{metadescription}
ТОП-10: Қазақстанның негізгі туристік орындары

ТОП-10: Қазақстанның негізгі туристік орындары

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі туристер үшін инфрақұрылым қамтамасыз етіліп жатқан Қазақстанның негізгі ТОП-10 туристік орынын атады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша туризмді дамыту мақсатында Үкімет тарапынан елімізде осы салаға арналған мемлекеттік бағдарлама әзірленіп жатыр.

Бағдарлама мақсаты - ТОП-10 жобасын құру арқылы өңірлер ұсыныстарымен инфрақұрылымды қамтамасыз ету.

Сонымен, үздік ондықтың ішінде:

1. Балқаш жағалауы

Балқаш — Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы тұйық көл. Аумағы жөнінен Каспий, Арал теңіздерінен кейінгі үшінші орында. Алматы, Жамбыл, Қарағанды облыстарының шегінде, Балқаш-Алакөл ойысында, теңіз деңгейінен 340 м биіктікте жатыр. Көлдің солтүстік жағалауы Сарыарқаның ұсақ шоқылы тау сілемдерімен ұштасып жатқандықтан, биік жарқабақ болып келеді және көптеген жыра-жылғамен тілімденген, ал оңтүстік жағалауы – суы біртіндеп тартылған кезде жиналған шөгінділерден пайда болған құмды ойпат. Көлдің көптеген шығанақ, қойнаулары бар, аралдары аз, үлкендері: Басарал, Тасарал. Балқаш туралы алғашқы жазба деректер 13 ғасырдан белгілі. Шоқан Уәлихановта Балқаш алабын зерттеп, сипаттаған. Көл беті көбіне қарашаның аяғында қатып, сәуірдің ортасында мұзы ериді. Мұздың қалыңдығы кей жылдары 150 см-ге жетеді. Таудағы мұздықтар еріген кезде (маусым – шілде) су деңгейі біраз көтеріледі. Балқаш – жартылай тұщы көл. Көлде балықтың 20-дан астам түрі бар, мұның 6 түрі ежелден көлдің өзінде өскен балықтар (Іле, Балқаш көкбасы, Балқаш алабұғасы, т.б.), қалғандары басқа жақтан әкелінген (карп, аққайран, шип, көксерке, Арал қаязы). Ауланатын балық (жылына 9 – 10 мың т) – сазан, көксерке, Балқаш алабұғасы, маринка, аққайран. 

2. Алакөл жағалауы

Алакөл — Қазақстандағы Алматы және Шығыс Қазақстан облысының аумағында орналасқан тұйық көл, Қазақстандағы ең ғажайып көлдердің бірі. Аумағы 20 мың гектардан асатын бұл өлкеге денсаулығын түзеткісі келетіндерден басқа, теңдесі жоқ көлде шомылу мен балық аулағанды ұнататындар келеді. Орта ғасырларда "Гургенор", кейін "Алактогол", "Алатеңіз", "Алакта" деп те аталған. Алакөл — Жетісудың Балқаштан кейінгі үлкен көлі. Ол Алакөл ауданының солтүстік-шығыс бөлігін алып жатыр. Алакөлдің ең ірі шығанағы — Алакөл шығанағы. Ол көлдің оңтүстік-шығысындағы тау аралық ойыста орналасқан.

3. Шарын шатқалы

Шарын өзенін 154 шақырым бойлай жатқан табиғи нысан. Шатқал Алматы қаласынан 195 км-дей шығысқа қарай орналасқан. Шарын өзенінің барлық нысандары 2004 жылдың 23 cәуірінде құрылған Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің құрамына кіреді. Шатқал Шарын өзені бойымен солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай 154 км созылып жатыр. Бұл аймақтың рельефі әртүрлі. Шарын өзеніне Теріскей және Күнгей Алатау жоталарының солтүстік баурайынан бастау алатын көптеген өзен сулары қосылып, суы мол өзенге айналады да, Жалаңаш ойпаты мен Торайғыр тауын шығысынан қақ жара өтіп орасан зор шатқал жасайды. 

4. Алматы өңірінің тау кластері

Алматы және Алматы облысы тау кластерін дамыту бойынша мастер жоспар әзірлене бастады. Құжат тау шаӊғы курорттарын, хайкингке арналған тау соқпақтарын, ұзындығы 500 шақырым, цифрлап белгіленген велосипед маршруттарын және треккингті көздейді. Жоспар "Шымбұлақ", "Табаған", "Лесная Сказка", "Ақ Бұлақ", "Тау Парк", "Алматау" және т.б. сияқты тау шаӊғы курорттары мен базаларын қамтиды деп болжануда. 

