{metadescription}
Қазақты домбырадан айырған күні қазақ қазақтығынан айырылады

Қазақты домбырадан айырған күні қазақ қазақтығынан айырылады

Домбыраның қасиеті неде? Жеті нотадан артық нотасы бар аспап қандай? Домбыраның құдіретін зерттеген адам бар ма? Домбыраны модернизацияға түспеген аспап деуге бола ма? Қазіргі домбыра мен бұрынғы домбыра...

Домбыра шертіп жүрген және домбыра шертпесе де, домбыра аспабын ағаштан ойып жасаумен айналысқан екі адамның осы қасиетті де құдіретті аспап туралы ой толғауын ұсынып отырмыз.

Серік Жанболат, журналист, "Аптап" бағдарламасының жүргізушісі:

"«Өнер алды - қызыл тіл» деген бар. Тілдің өзін өнер көреміз. Соған қарап мен мынадай ойға келемін: Өнердің ең шыңы – қазақтың музыкалық өнері, оның ішінде - домбыра. Олай деуге себеп, домбыраның өн бойында бір шеге жоқ, ағаштан ғана жасалған. Тіпті шегі мен пернелерінің өзі ешкінің ішегінен. Ол қазақтың атам заманнан бері алып келе жатқан дүниесі. Енді екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кең бұрап, нағыз қазақ - қазақ емес, нағыз қазақ  - домбыра »  деген сөз біздің бар болмысымызды көрсетеді.

Алтыншы сыныпта қолыма домбыра ұстап, шертіп үйреніп кеттім. Шешемнің домбырада ойнағанын қарап отырып үйрендім. Мен әскерге  домбыра алып барған, домбыра алып қайтқан адаммын. Сонда көрші әскери бөлімдегі қазақтар «мында домбыра ойнайтын қазақ бар» деп  іздеп келіп танысатын. Тіпті Торғайдың даласында өскен офицер жігіт домбыра барын естіп, соның үнін есту үшін іздеп келді. Домбыраны өмірі қолына ұстамаған, бірақ қазақтың даласында туып өскен орыс жігіт офицер болып Ресейде қалған ғой. Соның өзі біздің домбыраның құдыреттілігін көрсетеді. Міне, домбыраға біз осы тұрғыдан қарайтын болсақ, біз оның кереметтігін ұғынамыз. Қазақтың әнінде домбыраның үні бар. Домбыраның үнін естіген кез келген қазақ елітіп қоя береді. Ол қай жерде болмасын солай.

Сахнада мың шақты адам бір мезетте домбыра шертіп әлемдік Гиннесстің рекордтар кітабына еніп жатыр. Осындай дүние қай халықта бар? Мың скрипкашыны бір жерге отырғызып көрші. Бұл қазақ үшін бірліктің факторы. Мысалы, тіл қандай рөл атқарса, домбыра да сондай рөл атқарады. Фактор дегеніміз - қозғаушы күш. Қазақ ру мен жүзге бөлінсе, домбыраға келгенде бөлінбейді. Ол – біреу-ақ.

Ал домбыраның түрлері туралы айтсам, меніңше, ол екіге бөлінеді. Күйдің домбырасы, әннің домбырасы деп қана. Біреуі күмбірлейді, біреуі шыңқылдайды, сол-ақ. Қолтыққа қысып жүретіні ол әндікі,  аттың үстінде жүреді ғой. Қазақ аттың үстінде жүріп күй шертпейді. Күйді киіз үйде, жабық жерде отырып шертеді. Сондықтан күйдің домбырасы күмбірлеп тұру үшін шанағы домалақ, кең болады. Ал әннің домбырасы қолтыққа қысып жүрген соң, шанағы тар болады. Бәріне ортақ бір ғана дүние - домбыра. Оны біреулер батыстікі, шығыстікі, төкпе күйдікі, шертпе күйдікі деп бөледі. Олай емес, оның айырмашылығы осы ғана. Әрине, қазақта үш ішекті домбыра да бар. Ол рас, шертпе күйдің нағыз шеберлері ойнайтын ғажап дүние.

Кейде ойлаймын, әлемдегі барша шертпе аспаптардың түп негізі домбырада жатыр ма деп. Өйткені скрипканың түп атасы қобыз екені мойындалды. Оны әлемнің барлық музыка зеттеушілері солай деп таниды. Қорқыт баба-қобыздың атасы. Ал басқа шертпе аспаптардың домбырадан шыққанын мойындау керек.

Қазіргі уақытқа дейін модернизацияға түспеген бірде-бір музыкалық аспап жоқ. Еш өзгермеген, бірінші қалпын, үнін сақтап келе жатқан аспап домбыра ғана. Ол қазақтан бұрын тууы мүмкін.

«Қыз Жібек» фильмін түсіргенде аққуларды көлге қондыра алмай, сонда Нұрғиса ағамыздың «Аққуын» ойнап кеп жібергенде аққулар ирелеңдеп кеп көлге қонған. Бұның өзі оның табиғи дыбыс екендігін көрсетеді. Әтпесе аққуларға табиғаттың дыбысынан басқа дыбыс керек жоқ қой?! Ондай мысалдар көп. «Салтанат» күйінің тарихының өзі қайда жатыр! Кез келген күйдің тарихын алып қарауға болады. Дәулеткерейдің «Боз інгені». «Нар идіргеннің» тарихында түйенің ботасынан айырылып, саудырмай қойған соң, күй шертіп, ботаның дауысын салғанда аруана иіп кеткен.

Бұл домбыраның үнінде табиғаттың таза дауысы бар екенін көрсетеді.
Мысалы, Жәнібек Кәрменовтің домбырасында, мен білетінім, төртінші пернеде екі перне тұратын. «Неге мына жерге перне қосып қойғансыз?» деп сұрадым. «Бұнда нотада жоқ жаңа нота бар» ,-деді. Музыканың тілінде оны «мелизмдер» дейді, яғни музыкада ондай термин бар, бірақ ондай нота жоқ, ал домбырада бар.

Бізден басқа 5000 күймен мақтанатын жер бетінде халық жоқ. Біз осы байлықты білуге тиіспіз. Музыка әлемінде жанрлар көп, опера,  симфония т.б., ал соның ішінде ешкімге ұқсамайтын “күй” деген жанр бар. Мінеки, домбыраның ерекшелігі!

Біз әлі де домбыраның құдіретін біліп болған жоқпыз. Ешкім оның толығымен тембрлық күшін зерттеген жоқ. Қуаты, табиғатпен үйлесімі қандай? Оны есептеп көруге санамыз әлі жеткен жоқ. Бірақ, домбыраның үні тылсым екенін түсінеміз. Сондықтан да біз домбыраны жақсы көреміз".

Асқар Сәбитов, әдебиетші:

"Қазіргі жасалып жүрген домбыраға мүлдем көңілім толмайды. Ағашынан бастап, кез келген дүниесіне. Неге десеңіз, баяғыда ата-бабамыз үйеңкіден, қайыңнан, тіпті Біржан, Ақан серілердің домбырасы қарағайдың ішінде кәңдебай дейтін ағаштан жасалған. Кәндебай ағашының шәйірі, майы болмайды,өте құрғақ ағаш. Ал құрғақ ағаш дыбысты жақсы шығарады. Сол ағашты ақырындап арқанмен құлатады. Қатты құласа, ағаш жарылып кетіп, өзінің дыбыс шығару қасиетінен айырылуы мүмкін.  Оны көлеңкеге кептіретіндер бар. Кез келген домбыра ағашын тек күздің қара қиына ғана кептіру керек. Саумалдап кескен ағаштағы қара қидың күлі барлық бойындағы майын, шырынын кептіреді. Сол себепті қазақ ет жеп отырған,қолы май адамға ешқашан домбыра ұсынбаған. Ол домбыраның үні өшсін, сенің де үнің өшсін деген мағынаны береді екен. Сол кезде әнші ет жеп отырған кезде домбыра ұсынса, ән  айтпай, шамданып кетіп қалуға қақысы бар.

Қазіргі домбыраны тіпті жетім домбыра деуге болады. Атам қазақ серкенің ішегін домбыраға таңдап алады. Оның өзі бір технология. Ал қазіргі синтетикалық ішек қой. Мүлдем қазақтың табиғатына жат дүниелер. Өз топырағымызда өскен үйеңкіден жасалған домбыра қазаққа жақынырақ.

Домбыра біздің ұлттық бренд. Әр қазақтың үйінде домбыраның ілініп тұруы, той - томалақта шырқалуы үлкен ғанибет. «Дәстүр аттаған оңбас».  Әр үйде домбыраның үнінің шығуын дәстүрге айналдыру керек.

Арқа өңірінің шертпе күйшілері қалақ домбыра ұстайды. Біржанның да, Ақанның да қалақ домбырасы болған. Жәнібек Кәрменов те сондай домбыра ұстаған. Оңтүстік жақта оны «жамбыл домбыра» деп те атайды екен. Ал батыста «қазан төңкерме домбыра» деген ұғым бар. Әншілер шанағы сүйірлеу болып келген домбыра ұстайды оны «қозықұйрық домбыра» деп атайды. Жалпы домбыраның 20-дан астам түрі бар.

«Қағынан жеріген құлан оңбайды» деп текке айтпайды. Біз не нәрседен де жерідік. Ұлттық дүниелерімізді менсінбей қалдық қой. Соның ішінде домбыра да бар. Не нәрсе болсын шет елдікін қолдана бастадық. Мына домбыра шет елден алынған ағаштікі дейміз. Ол құнын қымбаттатқанмен, табиғатымыздан алшақ дүние.

  

Елбасының  Домбыра күнін тойлау туралы шешімі өте білімділікті көрсетеді. Біз ата-бабамыздың дәстүрін ұмыттық. Біз адаса бастадық. Халық болып бірігу үшін,  ұйысуымыз үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару үшін  осы домбыраның үніне құлақ бұруымыз керек. Домбыраға бет бұрсақ, ата-бабамыздың жолымен жүреміз.

Абай атамыз «Ойсыз құлақ ала алмас мұндай сыйды» демекші, домбырада қазына, домбырада сый бар. Сол сыйды ала білейік!" 

ФОТО: Бақытжан Жұмаділ

 
 
 

 

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде