Шетелге сапарлайтын қазақстандыққа қажетті мәлімет
Шетелге сапарға шығудан бұрын ең алдымен нені ескеруі керек? Демалысқа кетер адамға салық органдары нені ескертеді? Шетелге шығуға қандай шектеу бар? Қазақстан азаматтарының кейбір елдерге кіргізілмеуіне не себеп? Туркоды бар қазақстандық турист қандай басымдыққа ие?
Автор: Заира Сабитова
Ұзақ күткен еңбек демалысын алып шетелге шығуды жоспарласаңыз, төмендегі заң талаптарын білген артық етпес.
Адамдар бұрынғы мекен-жайлары бойынша жылжымайтын мүлікке қатысты қарыздың жиналып қалғанын білмей, оны әуежайға барғанда ғана біліп, шетелге шыға алмай қалатын. Енді, қарыз төленсе, үш күнде рұқсат берілуі керек. Яғни салық бойынша барлық қарыздар төленсе, шетелге шығуға қойылған шектеуді үш күннің ішінде алып тастауы қажет. Бұл – заң талабы. Бұрын сот орындаушылары шектеуді қай кезде алып тастайтындарын өздері шешетін. Енді, заң бойынша шетелге шығуға шектеуді алып тастаудың нақты мерзімі бекітілді – 3 жұмыс күні. Осы уақыт ішінде шектеуді алып тастауы тиіс. Одан асып кетсе, сот орындаушыларына санкция салынады. Сот шешімдерін орындау шаралары басталғанда қарыз болған адамға да xабар беріледі. Осылайша, ол өзіне қатысты тиісті шаралардың қолға алынғанын біліп отырады.
Шетелге демалуға немесе басқа себептермен шығып бара жатқанда бірінші кезекте нені ескеруі керек? Барған елдің әуежайына жеткен кезде-ақ сол мемлекетке кіргізілмейтінін білген жағдайда азаматтар қайда жүгінуі тиіс?
Шетелге шығар алдында ол елдің жергілікті заңы мен шетелдіктердің болу тәртіптерінен хабардар болыңыз.
Шетелге туристік визамен барған азаматтар жұмысқа алынбайтыны қатаң ескеріледі.
Бірқатар шет елдерден (шенген елдері, Түркия, АҚШ және т.б.) шығарылып жіберілген ҚР азаматына ағылшын тілінде ресімделген шығарып жіберілуі туралы құжат беріледі. Бұл құжатта шығарып жіберудің себебі көрсетіледі. Бұл шешімге шағым жасау үшін ҚР-дағы шетел Елшілігіне жүгіну қажет.
Егер ҚР азаматтары келеңсіз жағдайларға тап болса, дереу сол елдердегі ҚР консулдарына хабарласуы керек.
ҚР Сыртқы істер министрлігі әзірлеген «SmartTravel» мобильдік қосымшаны жүктеп алыңыз.
Халықаралық тәртіп бойынша шетелге шыққан азаматтың қолында медициналық сақтандыру құжаты болуы тиіс. Сақтандыру құжаттарында қандай оқиғаларға, тосын жағдайларға душар болғанда сақтандырылатыны атап көрсетіледі. Егер кенеттен болған оқиғаларға (ауырып қалу, автокөлік апатына ұшырау т.б.) душар болған адамның сақтандыру құжатында көрсетілмеген болса, сақтандыру компаниялары шығынды төлеуден бас тартады. Сондықтан, шет елге шыққан әрбір ҚР азаматы сақтандыру құжаттарын нақтылап алғандары жөн немесе қалталарында (шоттарында) жеткілікті көлемде қаражаттарының болғаны дұрыс.
Демалысқа кетерде қарызыңызды естен шығармаңыз
Қазақстан заңнамасында берешегі бар азаматтарының шетелге шығуына шектеу қою немесе мүлкін бұғаттау құқығы сот орындаушыларына берілген. Салық берешектің жоқ екендігі (бар екендігі) туралы ақпаратты ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми интернет-ресурсынан немесе Egov.kz электронды үкімет порталынан қарауға болады.
Бұған қоса, Назарбаев халықаралық әуежайында азаматтарға қолайлы болу үшін арнайы терминалдар орнатылған. Одан ЖСН арқылы берешектің бар-жоғы туралы ақпараттарды біліп, бар болған жағдайда төлеуге де мүмкіндік жасалған. «Бұған қоса әрбір қазақстандық ҚР аумағынан тысқары шығуға уақытша шектеу қойылған борышкерлердің тізімінен өзін ҚР Әділет министрлігінің ресми интернет-ресурсынан да тексере алады.
Қазақстан азаматтарының кейбір елдерге кіргізілмеуіне не себеп?
Қазақстан азаматтары шетелге шыққанда кейде күтпеген әрі күрделі жағдайларға тап болып жатады. Соның бірі - барған елдің әуежайына келген кезде сол мемлекеттің билігі азаматтарымызды әртүрлі себептермен елге кіргізуден бас тартатын жағдайлар бар.
Мысалы, биыл ақпан айында Корея Республикасына барған 20 қазақстандық азаматты жергілікті билік себебін еш түсіндірместен әуежайда қалуға мәжбүр еткен болатын. Жалғыз Корея емес, тағы бірқатар мемлекетте қазақстандықтардың осындай жағдайға тап болды.
Әлемнің қандай мемлекеттері көп жағдайда қазақстандықтарды ел ішіне кіргізуден бас тартып жатады? Көп жағдайда мұндай келеңсіздіктерге қандай жайттар себеп болады?
ҚР мен Корея Республикасы арасындағы келісімге (2014 ж.) сәйкес Қазақстан азаматтары жарамды жол жүру құжаттары бойынша (ҚР ұлттық паспортымен) визасыз туристік мақсатпен, іскерлік сапармен, емделу және сауығу мақсатымен, жеке сапармен (туысқандарына, достарына және таныстарына) Корея Республикасында 30 күн бола алады. Аталған келісімнің ережелері Кореяда жұмысқа орналасу, оқуға түсу, тұрақты тұру және миссионерлік мақсатта баратын тұлғаларға қолданылмайды.
Кореяға аттанардан бұрын Корея Республикасының Астанадағы Елшілігінде немесе осы елдің Алматыдағы Бас консулдығында тиісті санаттағы визаны алдын ала ресімдеу қажет. Ол болмаған жағдайда Корея Республикасының заңнамасына сәйкес осы елдің көші-қон билігі бұл тұлғаны елге кіргізуден бас тартуы және депортациялауы мүмкін.
Корея Республикасының заңнамасына сәйкес, осы елдің көші-қон қызметінің қызметкерлері мәлімделген сапардың мақсаты іс жүзіндегі ниетімен сәйкестігін анықтау үшін кез келген шетелдік азаматтардан әуежайда сұрау жүргізіледі. Азаматтардың жауаптарында айырмашылық болған жағдайда олардың елге кіргізбеуге құқылы екеніне назар аударыңыз. Корея Республикасына баратын барлық Қазақстан азаматтарына сапар мақсатына қарамастан кері қайту билеті және қонақ үйді брондау қағазы болуын, көші-қон картасында өзінің сапарының мақсатын нақты көрсетуін, Кореяда уақытша тұратын мекен-жайын, күтіп алушы яки шақырушы тұлғаның (ұйымның) аты-жөні, атауы және байланыс мәліметтерін толық көрсетуге кеңес береміз.
Күтіп алушы Сіздің визасыз 30 күннен аспайтын мерзімде Корея Республикасында заңды болуыңызға және уақтылы елге кері қайтуыңызға кепіл болуы тиіс. Олай болмаған жағдайда, Кореяның көші-қон билігі сізді елге кіргізуден бас тартуы ықтимал.
Сондай-ақ Қазақстан азаматтары Түркиядан бірнеше себеппен шығарылып жіберілуде. Соның ішінде ҚР тарапынан іздеудегі күдіктілер туралы ақпарат жіберілгенде Түркияның тиісті органдары олардың елге кіруіне тыйым салады. Бұндай азаматтар паспорт бақылауынан өткізілмей, келген мемлекетіне немесе тікелей Қазақстанға шығарылып жіберіледі.
ҚР СІМ қазақстандықтардың америкалық визаны Қазақстандағы АҚШ Елшілігінен немесе Бас консулдығынан алған соң, аталған елге ешбір кедергісіз кіре алатыны туралы пікірлері мүлдем дұрыс еместігін ескертеді. Азаматтардың шекарадан өту-өтпеуі паспорт бақылауындағы Кеден және миграция қызметінің өкіліне байланысты.
Көбінесе, біздің азаматтар туристік санаттағы визаларды алғандарына қарамастан, паспорттық бақылауда жұмыс істеу мақсатымен келе жатқанын жеткізеді. Осыдан кейін автоматты түрде депортацияға ұшырайды. Сондықтан да паспорт бақылауында Кеден және көші-қон қызметінің өкілі келу мақсатына қатысты сұрақ қойған жағдайда, біздің азаматтар белгілі мақсатта берілген санаттағы визаға сәйкес жауап беруі қажет.
Туркодтарды медициналық сақтандырулармен шатастырмау керек
«Туристік қамқор» қоры - бұл сақтандыру компаниясы емес. Медициналық сипаттағы сақтандыру жағдайларына «Сақтандыру туралы» заң бойынша сақтандыру компаниялары жауап береді. Ал қор болса туристік пакетке енетін темір жол немесе әуе билетінсіз қалған жағдайда қазақстандық туристі отанына қайтару жұмысымен айналысады.
Демалыс кезінде ерекше жіті болған жөн. Қымбат отельдердегі арзан жолдамаға сене бермеңіз. Люксты әрі бес жұлдызды отельдердің арзан тұрмайтыны айдан анық. Сол жерге жеткен соң турагенттіктен келісімді талап етуіңіз керек. Демалысыңыз күткендегідей болмаған қазақстандық өз құқығын қорғай білуі керек.
Егер төленген ақыға сай болмайтын қызметтің көрсетілгенін турист дәлелдей алса, турагентке шағым білдіргеніңіз жетіп жатыр. Турагент бұл мәселені туроператормен бірге шешкісі келеді. Егер мәселе шешілмесе, сотқа жүгіну керек. Себебі, сізге көрсетілген қызметтің сапасы мен деңгейіне туроператор толығымен жауап береді.
Туристік код 11-13 әріптік-сандық символдан тұрады. Әбір жолдаманы ресімдеген кезде автоматты түрде барлық туристерге беріледі. Бұл шифрдың әр турист үшін маңызы зор. Туркод агенттің электронды поштасына жолданады. Туркод «Туристік Қамқор» корпоративтік қорының электронды тізімінде сақталады. Шұғыл жағдайлар туындаған кезде турист өзінің туркодын айтып беріп, көмек сұрай алады. Турфирма арқылы шетелде демалуды жөн көретін барлық адамға туркод беріледі. Егер турист турфирма арқылы ресімдесе, ол міндетті түрде туркод алуы керек. Демек, туроператорлар турпакетті бере отырып, олармен бірге туркодтарды беруі тиіс.
Айта кетсек, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитеті жауапсыз туристік операторларға ескерту жасаған болатын. Яғни, «Туристік Қамқор» корпоративтік қорына енбеген туроператорларға бұдан былай айыппұл салынады.
Шетелге демалуға аттанған қазақстандықтардың қауіпсіздігіне кепіл беру жүйесі жұмыс істей бастағалы бері 485 мың туркод берілген.
Туристік код қарпі мен саны бар 11-13 (баратын елге қатысты) символдан тұрады. Ол әр жолдаманы рәсімдеген кезде автоматты түрде беріледі. Турист оқыс жағдайға тап болған кезде қорға хабарласып, туркодын айтуы керек және тәулік бойы шұғыл көмек ала алады. Қазақстандықтарға 2017 жылдан бастап шетелге туркодпен шығуға кеңес беріледі. Арнайы құрылған «Туристік қамқор» КҚ шетелде күтпеген қиындыққа тап болған сәтте отандастарды елге тез арада оралтуды көздейді. Ең алдымен бұл көмек міндетіне салғырт қараған туристік фирмалардан зардап шеккендерге беріледі. «Туристік қамқор» қорының тізіміне 56 туроператор енгізілген. Оларға қатысты ақпаратты fondkamkor.kz сайтынан білуге болады. Қазіргі уақытта елімізде шетелге шығатындарға 140-тай туркомпания қызмет көрсетеді. Алайда 70-тен астам туроператор қазақстандықтардың шетелде демалысын қатерге тіге отырып, жасырын түрде қызмет көрсетіп келеді.
Айтпақшы, енді қазақстандықтар 19 елге визасыз бара алады. Қазір 45 елдің азаматы Қазақстанда күнтізбелік 30 күн мерзіміне дейін визасыз жүруге құқылы. Ол елдер: Аустралия, Аустрия, Бельгия, Болгария, Ұлыбритания, Венгрия, Германия, Грекия, Дания, Израиль, Ирландия, Исландия, Испания, Италия, Канада, Кипр, Корея, Латвия, Литва, Люксембург, Малайзия, Мальта, Мексика, Монако, Нидерланды, Жаңа Зеландия, Норвегия, БАӘ, Польша, Португалия, Румыния, Сингапур, Словакия, Словения, АҚШ, Түркия, Финляндия, Франция, Хорватия, Чехия, Чили, Швейцария, Швеция, Эстония, Жапония кіреді.
Демалысыңызды көңіліңізді кірбің шалмай, ойдағыдай өткізуге тілектеспіз! Жолыңыз болсын!