{metadescription}
Ұстаздың болмысын ашатын қасиеттер

Ұстаздың болмысын ашатын қасиеттер

Баланың алдында мәңгілік қарыздар адамдар бар арамызда. Олар – мектепте. Ел мұғалімдерінің әрқайсысының ешкімге ұқсамайтын өз тағдыры бар, өз тарихы бар. Соның бірі - Аягүл Төреқызы Миразова, Қазақстанның Еңбек ері, Алтын жұлдыз орденінің иегері. Аягүл апамыз КТК тілшісіне ұстаздың болмысын ашатын қасиеттерді жіпке тізгендей айтып берді.  

Бізде ұлағатты ұстаз көп. Жасымыз да, жасамысымыз да адам болғанымыз үшін ең алдымен алланың алдында қарыздар шығармыз. Ал маман болғанымыз үшін ұстаздар алдында қарыздармыз. Ал ұстаздар баланың алдында қарыздар.

Сіз қандай шәкірт болдыңыз?

Жақсы ұстазға қызығып өсетін шәкірттің де жүрегі жақсылыққа құштар. Сабақты жақсы оқып, қоғамдық жұмысқа белсене қатысатынмын. Қоғамдық жұмыс берілмей қалса, өкпем деген қара қазандай болатын. Қазір айтсам ел күлетін шығар. Елді жерлерге, фермаларға барып көріністер қойып, өнерге жақын едік. Ауылдың алты ауызын шығарып өлең, әңгіме жазатынбыз. Шамамызға қарамай, Алматыдағы керемет газет-журналдарға мақала жіберетінбіз. Әдеби кітапті көп оқитынбыз. Соның да салдары болар, қиялшыл едік.

Соғыс жалдарынан кейінгі төл болдыңыз. Сол заманның өзінде оқушылардың сабақ үлгерімі, тәртібі жоғары деңгейде болған секілді. Оған себеп не?

Соғыстан кейін туған балалар солай болу керек деп қабылдадық. Одан керемет өмір бар екенін білген жоқпыз. Қарнымыз тоқ болса, көйлегіміз....енді қазіргідей көк емес-ау, әйтеу ата-анамыздың алып берген киімін кидік. Сабақты жақсы оқуымыз керек дедік. Он көйлек, он аяқ киім керек деген жоқпыз. Мектепке баратын бір аяқ киімді алып берсе, соған мәз болдық.

Ол кезде адамгершілік қасиет өте зор еді. Біреуге қызғанышпен қарау деген жоқтың-қасы.  Бір-біріміздің қол жеткен табысымызға қуанып, ақ жүрекпен «мен де солай болсам» деп қарайтынбыз. Ақын-жазушыларды, еңбек ерлерінің даңқына сүйсініп «шіркін, сондай адам болсақ» дейтінбіз.

Ерекше сүйетін пән

Әдебиет сабағын сүйдім. Бәлкім, әдебиеттен сабақ берген мұғалімімнің еңбегі болар. Сабақ айтқанда қандай шығарма болмасын образға еніп, миымызға құйып тастайтын.

Суқаным сүймейтін пән

Таудың бөктерінде тұрдық, ал мектеп үш шақырымнан артық ойда орналасқан. Сосын Қарабастау ауылына көшетін болдық. 7-ші сыныпқа сол жерге ауысып елдім. Ол жерде неміс тілін оқиды екен. Мен, беске оқып келген бала неміс тілінің бір әрпін де білмеймін. Маған әрпін үйретті. Намыстанып, сабаққа алдын ала күн-түн демей дайындалатынмын. Бірақ сабақтың тезірек біткенін күтіп отыратынмын. Мұғалім мен басқа пәннен үлгерімім жақсы болғандықтан, неміс тілінен жақсы баға қойып жіберді ғой деп ойлаймын. 10-шы сыныпқа дейін өте қиналатын сабағым неміс тілі болды.  

Қазір де ата-аналар баласын басқа мектепке ауыстырғанда басқа шет тілін оқитынын білгенде, әрдайым өзімнің сол бала кездегі неміс тілден қиналғаным есіме түседі. Қазір ата-аналар «репетитор жалдаймыз» дей салады. Ал балаға ол үлкен ауыртпашылық.

Ұстаздықтан ұлы мамандық жоқ

Мұғалім келе жатқанда үлкені бар, кішісі бар, ол кісіге сәлем бермейтін адам болмайтын. Таза жүресің, таза тұрасың, таза еңбек. Өте бір ұлағатты жұмыс қой.

Қызықты айтайын, әдебиетті сүйіп тұрып, әдебиетке бармай, математика мамандығына бардым. Барлық пәннен жақсы оқығандікі шығар.

Менің ойымша, дәрігер мен ұстаз адаммен жұмыс істейтін мамандық, екеуінің де жақындығы бар, екеуі де адамның игілігіне жұмыс істейді. Осындай жетістікке жетер ме едім, жетпес пе едім, бірақ ұстаз болғаныма өкінбеймін.

Мен оқытқан ұстаздар ерекше еді. Қазір өзгеріп барамыз. Ол кісілердің киім киісі, тазалығы, мәдениеті, өмірге көзқарасы, оқушыларды баулуы, білім беруі ерекше еді. Ол кісілердің бор менен тақтамен берген білімін ешкім жоққа шығара алмайды.

Мінезің, кешірімшілдік, балаға деген сүйіспеншілік, өз таңдаған пәніңді жақсы білу, оны баланың бойына құйғың келетіні, соның нәтижесін көріп қуану, бұдан да жақсы болса екен деген ниетің – нағыз ұстаздың болмысын ашатын қасиеттер.

Алғашқы сабақ

Алғаш сабағымнан кейін «сабақты жақсы бердіңіз, тек дауысыңызды қатты шығарасыз, соны жәйлатыңыз» деді. Адам өз дауысын білмейді екен. Оқушылар түсінбей қала ма деп, бар дауысыма салсам керек. Әрине, өмірде барлығы сіз ойлағандай болып шыға бермейді. Тіпті бір сныпқа берген сабағыңды екінші бір сыныпқа бергенде сіз басқа ойда боласыз. Біреуінен ләззат аласыз, біреуінен әттеген-ай дейсіз.   

Бір сыныпқа дайындаған дүниеңіз екінші сыныпқа жетіңкіремей қалады. Бір сынып қағып алса, екіншісі түсінбей отырады. Сондықтан мұғалім түрленіп отыруы керек.

Шәкірттің шамшырағын жағу

«Балаларға білімін берді, алмағаны - қалды» деп ойлаған дұрыс емес.  Мұғалімнің уайымы көп болады. Кейбір ата-аналар ойлайды: «киімін көк, тамағын тоқ етсем, астында көлік, әкеледі, әкетеді, шетелдің түкпір-түкпіріне апарып көрсетіп жатырмын, бұл балаға енді менен не керек?». Балаға көп нәрсе керек: ата-ананың қарауы, жылуы, бақылауы, мектеппен тығыз байланыста болуы, ұстаздың дұрысын дұрыс деп қабылдап, дұрыс емесін бұрыс деп қабылдауы. Баланы қалай да тұлға етіп шығару үшін ата-анасыз күн жоқ. Кейбірі мін айтсаң болды шалқасынан құлап «өледі. Ата-ана болсын, мұғалім болсын. Сын түзелмей, мін түзелмейді. Соны дұрыс қабылдап, жөндеуге ұмтылса, дарынды емес бала жоқ. Бала мектепке аппақ қағаздай келеді, ақ парақтың бетіне қандай жазу түседі, оның білімі де солай дамиды.

Әр шәкіртпен қоса қуана білу, әр шәкіртпен қоса мұңая білу керек. «Мынаны қалай үйретем, сен білмейсің» деп жылаған кезіміз де болды. 

Үйренуге емес, үйретуге келді

Мектепте тиіп-қашып оқыған кісіге он диплом берсең де, одан керемет математик шықпайды. Кейбіреулер өз мамандығын білмей, шала күйде келеді. «Үйренем ғой» дейді. Ол үйренуге емес, үйретуге келді!

Сабаққа кірер алдында дегбірің қашады. Түрлі жағдайлар болады. Кейде оқушы сұрақ қойғанда білмейтін кездер де болады. Әйтеу бір жол тауып кетпесеңіз, оқушы деген қиын. Қазіргі оқушыға мұғалім болу оңай емес.

Екілікке жаным қас

Екі бағасын қоюды ұнатпаймын. Кейде екі қойып, бүлдіріп алуың мүмкін. Қай баланың білімі қандай дәрежеде екенін білуіміз керек. Баға деген жай ғана көрсеткіштің бір түрі ғой. Екі қою мақтаныш емес, табыс емес. Кейде қоймасқа амалың қалмай, қоясың. Мүмкін осыдан бір түйін шығарар деген үміт болады. Бірақ, жаман нәрсе еш уақытта жақсы емес. Қойған кісіге де, алған кісіге де. Екілікке жаным қас. Баланың дені сау болатын болса, бірін білгізсең де, бәрін білгізуге болады.

Тентек шәкірттерім 

Аяғымен жүрмей, басымен жүретіндер де болды. Есікті теуіп кететін, теуіп кіретін де болды. Негізі, баланың мінезді болғаны дұрыс. Сол баладан бірнәрсе шығады. Ұр да жық тентек, бұзақы болсын демеймін, дегенмен «мен» дейтін мінезі болғаны жақсы. Барлығына көне берген жақсы емес. Өзінің «жоқ» дейтіні де, «иә» дейтіні де болуы керек. Небір серкелер, небір еркелер өтті ғой, бәрі орнын тапты.

Болат есімді оқушым болды. Сондай жыбырлақ бала. Сөйтіп жүріп 11 бітірді. Математикадан жазып жатырмыз, шығып кеткен, сол күйі жоқ. Шешесінен сұрадым «балаң қайда» деп. Сөйтсем, сыныптан шығып өзіндей балаларды көріп, солармен әңгімені соғып отыр. «Неғып отырсың?» десем, «есептердің бәрін білмеймін ғой, уақыт өткізейін деп отырмын» деді. Сол шәкіртім заңгерлікті оқып шығып, керемет маман болды. Бірде қонаққа бармақ болып көшеде такси ұстап тұрғанда бір көлік өтіп барып, тежегішін басып зыр етіп тоқтап, ішінен ер адам шығып дауыстап амандасты. Сол Болатым! «Қалай танып қойдың?» десем, «қалай сізді танымаймын, талай сіздің қаныңызды ішіп ем ғой» деп күлді. Сіздің арқаңызда мен осындай болдым ғой» деп қояды.

Ақылы бар шәкірт ұстаздың жаны ашып ұрысқанын да, шын пейілімен айтқанын, өтірік жасанды айтқанын да - бәрін біліп тұрады. Ондай шәкіртіңді көргенде сенен бақытты адам болмайды!

Қайда барсаң да шәкіртің немесе ата-анаасы алдыңнан шығып, жетістіктерін айтып, алғысын жаудырғанда осы дүниені тіреп тұрған біз екенбіз деп ойлайсың.

Сабаққа барғандағы, сабақтан қайтқандағы сезім

Кез келген мұғалім әр сабаққа дайындықпен бару керек. Ол 44 жыл беріп жүрген сабағы болса да, үтін-нүктесіне дейін мән беріп, қалай айтамын, қалай түсіндіремін, қалай сұраймын, қалай білгіземін, қалай қорытындылаймын деп баруы керек.

Ал сабақтан қайтып бара жатқанда есеп беріп, кейде көңіл күйің шалқып бара жатасың. Сабақтың бәрі жақсы өтсе, түсінсе, бір жылы сөз естісең, соған шалқисың. Ал бірдеме дұрыстау болмай жатса, ісіңнің нәтижесін көрмесең, шаршайсың. Көрсең – шаршамайсың.

Тілегім

Біздің мұңаюға қақымыз жоқ. Бірақ та тілек – ұстаз еңбегі марапатпен де, әлеуметтік жағдаймен де көтерілсе екен. Әлеуметтік құрмет - басы артық  дүние болса екен деп ой емес. Күнкөріске жететін, басын басқа нәрсемен қатырмайтын, баланың алдында тек сабақ беруді ойлайтын жағдай болса екен деп тілеймін.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ ОЛҚЫЛЫҚТАР
ШЕР АҒАНЫҢ ШЕКСІЗ ШЕРІ...
ҚАЛАДА ӨСКЕН МИНИСТРЛІКТЕГІ ШЕНЕУНІК АУЫЛДАҒЫ ЖАҒДАЙДЫ БІЛМЕЙДІ
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТЕРРОРИСТІҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ПОРТРЕТІ
СЕНДЕЛІП БОСҚА ЖҮРГЕН ҚҰЛЫҚСЫЗ ЖАСТАР
ӨЗІҢДІ ТЕКСЕР: АЛЬЦГЕЙМЕР АУРУЫНА ТЕСТІЛЕУ
БЕКБОЛАТ ТІЛЕУХАН: МЕНІ БІРЕУЛЕР НЕ ӨТЕ ЖАҚСЫ КӨРЕДІ, НЕ ЖЕК КӨРЕДІ

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.