{metadescription}
Демалыс: қаннен-қаперсіз түске дейін ұйықтасаң...

Демалыс: қаннен-қаперсіз түске дейін ұйықтасаң...

Адамдардың көбі демалыс күні кеш тұрады, жұмысқа асықпайды, ұйқысын қандырады. Ешқайда шықпайды. Демалады, теледидар қарайды, үй шаруасымен айналысады. Жалқауланып мессенджерде хат алмасып, тырайып күні бойы жатса да өз еркі...

Демалыс күні түске дейін ұйықтаудың пайдасынан гөрі, зияны басым екен. Сәскеге дейін бас көтермей ұйықтаған адамның басы ауырып, дел-сал күйге түседі. Ғалымдардың айтуынша,демалыста адам күнделікті оянатын уақытынан бір-екі сағат кеш оянғаны дұрыс. Адам ояна сала миындағы жоспары іске қосылып, оны рет-ретімен асықпай жүзеге асырса, әрдайым сергек және орнықты психологиялық күйде жүреді.

Психологтардың айтуынша, демалыс күндері біз менталдық (ойлай білуге қабілеттілік)  тұзаққа түсіп, алданып қалуымыз мүмкін. Ол біздің жан-тәнімізбен толық демалуға кедергі келтіреді екен. Егер бұдан сақтанбасақ, проблемаға айналып тереңдей беруі ықтимал. Сонымен, демалыс күндері  қандай менталдық тұзақ күтіп тұр?

Бейберекеттік.

Демалыс күнін неге тағатсыздана күтеміз? – деген сұрақ қойсақ, көбісінің жауабы «түк істемей демалып жатам» дегенге саяды. Расында да көп жағдайда сондай. Ақ түйенің қарны жарылды – демалыс туды. Белгілі бір уақытта тұрып, белгілі бір жоспарланған әрекет жасауға қажеттілік жоқ. Жатар алдында миымызға ертеңгі жоспар енгізілмеген. Яғни миымыз күнді жоспарлау туралы тапсырма алмады, демек ойымызда нақты бағыт жоқ, шашыраңқы. Осы сәтте адамның басын  бейберекеттік  жайлайды. Адам миында реттелген ақпараттың жоқтығынан  демалыс күннен толық рақат ала алмайды. Және керісінше,  жұмыс күндері нақты міндетті  түсініп, тізбектелген саналы ақыл ой шабытынан адам белсенді, ширақ, сергек жүреді екен.

Жоспарлаудың жоқтығы.

Адам өзінің немен айналысатынын нақты білмесе немесе саналы түрде кез келген жұмыстан қашқақтаса, одан мынадай жауапты күтесің: «Демалуға қақым бар шығар?!».

Бірақ тап осы жерде бізді тағы бір тұзақ күтіп тұрады – жабырқаңқы көңіл күй. Мәселе неде? Біздің миымыз нақты бір тапсырмаға шоғырланбай, ойымыз шашыраңқы болғанда...  Тап сол мезетте адамның ойына өткен кездегі жағымсыз оқиғалар, жайсыз сәттер оралады екен. Содан адамның жүні жығылып, көңілі орнына келмей жүрегі күпті болуы мүмкін.

Психологтардың айтуынша, жинақталмаған ой түптің түбінде келеңсіздікке әкеп соғады. Бұған таң қалмаңыз. Өткендегі жағымсыз сәттерді есіне алған адамның миы күтпеген (пісіп жетілмеген) шешім қабылдауға дайындалады.Ол ежелден келе жатқан, адам өмірін сақтап қалудың жалғыз амалы. Бірақ ежелде пайдалы боп саналған амал, қазіргі күнде жайсыздыққа әкеледі. Ал ол өз кезегінде демалыста жақсылап демалуға кедергі келтіреді.

Менталдық тұзақтардан қалай сақтануға болады?

Дүние күйіп, өртеніп бара жатса да, демалыс күнді тек демалуға арна. Жұмыс күндерінде аяқталмаған шаруаны ертеңге қалдырмауға тырыс. Ол үшін жұмыстан соң бітпеген іске бір-екі сағат арнап, соңына дейін тындыруға тырыс. Есіңде болсын, ертең бітіре салам деген шаруа  демалыс күннің шырқын бұзып, күйзеліске әкеп, денсаулыққа зиян боп тиеді. Олүшін демалысты жұма күннің кешінен бастаған жөн. Аптаның ортасынан бастап демалыс күннің жоспарын құруға дағдылан.

Шыны керек, демалыс күні жақындаған сайын көңілің жайланып, небір жоспар құра бастайсың. «Ертең - демалыс» деген ойдан адам миында шаттану құбылысы болады. Ал енді ойланып көріңіз, дүйсенбіде «демалысың  қалай өтті?» деген сұраққа мардымды жауап бере аласыз ба? Демалысты дұрыс ұйымдастыра аласыз ба?

Әр адамның дағдыланған күн тәртібі, өмір салты бар. Және мінез-құлқының ерекшелігіне қарай  бейімделген демалысы бар.Белсенділер ерте тұрып, үй жұмысын тез бітіруге тырысады. Саяхатқа шығып, тарихи орындарға барып та үлгереді. Спортпен айналысудың реті келсе, бұдан артық демалысты ойлап таба алмайсыз. Сұлулық пен жайлылыққа аса мән беретіндер үшін терезеден қараған табиғат көрінісі  де маңызды. Көңілді ортаны ұнататындар үшін халық көп жиналатын, көңіл көтеретін орынды таңдайды. Бұрын көріп-білмеген таңсық тағамнан  дәм татып,  өзге елдің әдет-ғұрыптарын үйренуге де құштарлар жоқ емес.

Қыдыр. Қонаққа бар. Кездесудің ретін табаа лмай жүрген танысыңмен жолық. Тауға шығып көңіліңе керемет әсер сыйла. Таза ауада серуендеп, денсаулығыңды жақсарт. Көше қыдырып, әрбір ұсақ-түйекке көңіл бөл. Жағдайың келсе, көңілді отырыс ұйымдастыр. Мұражайлар мен көрмелерді тамашала. Адам аз жерде тынығу да ойыңды жүйеге келтіреді. Мұндайда күнделікті күйбең тіршіліктен мүлдем алыстап, жеке қалып кітап оқыған дұрыс. Таза ауада, тыныш аумақта жаяу серуенде. Қарапайым көлтоғанның маңында демалған да пайдалы. Балық аула. Табиғатта шатыр тігіп, түнде от жағып, балықты отқа қақтап жеп көрдің бе? Жақын адамыңды үйіңе шақырып, шай беріп әңгіме-дүкен құр. Қысқасы, демалыс күндерін босқа өткізбей, оны алдын ала жоспарлап қоюға дағдылан. Өйткені бүгінгі демалысыңнан болашағың құрылады. Бүгінгі демалысыңнан денсаулығың түзеледі. Осыны ұмытпайық. 

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде