Баласы жоқ қазақ не істеген?
Баласы шетіней берген қазақ жасы ұлғайған сайын қатты уайымдайды. Басқалары ұлды ұяға, қызды қияға қондырып , ақ түйенің қарнын ақтарып жатқанда бір үйдегі ерлі-зайыптының күйген томар құсап отыруы шынында да аянышты. Әйелі бедеу, күйеуі белсіз болса бір сәрі. Бірі тауып, бірі тапқызып-ақ жатыр. Амалы қанша, ажалы құрғыр бірін-бір, екісін-екі ала жөнеледі. Жәбірейіл көзге көрінетін, құрыққа түсетін жау емес, балгердің көмегі жоқ. Енді қайту керек?
Автор: Заира Сабитова
Осы мәселеге қатысты кезінде жазушы Ахмет Жүнісов мынадай қызық дүние айтқан болатын:
«Қазақтағы мұның жауабы екеу. Бірінші – сатып алу. Екінші - асырап алу. Сатып алғанда баланы туысымен екінші біреу , бақсы кемпір: «Мынау менің балам, сенде несі бар, осы үйдегі баламды ұрлаған екі ұры қайда? Таптым, таптым ұрылады! Қырық перен шілтенім-ау! Иә, алла, медет, медет, әкетем баламды. Алып бер баламды!» деп киіз үйдің, не тамның сыртында жатып зіркілдейді, зікір түсіреді....
Үстіне ала-құла киім киген, қолына асатаяқ ұстаған, жағасы мен кеудесіне, арқасына бүркіттің қауырсыны мен тұяқтарын таққан бұл адам көрер көзге де сұсты болады.
Тақсыр-ай, әулием-ай, бұл бала сіздікі екен ғой. Бізді қара басыпты. Мінеки, балаңыз! Аз уақытта бұлда өліп қалады-ау, - деп әке мен шеше баласын керегенің астынан бақсыға алдып береді. Мұнысы баласын ажалдан алып қашқаны.
Баланы жылағанына қарамай алып қашқан бақсы ауылдың итін бір қауым жерге дейін үргізіп көзден ғайып болады. Бұлар көбінесе түнде, қараңғыны бетке алып келеді. Бақсы-балгерден басқаны көп біле бермейтін қазаққа ол кезде ауруды жаздыру да қиын. Сатып алу – ақырғы айла.
Арада бірер ай өткен соң баланың әке-шешесі ешкім танымайтындай алба-жұлбамен қайыршыдай киініп, баспанасы жоқ адамдай мосы мен шәугімін, бір арқа отынын арқалап бақсыға барады. Айдап барған үш-төрт ұсағы болады.
Қаңғырып жүрген қайыршы едік. Сізден былай бір шапағат, қайыр бола ма деп келдік. Бізге жар болатын алдымен алла, онан соң өзіңіз. – деп, бала жөнін алғашында қозғамайды. – менде бары осы еді, - деп бақсы бір жапырақ нан алып шығады. Сөйтіп бұл екеуін өмірі көрмеген адам құсап түсін суыққа салады. «Қайыршылар» қарманы алмайды.
– Ой, кезбелер-ау, міскіндер-ау! Қоламтаға көміп пісірген қармадан артық не керек сендерге? Неге зәру едіңдер?
Бала, балаға, - деп міңгірлейді екеуі.
Шариғатта ғаріп-міскінге қарайласпағанды кәпірге жатқызады. Шын міскен болсаңдар. –Шын, шын, - деп шырылдай жөнеледі екеуі., жылайды. – Онда алланың менде тонды туған бір пендесі бар еді, бердім... – деп, сырттағыларға баласының басын еңкейтіп, өзі алғандағыдай керегенің астынан береді.
Әсілі, қазақ салтында өлген адамды жуындырып жерлерде үйден аяқ жағын есікке қаратып шығарады. Мұнысы – бала дүниеге ана құрсағынан келгенде басымен шығады ғой. Сондықтан қазақтар адамды басымен дүниеге келіп, аяғымен кетеді дейді. Бұнда баланы еңкейтіп басымен шығаруы – өлімге емес – өмірге бет алсын деген ырым. Өйткені бұл бала дүниеге енді келіп, , екінші біреуге бала болғалы отыр.
Баланы алып қайтқан әке-шеше айдап барған малын бақсыныкіне тастап кетеді. Апарған астары да қалады. Мұнысы – дәм-тұзымыз, араласымыз үзілмесін дегені. Сатып алған өз балалары тағы өліп қалса, екінші шараға көшіп, бір абысындары босанған күні шарананы етектеріне салып әкетеді де, қашан омыраудан шыққанша әкеліп емізіп қатарға қосады. Баласын берген туыс ол баланы өмір бойы өзіміздікі демейді. Бала да олардың маңын баспайды».
Міне, осындай жағдайлар арқылы баласы жоқ қазақ бұрынғы ғаламда болған емес.
Қазақ халқы өте бала жанды. Адамға деген ілтифаты ұшан-теңіз. «Балалы үй - базар, баласыз үй – мазар» деп, баланың аз болғанын жақтырмаған. Олар үшін мал төлдеп, әйел туып тұру ерек. «Ұл туғанға – күн, қыз туғанға – ай туыды» деп әр балада бір мәз болып, бір жырғап қалады қазақ. Қазіргідей бір-екі баладан кейін әдейі таппай қойған келіншектерге ол кездегі күйеулер кез қамшыны керегеден жұлып алып арқасынан таспа тілетін деседі. Келіншек баланы омырау сүтін суалтпай жалғастыра берсе – бала таба берсе, оны келген жері де, төркіні де төбесіне көтеретін.
Бала десе жанын да, барын да беретін халықпыз. Жетімдіктің шетін көрмеген қазақ үшін қазіргі заманғы жетімдер үйі - үш ұйықтаса түсіне көрмеген жайт. Біреу құдайдан нәресте тілесе, біреу сәбиін қоқысқа тастап кетіп жатыр. Не деген жауыздық десеңші!
Тілеріміз, жанұя ажырамасын, әр ананың құрсағына бала бітсін. Әр отбасы отынан айрылмай, бақытты ғұмыр кешсін. Балалы болып, ата-ана атану да жаратушының бір сыйы.
Шаңырақтарыңыз шайқалмай, жанұяларыңыз бала күлкісіне толы болсын!