Қаланыӊ орталығы мен әуежайдан 30 минут жерде орналасқан таулар экотуризмді дамыту үшін орасан зор әлеует. Тау кластерін дамытуда жұмыс жүйелі түрде жүргізіледі. Мәселен, шетел туристері сапарларыныӊ 40% Алматыда өтеді.  Еуропадан және Азиядан келген шетел туристерініӊ 60% Алматыны табиғаты бүлінбеген жер ретінде таӊдайды. 

5. Көне Түркістанды қалпына келтіру

Түркістан — Қазақстандағы қала, Түркістан облысының әкімшілік орталығы. V-VІ ғасырларда іргетасы қаланған. Есім ханнан бастау алып, XІV-ХVIIІ ғасырларда Қазақ хандығының астанасы болған. Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқан. ХІV ғасырда Ақсақ Темір іргетасын қалаған Қожа Ахмет Ясауи кесенесі бар. Бұл қалада Қожа Ахмет Ясауи өзінің уағызшылық қызметін жүргізген. Кесене аумағында Қаз дауысты Қазыбек би, Абылай хан, Есім хан, Хақназар хан, Тәуке хан, Қанжығалы қарт Бөгенбай батыр тағы басқалар жерленген Қаланың іргетасы біздің заманымыздың 1-мыңжылдықтың бас кезінде каланған. Археологтар Түркістан қаласының тарихы тереңде жатқанын дәлелдеп отыр. Түркістан – Орта Азия мен Қазақстандағы ең көне қалалардың бірі. Ол туралы алғашқы деректер араб жазбаларында ІҮ-ІХ ғғ. бастап Шавғар деген атпен кездесе бастайды. Араб тарихшы-географы Әл-Истахри ибн Кордаубех ат-Танрази өз жазбаларында: “Көне Шавғар ХІ ғасырға дейін өмір сүрген де, ХІғ. бастап қала орталығы Ясыға көшті”, - дейді. Бұл деректерді қазіргі біздің археолог ғалымдар да растайды.

6. Ащысор туристік аймағы

 Нұра өзенінің алабындағы тұйық, тұзды көл.Қарағанды облысы Нұра ауданының орталығы - Нұра кентінен батысқа қарай 27 км жерде, Мұзбел тауының оңтүстігінде орналасқан.

7. Бурабай курорттық аймағы;

Бурабай — Көкшетау қыратындағы тұйық көл. Тектоникалық ойыста жатқан көл дөңгелек пішінді, табаны тегіс, солтүстікке қарай еңістеу келген. Солтүстік, батыс және оңтүстік жағалаулары граниттен түзілген, шығысы – құмдауытты. Бурабайдың суы жұмсақ және мөлдір, түбіне дейін айқын көрінеді. Солтүстік, батыс және оңтүстік жағалауларын айнала қоршаған әр түрлі пішіндегі жартастар мен жарқабақтар, көлге сұғына енген әсем мүйістер (Қызылтас, т.б.), сыңсыған қарағайлы-қайыңды ормандар Бурабайға ерекше көрік береді. Төңірегінде Бурабай шипажайы, «Оқжетпес» және «Голубой залив» демалыс үйлері орналасқан. Көл суында алабұға, шабақ, сазан, шортан, табан балық бар. Бурабай табиғатының ерекше сұлулығы көптеген әдебиет және көркемсурет шығармаларына арқау болған.

