Маманның кеңесі: Суға батып бара жатқан адамды қалай құтқару керек?
Жаз шыға сала, суға түсуге асығып тұрамыз. Бірақ кейде тіпті судың жағасында шолпылдатып жүріп те ажал құшатындар бар. Суға түскенде қандай ережені білу керек және суға батып бара жатқан адамды құтқара аласыз ба? Міне, осы жайлы маманның кеңесімен танысыңыз.
Республикалық жедел-құтқару қызметінің (РЖҚҚ) басты құтқарушысы Ринат Файзуллин Алматының Әуежай көлінде кезекшілік атқарады. Оның айтуынша, жыл басынан бері оған сеніп тапсырылған аумақта ешқандай оқыс оқиға болмаған. Ол әріптестерімен бірге күн сайын көлге патруль жасап, жергілікті тұрғындарды бұл жерде суға түсуге болмайтынын ескертеді. Біріншіден, санэпидбақылау ішек таяқшасының мөлшерден жоғары екенін анықтаған. Екіншіден, жағаны бекіту іс-шаралары жүргізілуде, сондықтан су әдеттегіден екі жарым метр төмен. Суы тұнық емес, асты балдыр болғандықтан суға кірудің өзі машақат.
Құтқарушының айтуынша, жағалауда демалған адам мына 7 ережені сақтауы тиіс:
Танымайтын жерде суға түспеңіз. Әсіресе судың тереңдігін және оның астында не жатқанын білмей тұра, көпірден суға секірмеңіз.
Тыйым салынған белгіні көрсеңіз, суға түспек түгілі, маңына жоламаңыз.
Моторлы қайықтан және басқа да жүзгіш құралдардан суға секіріп түспеңіз.
Суға түсуге арналған жерлерде арнайы белгіленген жерден асып малтып кетпеңіз.
Үрленген матрас пен дөңгелекшелермен жағадан алысқа жүзбеңіз. Үрлемелі құрал жарылып кетсе, суға кету қаупі болады.
Балалар өзінің бойынан асатын тереңдігі бар суда ойнамасын.
Мас күйде ешқашан суда малтымаңыз.
Суға кетіп бара жатқан адамға көмекті қалай беру керек?
«Егер суда жүрген адамның айқайын естісеңіз, сіңірі тартылып қалғанын, суға тұншығып бара жатқанын байқасаңыз, оның артқы жағынан жүзіп келіп, қайыққа немесе жағаға сүйреңіз. Егер жүзгіш құрал болмаса, онда оған таяу келіп, артқы жағынан (алдынан келсең, ол сені суға батырып жіберуі мүмкін) жағаға қарай бір қолыңызбен малтып жеткізесіз. Осы уақытта онымен міндетті түрде сөйлесу қажет. Сөйлескен кезде ол өзін құтқарып жатқанын біледі.
Айта кетерлік бір жәйт. Суға кетіп бара жатқан адам қатты үрейден құтқарушыға бой бермей, сөз ұқпай, басынан мыжып, суға батырып, сенің үстіңе шықпақшы болады. Яғни, ол құтқарушының көмек беруіне кедергі келтіреді.
Егер суға кетіп бара жатқан адам сізді қапсыра айырылмай құшақтап, малтуға кедергі келтірсе, онда:
а) суға кетіп бара жатқан адам ебедейсіз қимыл жасап, сізді қапсыра құшақтап кедергі жасаса, онда кеудеңізді керіп демалып, судың астына сонымен бірге сүңгіңіз. Сонда ол сізді босатып жібереді.
б) Суға кетіп бара жатқан адам аяғыңыздан мықтап ұстап жібермесе, онда бір қолмен оның басынан ұстап, екінші қолмен иегінен алып басын қырына қаттырақ бұрып кеп жіберіңіз. Сөйтіп аяғыңызды босатып аласыз.
в) Егер ол арт жақтан мойныңнан жібермей ұстап алса, онда білегінен ұстап тартып, алақаныңызбен оның шынтағынан алып көтеріп қалыңыз, ал оның білегін төмен созыңыз, сонда ол мойныңыздағы қолын босатып жібереді.
Құтқарушы жағаға жүзіп, малтып келуі үшін оның бір қолы мен екі аяғы әрдайым бос болуы керек. Құтқарушызардап шегушінің басы судан жоғары болуын қадағалауы тиіс. Егер суға кеткен адам есін білмесе, онда жағаға жете сала жан сақтау шараларын жасау керек:
Жасанды тыныс беру. Жүрекке тура мес массаж. Жедел жәрдем шақыру.
Жасанды тыныс беруде зардап шеккен адамның бір мезетте кеудесін басып, аузына дем салуды бірдей жасауға болмайды.
Бес рет басып, бір рет аузына дем салған дұрыс.
Жасанды дем салғанда асқазанға көп ауа барады, сондықтан іші үлкейіп кетеді. Бұл есін тез жинауға кедергі болады. Сондықтан оқтын-оқтын асқазан астындағы ұйқы безі бар аумақты басып тұру керек. Сонда артық ауа шығады.
Тамаққа тойып алып суға түсуге болмайды.
Қатты шаршап тұрсаңыз да суға түспеңіз.
Ыстық күннің астында көп жатып қалсаңыз да суға түспеңіз.
Айта кетсек, 2018 жылы шомылу маусымы басталғалы құтқарушылардың жедел әрекетінің арқасында елдегі су айдындарынан 247 адам, соның ішінде 73 бала құтқарылды.
Абай болыңыз, аман болыңыз. Су – тілсіз жау екенін естен шығармаңыз.
ҚР жедел телефоны: 112.
РЖҚҚ жедел кезекшісі: 8 727 372 15 60.