ӘЧ-2018: Ойын кестесі, қазақстандықтар үшін тіркеу ережесі, ФИФА табысы, Ресей шығыны
Биылғы чемпионатта ФИФА қанша табыс табады? ӘЧ-2018 ұйымдастыруда Ресейдің шығыны қандай? Ресейде футболдан әлем чемпионатының өтуіне байланысты ресейлік қалаларда Қазақстан азаматтары үшін арнайы тіркеу ережесі. ӘЧ-2018 Астана уақыты бойынша ойын кестесі.
Ресей өз тарихында тұңғыш рет Әлем чемпионатын ұйымдастыру мүмкіндігіне ие болып отыр. Көптеген қазақстандық футбол жанкүйерлері көрші Ресей елінде өтетін чемпионатты өз көзімен тамашалауға аттанып та кетті.
14 маусым мен 15 шілде, бір айға созылатын чемпионаттың ойындары 11 қаладағы 12 стадионда өткізіледі. Әлем біріншілігінің барлық 64 матчын Qazaqstan және Qazsport арналары көрсетеді. Комментаторлар: Есей Жеңісұлы, Сергей Райлян, Жігер Азбергенов, Дмитрий Мостовой, Жандос Смайылов және т.б. Ал ойын өткізілетін жерден матчтың бірқтар бөлігін Руслан Бақытжан мен Тимур Сүлейменов жүргізеді.
Футболдан Әлем чемпионатының 1/8 финалы 30 маусым күні, ал қазақстандықтар Астана күнін тойлап жататын 6 шілде күні - ширек финал басталады. Жартылай финал 10-шы және 11-ші шілде күндері, финал 15 шілде күні өтеді.
Ресейдегі ӘЧ Футбол қауымдастықтарының халықаралық федерациясына (ФИФА) 6,1 миллиард доллар табыс әкеледі, - деп жазады The New York Times. Түсім сомасы рекордты болғалы тұр. Бұл көрсеткіш бұрын болжам жасалған сомадан 10% артық. Халықаралық футбол федерациясы телетрансляциялар құқығын сатудан 3 млрд доллар пайда табуды жоспарлаған болатын. Соңғы деректерге қарағанда, ФИФА-ның осы бағыттағы табысы жоспардағыдан 2% (60 млн доллар) көп болады.
ФИФА демеушілік келісім-шарттардан жоспарлағаннан артық -200 миллион доллар түсім табуда. Федерация қытайлық компаниялармен ынтымақтастықты кеңейтті - 2018 жылы 20 демеушінің жетеуі - Қытай өкілдері.
ӘЧ-2018 ұйымдастыруда Ресейдің шығыны қандай?
Ресейде футболдан ӘЧ тікелей ұйымдастыруда жұмсалған сома 500 миллион доллар, деп хабарлайды "Р-Спорт".
«Ресей-2018» ұйымдастыру комитетінің бас директоры Алексей Сорокиннің айтуынша, әлем чемпионаты аяқталған соң соңғы тиынына дейін саналып, толық белгілі болады.
«Өйткені қазірдің өзінде күтпеген шығындар болып қалуы мүмкін. Дегенмен жалпы әлем чемпионатын өткізу тарихын ескерсек, жоғары бюджетпен біз ешкімді таң қалдырмаймыз. Сол 500 миллион доллардың мөлшерінде болмақ», - деді Сорокин РИА Новости берген сұқбатында.
"Әлем чемпионаты инфрақұрылымының бюджеті – бұл абслютті ашық цифр, 678 миллиард рубль. Бұл жиынтық шығын, оның ішіне федералды, өңірлік және бюджеттен тыс табыс көзі кіреді. Жалпы бұны әлем чемпионатының шығыны деп айтпас едім. Жаңа терминалдар, жаңа жолдар, метро станциясы салынды", - деді Сорокин.
Әлем чемпионаты-2018 басты фавориті кім?
Букмекерлер болжамының шымылдығын түрсек, футбол жанкүйерлері әзірге Бразилия, Германия, Испания, Франция мен Аргентина құрамаларының жеңісіне үміт артуда.
Ресейде футболдан Әлем чемпионатының өтуіне байланысты шетелдік азаматтар, соның ішінде қазақстандықтар үшін арнайы тіркеу ережесі енгізілді.
«25 мамыр - 25 шілде аралығында Ресей Федерациясында FIFA-2018 футболдан әлем чемпионатының өтуіне байланысты Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан, Сочи, Волгоград, Екатеринбург, Калининград, Нижний Новгород, Ростов-на-Дону, Самара және Саранск қалаларында шетел азаматтары үшін, соның ішінде Қазақстан Республикасының азаматтары үшін арнайы тіркеу ережесі енгізілді», - делінген Ресей елшілік сайтында.
Шетел азаматтары көрсетілген қалаларға келген күннен бастап үш күннің ішінде РФ Ішкі істер министрлігінің (көші-қон басқармасы) тиісті аумақтық органдарына немесе Мемлекеттік және муниципалдық қызмет көрсету көпфункционалды орталыққа (КФО) тіркеуден өтуге өтініш беруі қажет.
Тіркеу мерзімі Ресей Федерациясына келген күннен емес, жоғарыда аталған қалаларға келу күнінен бастап есептеледі. ҚР елшілігі Қазақстан азаматтарында Ресейге келген кезде халықаралық үлгідегі медициналық сақтандырудың болуын ескертеді.
Футболдан Әлем чемпионаты өтпейтін Ресейдің қалған аумақтары бұрынғы режим бойынша жұмыс істейді - ҚР азаматтары үшін 30 күнге дейін тіркеусіз. Келу мерзімі осы кезеңнен асып кетсе, тіркеу міндетті болып табылады. Жеке істер бойынша болу мерзімі, жалпы ұзақтығы 180 күннің ішінде 90 күннен аспауы керек.
Қонақ үйлерде, шипажайларда және демалыс үйлерінде жайғасқан азаматтарды аталған мекемелердің әкімшілігі бір күннің ішінде тіркеуді жүзеге асырады. Басқа жағдайларда тіркеу РФ Ішкі істер министрлігінің аумақтық органдарында немесе КФО-ларда үш күннің ішінде жүргізіледі: шетел азаматы қабылдаушы тараппен бірге (жеке немесе заңды тұлға: қонақүйлік қызмет көрсетпейтін туысы, досы және ұйымы) РФ Ішкі істер министрлігінің аумақтық органында немесе КФО-да тіркелуі қажет.
Футболдан 2018 Әлем чемпионатын ұйымдастырушы қалалар:
Москва, Сочи, Ростов-на-Дону, Санкт-Петербург, Калининград, Қазан, Екатеринбург, Нижний Новгород, Саранск, Волгоград, Самара;