{metadescription}
Мектеп бітіру кешіне қалай киінеміз?

Мектеп бітіру кешіне қалай киінеміз?

Мектеп бітіру кеші. Есіңде мәңгі қалатын салтанатты шараға санаулы күн қалды. Соңғы қоңырау, аттестат тапсыру, салтанатты жиын, би кеші... Жадымда тек жарқын сәттер мен әдемі бейне қалсың десең, қазірден бастап соның қамына кіріс.

Болмысы мен жасаған дүниесі мейірге толы қазақстандық дизайнер Аида Кауменова түлектер кешіне бағыт-бағдар беретін мейірімді кеңесімен бөлісті.

Қымбат емес, сәнді киіне білу...

  - Қазір үлкен сауда орындарында халықтық маркалы, қымбат емес топтамасымен көзге түсетін брендтер аз емес. Онда ұзын жібек көйлектер, бодилар бар. Негізгі бұйымды содан сатып алуды ұсынамын. Сосын оған қосымша тормен тігілген буда юбка, жамылғы тігіп алуға болады немесе оны әдемі безендірілген белдікпен толықтыруға болады.Мысалы, өзіңе жарасатын арзанқол көйлек сатып алып, ал белдігін үйде әшекейлеп алуға болады.

Көйлекті қандай матадан алған дұрыс?  

- Мата ашық түсті әрі жеңіл болғаны абзал. Фатин, жібек, зығыр, яғни жеңіл де, сусылдаған мата таңдаңыз.  Ашық түсті - сары, қызыл күрең, қызғылт.

Көйлек таңдағанда, бірінші кезекте нені ескеруіміз қажет?

- Бірінші кезекте дене бітімін ескеріңіз. Аяғы толық, бірақ белі жіңішке қыздар киімінде корсет-белдік немесе бодиге басымдық бергені жөн. Омырауы әдемі болса, оны ашпай, қонымды көйлек кисе. Бір сөзбен айтқанда, дене мүсінінде мінсіз тұсын ерекшелеп тұратын киім таңдаса.

Көйлек таңдағанда жіберетін қателіктер

- Мен дизайнер ретінде өз еліміздің менталитетін ескеремін. Сондықтан қыздарға мектеп бітіру кешіне ашық-шашық киінбеңіздер деп кеңес беремін. Шамаға қарай, шектен шықпай, әдемі болса, иық тұсын, қолын жалаңаштауға болады. Бірақ қысқа көйлек киіп, ішін жалаңаштауға қарсымын. Бойжеткендердің пәктігі көрініп емес, сезіліп тұруы тиіс.

- Сәнді және әдемі болу үшін ашық-шашық киюнудің қажеті жоқ. Ересек болып көрінгеннен гөрі, сәнді болған әлдеқайда ұтымды.

- Біріншіден, көйлек сізді ересек етіп көрсетпеуі керек. Ол үшін күңгірт түстен аулақ болыңыз. Жапсырмалы моншақтар, қымбат, жылтырақтармен кестеленген бұйым бойжеткенді өз жасынан ересек, кішкентай тәте етіп көрсетеді. Осындай қателіктер жібермеңіз. Ал екіншіден,  тым кэжуал (Casual – кездейсоқ, әдейі күнделікті стиль) болудың қажеті жоқ. Яғни, салтанатты кешке күнделікті киіммен келген қолайсыз жағдайға қалдыруы мүмкін. Бірақ кең, зығырдан тігілген көйлегіңіз болса, оны жалпақ кестеленген, фатиннен тігілген  белдемшемен толықтыруға болады. Кез келген қарапайым көйлекті кестелі белдемшемен, күміс түсті туфлимен жарқыратып жіберуге болады. Мысалы, күміс түсті туфли киіп, күміс әшекей тағуға болады.

2018 жылдың жазы...

- Биыл жазда жарқыраған ашық - ақ, сары, ашық күлгін түстер сәнді болмақ. Әсіресе ашық күлгін – маңызды тренд. Лук («look»ағылш. – кейіп, яғни киім, аяқ киім, аксессуар, макияж – бәрі қосылып адамның бейнесін қалыптастырады) толығымен күлгін бола алады. Мысалы, күлгін түсті шалбар, күлгін жазуы бар ақ майка, күлгін пиджак пен күлгін түсті туфли. Міне, осындай сән еніп келе жатыр. Бұл осы жаздың басты тренді.

Сондай-ақ, романтикалық және спорттық стиль қабысады. Ауызша айтсам, жалпақ белдікті зығырдан тігілген романтикалық ақ көйлек пен спорттық аяқ киім.

- Мен мектеп бітіргенде арнайы көйлек тіктірмедім. Ауқатты отбасында өссем де, түлектер кешіне аса назар аудармаппын. Көйлекті құрбымнан алып, бір киген соң ертесінде апарып бердім. Бірақ лакталған әдемі бантигі бар туфлиім болды.  Ал үстімде жеңіл тоқылған ақ, түймелі қара костюм болды. Желбіршек, қосетек деген атымен болмады. Сөйтіп кербез, сыпайы ханым образымен мектебімді тәмамдадым. 11-ші сыныпты ауылда бітіргендіктен, сұлулық салоны жоқ. Моншаға түсіп, су шашыма бигуди салып, сонымен ертеңгі түске дейін жүрдім. Шашым бигудиді ұстамай, бұйра шықпай қалды. Соған қарамастан түлектер кешінде өзімді ханшайымдай сезіндім!

Еліміздің мектеп түлектеріне айтарым, еңселеріңіз әрдайым биік болсын! Киіміңіз де, өміріңіз де ашық-жарқын, сәнді болсын деп тілеймін! 

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: АУЫЗАШАР: ЖАҒДАЙЫМ КЕЛМЕСЕ, ДАСТАРХАННЫҢ АҒЫЛ-ТЕГІЛ БОЛУЫ МІНДЕТТІ МЕ?

БІЗДІҢ КӨПҰЛТТЫ ТАТУ ОТБАСЫМЫЗДАН ҚОНАҚ ҮЗІЛМЕЙДІ

ДЕПРЕССИЯҒА ҰШЫРАҒАН ПСИXОЛОГТЫҢ ӘҢГІМЕСІ

ӨЗБЕКСТАНҒА НЕ ҮШІН БАРДЫМ...

БАЛАНЫ БЕСІККЕ БӨЛЕУ ЗИЯН БА?

 

 

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде