлерді парақшаларға бөліп, ұсақтап жырттым. Ал фотоларымды ұсақтап қидым. Қоқыстарды дорбаға тығыздап салдым. Дорбалар жиналған сайын далаға шығып қоқысқа тастай бердім.
Бойым сәл жеңілдегендей. Бірдеме өзгерді. Өмір сүру керек деген ой қылаң берді. Бұл ой фото мен қағаздар таусылғанда пайда болды. Құртатын заттар көп-ақ. Бір мезетте таза ақ апараққа жаңа сөз жазғым келді. Жаңа, шақпақ қалың дәптерге. Түрлі-түсті қаламсаппен. Не жазуды әзірге білмедім, бірақ жазуға деген НИЕТ туды! 
Өміріңді таза апарақшадан баста деп айтушы еді. Тап солай. Еденде қағаздар шашылып жатты. Соны құртпайынша, таза парақшаны бастамаймын. Сөйтіп өткен өмірімді еске түсіретін заттарды толық құртпайынша дамыл таппадым.
Санамда саңылау пайда болып, көмескі жарық түскендей. Эмоция мен ынта-ықыласым қайта оралғандай болды. Тәбетім ашылды. Адамдармен араласуға ниет пайда болды. Миымда тізбектеген  ойлар.  Қағазға түртіп алғым келді. Дәптерге жаза бастадым, бұл әрекетім өзіме ұнады. Сол дәптерді сақтамаппын, әлде оны лақтырып жібердім бе? Бірақ оның қажеті шамалы. Өткенімнің маңызы жоқ қазір. Бұлыңғыр елес қана.
Депрессия – ол ажал алдындағы уайым. Адамның клиникалық өлімді басынан кешіргені іспеттес. Депрессия кезінде адамның денесі ғана өмір сүреді. Қимылдап, тамақ ішіп, жұмысқа барып. Қоғамға пайдасын тигізіп. Пайдалы, бірақ өлі күйде. Сенің өлі екенің ешкімнің миына кіріп шықпайды. Адамның физиологиялық қызметін тірілтетін препараттар да бар: қозғалыс белсенділігін арттырып, сыртқы дүниеге рефлекторлы және эмоционалды жауап беруге ынталандыратын, күш-жігеріңді реттеуді қалпына келтіретін, қан айналымын реттейтін және т.б.
Бұл ешқандай сиқыр емес. Бұл кәдімгі психиатрия. Ал «өлі» адамды зомби жасап, «тірілтетін» құралдар әр дәріханада сатылады.
Депрессия – мән-мағынаның жоғалғанынан да ауқымды. Депрессия – өмір сүрудің мүмкін еместігін терең түсіну. Өмір – тәмам,  ал денең әлі тірі. Аяқ-қолың қимылдап, денеңді алып жүресің. Бірақ ең бастысы – өмір сүру қолыңнан келмейді. Ал ол жансыз, қожайынсыз ештеме істегісі келмейді. Қажеттіліктер бар.
Қиналып, тырысып, талпыныс жасаудың қажеті жоқ. Керісінше, жасағың келетін нәрсені істеу керек. Міне, емі осылай.
Денең ауырғанда не істегісі келеді? Соны ойла. Денең дәрі-дәрмек қабылдағысы келмейді. Ол тыныштықты қалайды. Демалуды. Ұйықтауды. Жарықтан аулақ, жым-жырт жерде.  Тез сауығуға осы жеткілікті.
Мен депрессиямен күрескем жоқ. Құлшыныс танытпадым. Бірдемені өзгертуге ықыласым болмады.  Бәрін бәз қалпында қалдырдым. Ешқайда, ешкімге көмек сұрап бармадым. Өйткені оған зауқым соқпады, күшім де жетпеді. Ештеме істегім келмеді. Еш нәрсе. Істегем де жоқ. Бәлкім, менің өмірімді осы сақтап қалды ма?

P/S. Бұл жағдай 90-жылдардың ортасында болған. Содан бері депрессияға ұшырамадым».

Айта кетсек, Ценев ART-LITO әдеби конкурсының номинанты (2000), «Жаңа шындық» Интернет-жобалар фестивалінің номинанты (2006) және «Джонатан Ливингстон атты шағала» әдеби конкурсының жеңімпазы.

Пайдалы кеңес:

Мамандардың айтуынша, жабырқаңқы көңіл күйде  немесе  терең депрессияда болсаң да, тек өзің ғана мұндай күйден шығу үшін бірқатар нәрсе жасай аласың.

1. Алдыңа күрделі міндет қойма, мойныңа үлкен жауапкершілік алма. Егер өзіңнен көп нәрсені күтсең, ол сәтсіздікке бой алдырып, халіңді одан ары мүшкіл жағдайға жеткізеді.

2. Ауқымды жұмысты бөліп  істе. Бірінші кезекте орындалатын жұмысты алдымен жаса, қалғанын асықпай, мүмкіндігінше істе.

3. Мұндай күйде үй сатып алу, үй сату, ажырасу, көшу сынды салмақты  шешім  қабылдама. Болмаса, оны өзің сенім артатын  жақын туыстарыңмен ақылдасып қабылда.

4. Жалғыз қалмауға тырыс.Адамдардың арасында бол. Депрессия туралы тақырыпты қозғама.

5. Жаныңа жақын сүйікті ісіңмен шұғылдан. Көңіліңе жағатын жерге көңілді адаммен бірге бар.

6. Көп қимылда. Таза ауада жаттығу жаса. Бұл ең тиімді тәсіл.

7 .Кофе және рафинадталған қантты тағамыңнан алып таста. Тойып тамақ ішпе және қарның аш жүрмесін.

Көңіл күйім өзгермеді деп қамықпа, ол біртіндеп қалпына келеді. Тек уақыт керек.

Статистика:

- Дүниежүзілік денсаулық ұйымы (ДДҰ) депрессияны бүкіл адамзатты қамтыған эпидемиямен салыстырады: депрессия  әлемде жұмысқа келмеу себептері арасында бірінші орында,  жұмыс істеу қабілетін жоғалтатын аурулар арасында екінші орында тұр.

- Егер тиісті шаралар қолданылмаса, 2020 жылға қарай депрессия дамыған және дамушы елдердің экономикалық өмірін әлсіретеді.  

- Депрессия - ең көп тараған психикалық бұзылыстардың бірі . Депрессиямен  әлемде  350 миллионнан астам адам ауырады.  

- Жыл сайын әлемде шамамен 150 миллион адам депрессияға байланысты жұмыс істей алмайды. 

- Депрессия  АҚШ экономикасына  жыл сайын 50 миллиард доллардан астам залал келтіреді. Бұл сома 290 млн зая кеткен  жұмыс күнін, психотерапия мен мүгедектікті қамтиды.

- Депрессия - әлемдегі мүгедектіктің негізгі себебі.

- ДДҰ-ның болжамына сәйкес, 2020 жылға қарай депрессия барлық аурулардың арасында әлемде бірінші орынға шығады. Яғни жұқпалы және жүрек-қан тамырлары ауруларын артына қалдырады.  Қазірдің өзінде  депрессия әйелдер зардап шеккен ең көп тараған ауру.

- Бүгінгі күні АҚШ-та депрессия – еңбекке жарамсыздық қағазы берілетін екінші ел болса,  Швеция – бірінші ел.

- АҚШ-та жүргізілген зерттеулерге сәйкес, депрессияға ұшыраған адамдар басқа аурулардан екі есе көп көз жұмады.

- Қазақстанда  депрессиядан қиналғандар саны 4.4% - бұл аз емес, бірақ бұл шамамен 800 мың қазақстандық.

- Жалпы ел бойынша алғаш қойылған диагнозбен психикалық және мінез-құлық бұзылуларының таралуы 100 мың адамға шаққанда 60,8.

 

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ТЕСТ: ӨМІРДЕ ҚАНДАЙ ҚҰНДЫЛЫҚҚА БАСЫМДЫҚ БЕРЕСІЗ?
ӨЗБЕКСТАНҒА НЕ ҮШІН БАРДЫМ...
БАЛАНЫ БЕСІККЕ БӨЛЕУ ЗИЯН БА?

ЖҮРЕГІМДІ ЖІБІТКЕН АРУҒА ЖАН СЫРЫМ...

ЖИЫРМА ЖЫЛ ЖҰЛДЫЗҒА ҚАРАҒАН...

СПОРТТЫҢ ДЕНСАУЛЫҚҚА ПАЙДАЛЫ БЕЛСЕНДІ БЕС ТҮРІ




 

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.