Ең жоғары зейнетақы алу үшін не істеу керек?
Ең жоғары зейнетақы алу үшін не істеу керек? БЖЗҚ қаржылары қайда құйылып жатыр? Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алуға бола ма? Зейнетақы төлемдерін тағайындау қалай жеңілдетіледі ?Салымшылар жинақтарын «7-20-25» бағдарламасына пайдалана ала ма? Сондай-ақ тағы басқа сіз білуге тиіс мәліметтермен таныс болыңыз.
Автор: Заира Сабитова
Ең жоғары зейнетақы алу үшін не істеу керек?
1998 жылдан кейін еңбек нарығына келгендер зейнетақыны жинақ жүйесі бойынша алады. Бұдан бөлек, базалық зейнетақы төленеді. Бірақ оның көрсеткіші жоғары болуы үшін жинақтау жүйесін қатысу мерзімі ескеріледі. Егер жалпы еңбек өтілі 33 жылдан асса, онда базалық зейнетақының көрсеткіші 100 процентті (ең төменгі күнкөріс деңгейінің - 28 284 теңге) құрайды. Ал зейнетақы жарналары тұрақты түрде төленіп, біраз ақша жиналса, бірыңғай зейнетақы қорынан қосымша ақша төленеді. Сондықтан ең көп жұмыс істеген адам ең жоғары зейнетақы алады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова былай түсіндірді:
- 1998 жылға дейін есептелетін еңбек өтілі біртіндеп азаятындықтан, ынтымақты зейнетақы жүйесі қысқартылады. Осыған байланысты 2020 жылдан бастап жұмыс берушілер зейнетақы қорына қосымша 5 пайыздық төлемдерді аудара бастайды. Осылайша, бір адамның жарнасы 15 пайызға жетеді. Зейнеттік жасқа шыққанда жинақталған қаржының мөлшері 12 минималды зейнетақыдан төмен болса, онда ол қаражатты бірден алуға рұқсат беріледі. Одан кейін ешқандай төлемдер жасалмайды. Ал жинақтың көлемі жоғары болса, онда базалық зейнетақымен бірге ай сайын бірыңғай жинақтау қорынан да ақша түсіп тұрады.
БЖЗҚ қаржылары қайда құйылып жатыр?
2018 жылғы 1 ақпанда Зейнетақы қорының ҚР Ұлттық банкінің сенімді басқаруындағы зейнетақы активтері 7,8 трлн теңгені құрады. Қоржындағы үлестің негізгі бөлігі 44,47%-ті Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздары құрайды, олардың үлесі жыл басынан бері 3,18%-ке азайды. Мемлекеттік бағалы қағаздардың ағымдағы құны 3 473,64 млрд теңге. Инвестицияланған зейнетақы көлемі бойынша екінші орында ҚР екінші деңгейлі банктерінің облигациялары тұр, олардың қоржындағы үлесі 15,82%-ке тең. Ағымдағы құны 1 235,92 млрд теңгені құрады. Бұдан тыс, инвестиция қоржынында 2018 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша шет мемлекеттердің бағалы қағаздары (12,61%), Қазақстанның квазимемлекеттік ұйымдарының облигациялары (10,11%), Қазақстан банктеріндегі депозиттер (4,20%), шетелдік банктердегі депозиттер (5,25%) және қоржын тәуекелі мен табыстылығының рационалды қатынасын қамтамасыз ететін басқа да құралдар бар.
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алуға бола ма?
ҚР Ұлттық банкінің басшысы Данияр Ақышев бұл сауалға былай жауап берді:
- Үкімет пен Ұлттық банк арасында зейнетақы саласын реформалау әлі талқыланып жатыр. Жаңа реформалар салымшылардың ақшаны басқаруға қатысын арттырмақ. БЖЗҚ ақшасын мерзімінен бұрын кім шеше алатынына келсек, бұл санатқа жинаған сомасы жеткілікті азаматтар жатады. Жинаған сомасы жалақысына пара-пар болатын немесе одан артық тұлғалар қаржысын басқа мақсатқа жұмсай алады. Біздің мақсатымыз жинаған аз-маз қаржысын азаматтар болашақты игілігіне пайдалануын қамтамасыз ету. Зейнетке шыққан адамда одан өзге табыс болмайды. Сондықтан, осы жинақтан басқаға сенуге болмайды. Жинақтаушы зейнетақы жүйесінің басты мақсаты - адамдардың алаңсыз қарттығын қамтамасыз ету.
Зейнетақы төлемдерін тағайындау қалай жеңілдетіледі ?
Мәдина Әбілқасымова, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
- Осы жылдың шілде айынан бастап бастап зейнетақы төлемдерін тағайындау жеңілдетіледі. Азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру оңтайландырылады. Әр азамат зейнеткерлік жасқа жеткен кезде төлемнің төрт түрін мемлекеттік базалық зейнетақы, жасына байланысты ынтымақты зейнетақы, жинақталған зейнетақы, мемлекеттік кепілдік алуға құқылы. Осы төлемдерді алу үшін азамат бүгінгі күні бірнеше инстанцияға жүгінеді. Мысалы, мемлекеттік корпорацияға екі рет 2 өтінішпен базалық және ынтымақты зейнетақы тағайындау үшін, бір айдан соң тағы да өтінішпен мемлекеттік кепілдік мәселесі бойынша барады. БЖЗҚ-ға бір өтінішпен зейнетақы төлемдерін тағайындау мәселесі бойынша жүгінеді. Ағымдағы жылдың шілдесінен бастап осы тәртіп айтарлықтай жеңілдейді.
Яғни, енді зейнеткерлік жасқа жеткен азаматтар зейнатақы төлемдерін тағайындау үшін бір жерге - «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына ғана жүгінетін болады. Төлемдердің үш түрін тағайындау жөніндегі қызметтердің барлық спектры бар болғаны бір өтініштің негізінде композиттік түрде көрсетіледі.
Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріндегі мәліметтер автоматты түрде пайдаланылып, көп құжат талап етілмейді. Ал мемлекеттік кепілдік төлемі өтініш бермей жүргізіледі. Яғни, төлем мөлшері автоматты түрде есептелінеді және қызмет алушының шотына аударылады. Төлемдердің барлық түрлері бір уақытта және бір банк шотына жүргізіледі. Ал қазір төлемдер әртүрлі көздерден алынады және алушының әртүрлі шотына аударылады. Бұл жаңалық зейнеткерлік жасқа жеткен адамдардың шамамен 70 пайызына қатысты болады.
Салымшылар жинақтарын «7-20-25» бағдарламасына пайдалана ала ма?
ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев БЖЗҚ салымшылары не себепті зейнетақы жинақтарын «7-20-25» бағдарламасына салу үшін пайдалана алмайтынын былай түсіндірді:
" Ұлттық банк бұндай идеяны мүлдем қолдамайды. Азаматтар БЖЗҚ-да жинаған қаржы олардың зейнеткерлік жасқа жеткеннен кейін өмір сүру қабілеттігін қамтамасыз етуге бағытталған. Яғни, бұл қаржы адамдардың қазіргі әлеуметтік проблемаларына ескерілмеген. Дәл қазір аталған идеямен келіспейміз, сәйкесінше ешқандай қадамдарды қарастырған жоқпыз.
ҚР Ұлттық банкі 2018 жылы облигациялық бағдарламаны іске қосады. Қор жинауды кеңейтудің екінші элементі - ол облигациялық бағдарлама. Оны 2018 жылы іске қосуды жоспарлап отыр. Ол банктердің қаржы тетіктеріне және корпоративті қазақстандық эмитенттеріне Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестицияларын қарастырады. Ұлттық банк 200 млрд теңгеге тарта соманы болжам отыр. Банктерге қаржы бөлу шаралары тек ашық негізде іске асырылады".
Сіз білуге тиісті мәліметтер:
А) Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры Telegram желісінде өз операция жүйесін іске қосты. Енді Telegram –бот арқылы жеке зейнетақы көшірмесін алуға немесе оны жеке электронды почтаға жіберуге, жеке кабинетке кіруге арналған құпия сөзді ұмытып қалған жағдайда қайта орнатуға болады. Telegram- бот көмегімен Қор туралы жаңалықтар мен мәліметтерді алып, жақын маңдағы бөлімшелерін табуға болады.
Сондай-ақ бот валюта бағамдарының ағымдағы бағасын көрсетіп, ЖҚЕ бұзғаны үшін айыппұл мөлшерін анықтауға, БЖЗҚ мобильді қосымшасын жүктеу үшін сілтеме алуға болады.
"Енді боттың мүмкіншілігін одан әрі дамытып, барынша пайдалы да ыңғайлы етуге күш саламыз»-деді БЖЗҚ баспасөз қызметінен. Ботты қолдану үшін Telegram желісіндегі іздеу жүйесіне enpfbot деп тересіз. Бірінші қосылған кезде қолданушыларға тілді таңдау ұсынылады. Мемлекеттік немесе орыс тілін таңдаған соң, мәзірге кезек беріледі".
Бұрын Қазақстанда SMS-хабарлама арқылы ең жиі сұраныстағы 4 қызметті алуға мүмкіндік беретін @EgovKzKenesBot Telegram-боты жұмысын бастаған болатын.
Б) Сәуір айының аяғынан бастап БЖЗҚ қызметінің 52 пайызы электрондық түрде көрсетіліп келеді.
«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ басқарма төрайымы Нұрбүбі Наурызбаева зейнетақы жинақтау қорындағы цифрландыру туралы былай деп айтты:
- 2018 жылдың 1 сәуіріне дейін 5 млн азамат зейнетақы қорындағы жеке шотының көрсеткішін білу үшін электрондық қызметті таңдаған. Оның ішінде, 823 мың адам Қордан анықтама қағазын электрондық поштасы арқылы алса, 4,2 миллионы БЖЗҚ сайты немесе мобильдік қосымша арқылы алған.
Өткен жылдың 1 шілдесінен бастап Қордың барлық қызметі электрондық түрде беріле бастады. Тек тұрақты мекенжайының өзге елге ауысуына байланысты, шоттағы қаржыны аудару әзірге оффлайн тәртібінде ғана жүргізілуде. Бұл процесті де осы жылдың соңына дейін электрондық түрге ауыстыру жоспарланған. Өткен жылдан бері БЖЗҚ-ның 18 бөлімшесінде өз-өзіне қызмет көрсететін терминалдар жұмыс істеп келеді. Бұл әзірге пилоттық режимдегі жоба, бірақ жақын болашақта олардың санын көбейтіледі.
Еске салсақ, өткен жылдың шілдесіне дейін электрондық түрде тек анықтама алу мүмкін болған. БЖЗҚ мамандары салымшыларға қашықтан кеңес беру арналарын дамытуда. Ешбір сұрақ жауапсыз қалдырылмаған.
В) Мүгедектікті және еңбекке қабілеттіліктен айырылу деңгейін белгілеу процедурасы жеңілдетілмек.
Бұл туралы еңбек вице-министрі Светлана Жақыпова:
- Үш әлеуметтік қызмет (жасына байланысты зейнетақы тағайындау, базалық зейнетақы төлемдері мен БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы) бойынша құжаттарды қабылдау "бір өтініш" қағидасымен жүзеге асырылады.
Зейнеткердің барлық төлемдері оның бір банктік есеп-шотына түседі, мемлекеттік кепілдік төлемдер де бір мезетте жіберіледі. Сондай-ақ, әлеуметтік төлемдерді белгілеу бойынша тағы алты мемлекеттік қызмет түрін проактивті етудің механизмдері жасақталып жатыр.
Мүгедектік пен еңбекке қабілеттіліктен айырылу деңгейін белгілеудің жаңа ережелері:
Осы саладағы қызметтерді композиттік форматта көрсетуге көшірілді. Егер бұрын мүгедектікті белгілеу, жәрдемақыларды тағайындау және еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда әлеуметтік төлем алу үшін адам үш ұйымға жүгінген болса, қазір тек бір ұйымға жүгінеді.
Келешекте бұл өтініштер электронды түрде е-gov арқылы қабылданатын болады, медициналық-әлеуметтік сараптама өтініш берушінің жеке қатысуынсыз жүзеге асырылады. Бұл адами факторды жояды және сыбайлас жемқорлық қатерлерін төмендетеді.