8. Имантау-Шалқар курорттық аймағы

Биыл автокараванингты дамыту көзделген. Мобилдiк туризмге қолайлы жер Шалқар көлiнiң маңында. Демалыс базаларында арнайы жер үлесi бөлiнiп, инженерлiк коммуникациялары бар автотұрақ пен жорық шатырларына арналған алаң жасалынмақ. 52 орынға шақталған 13 жазғы үй өз келушiлерiн күтуде. Сондай-ақ шатыр тiгемiн деген демалушыларға да бар жағдай жасалмақ. Бұл жерге туристер келiп, шатырларын тiгедi. Автокөлiктерге арнайы орын белгiлеп, күзет қойылады. Түр-түрлi сауық түрлерiн ұйымдастырылу көзделуде. Аумақ тәулiк бойы қорғалады. Жалпы, Имантау-Шалқар курорт аймағында туризм саласы қарқынды түрде дамуда. Жол сапасы ерекше назарда. Тек Айыртау ауданына биыл жолдарды жөндеуге 4 млрд теңгеге жуық қаржы бөлiндi. Биыл курорт аймағында 10 заманауи демалыс базасы салынбақ. Инвестициялардың жалпы көлемi 411 миллион теңгенi құрайды. Аталмыш аймақта көптеген коттедждер, жазғы үйлер, дәмхана және дүкендер бой көтередi. Айыртау ауданында тарихи, емдiк, спорттық, аң және балық аулау туризмi жақсы дамып келедi. Яхта және желкен спортын дамыту да жоспарда бар.

9. Баянауыл курорттық аймағы

Өте көрікті жер. Тарихы 1826 жылы казак станицасының құрылысынан бастау алады. Баянауыл елдімекені – курортты аймақ, ол 1985 жылы Ұлттық табиғи саябақ статусына ие болды. Саябақ табиғаты өте ерекше жаралған табиғатымен әйгілі: Баянауыл таулары батыстан шығысқа қарай 40-50 шақырым, солтүстіктен оңтүстікке қарай 20-25 шақырым. Ең биік нүктесі – Ақбет тауы, ол 1026 м биіктікте. Таулы-орманды оазис 450 шаршы шақырымды алып жатыр, оның негізгі ерекшелігі – жартастар (Кемпіртас, көгершін, Булка (Найзатас), аттың басы, тас жастықтар және т.б.), Сабындыкөл (ауданы 7,4 шаршы шақырым) және Жасыбай (ауданы 4 шаршы шақырым) көлдері, үңгірлер (Әулиетас 22 м) және Драверта үңгірі (тастағы жазулар), Құмыра (сарқырамасы бар 3 м), тас шатқалдары және т.б. көрікті жерлердің болуы. Жасыбай, Сабындыкөл және Торайғыр көлдері жыл сайын мыңдаған туристерді қарсы алады, бұл үшін көл жағалауларында демалыс үйлері мен пансионаттар көптеп орналасқан. 

10.  «Көшпелілер тарихы» орталығы

Айта кетсек, Түркі кеңесіне мүше мемлекеттер - Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан және Түркия «Заманауи Жібек жолы» туристік пакетін әзірлеп жатыр. Бірлескен туристік өнім әлем туристерінің Жібек жолы елдерін тиімді аралауына мүмкіндік бермек.  Жоба аясында «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Тимур Дүйсенғалиев Орталық Азия өңірінің жарнамасын көбейтуді ұсынды. 

«Түркия - туризм саласындағы үлкен нарық, бірақ қазіргі уақытта Орталық Азияда саяхаттап жүрген түркиялықты кезіктіру қиын. Туризм саласында Қазақстан Түркия мен Әзербайжан туристеріне өте маңызды жобаларды ұсына алады. Бір ғана Алтай - барлық түркі халықтарының тарихи отаны болып саналады. Кеше ғана Тарбағатайдан тағы бір Алтын адам табылды. Біздің дәуірімізге дейінгі 8-7 ғасырларға тиесілі бұл қазбадан 10 мыңға жуық алтын әшекейлер табылды. Бұл - әлемдік маңызы бар жаңалық. Екінші қызықты бағыт - Қазақстанның оңтүстігіндегі Түркістан аймағы. Барша түркі халқы тәу ететін Түркістан қаласының өңір астанасы атануы да туризмге ерекше қолдау болып отыр. Одан бөлек, Сырдария маңындағы далада түркілердің Алтайдан кейінгі екінші астанасы - Янгикент қалашығы бар».  

Каспий теңізінде круиздік туризмді дамыту қажеттігін аталуда. «Заманауи Жібек жолы» жобасы бойынша алғашқы сапар тамыздың соңы мен қыркүйек айының басында Қазақстан мен Қырғызстанда жүргізілмек. Сапар барысында туристер Үшінші бүкіләлемдік көшпенділер ойынын тамашалай алады. 

«Заманауи Жібек жолы» туристік пакетінің веб-сайты таныстырылды. Онда туристер жиі баратын Қазақстандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Әзербайжандағы Керуен сарай, Қырғызстандағы Таш Рабат және Ыстанбұлдағы Үлкен базар туралы мағлұматтар берілген. 

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде