{metadescription}
Шер ағаның шексіз шері...

Шер ағаның шексіз шері...

«Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол» дейді Абай. Бұл сөз ең алдымен «Азамат»деген ардақты атты иеленген қабырғалы  қаламгер Шерхан Мұртазаға арналып айтылғандай. Назарларыңызға КТК арнасының мұрағатынан бүгінде дүниеден қайтқан қазақ прозасының эталоны Шерхан Мұртаза ағамыздың жүрекжарды әңгімесінен үзінді ұсынамыз.

Жерде бір жетім жыласа, көкте жетпіс бірдей періште күңіренеді 

Әкесін халық жауы деп ұстаған қаралы күн өшпестей қара дағын қалдырды. Тұтас бір шаңырақты есеңгіретіп кетті. Әкесін жұтқан жалмауыз 1937-ші жылдың қаһарлы қысы болатын.

Жетімдіктің неше түрлі дәмін таттық. Ащы, улы, зәрлі дәмін таттық. Үрім-бұтағыма жетімдікті көрсетпесін. Жетім болу деген өте қиын нәрсе. Осы күнге дейін жетімдерді көрсем кәдімгідей аяймын. Қолымнан келсе, көмектескім келеді. Ойнап жүрген балаларды көрсем бала күнім есіме түсіп, кәмпит үлестіріп беремін. Балаларға мейірім керек.

 Түн ішінде келді екі НКВД өкілі. Ауылдың мұғалімі куәгер болды. Сыртта біреу тұрды. Сондай түн, естен кетпейтін жаман түн. Бәрін тінтіп, жүктерді, сандықтарды ақтарды. Ілулі тұрған жайнамазды жұлып алып, аударып-төңкеріп қарады да « аяғым тоңып жүр еді жақсы болды ғой, шылғау қылам» деп қойнына тыға салды.

Бала күнімізден көрген алғашқы қорлықтың, зорлықтың түрі сондай! Баланың көкірегінде сонда не қалады?! Қандай сезім қалады?! Өшпенділіктен басқа еш нәрсе қалмайды.

Анам Айша ертіп алып барды сол түрмеге. Күйеуі ұсталған ауылдың әйелдері де барды. Түрменің есігінде алақандай тесігі бар. Ішін көруің үшін сығалауың керек. Әкеме қарап, бірдеме айта ма екен деп тұрғам. Сол мезетте милиция келіп желкемнен ұстап алып, шиырып лақтырып кеп жіберді. Күресін қалың қарға басыммен қадалып кеп құладым. Ауылдың адамдары үстімді тазалап, қардан мені суырып алды...

Шер ағаның кітабын оқығанда тіршілікті тіреп тұрған - мейірім екенін ұғасыз. Қатал заманда да ол қайырым мен қанағаттың, мейірім мен шапағаттың салтанат құратынына сенген. Соған дәлел болатын бір оқиға күні-бүгінге дейін көз алдында.

Бір кісі есекке мініп келе жатты. Біз арам шөпті жұлып болғаннан кейін демалып отырған едік. Анау кісі біздің бастығымыздың жанына келіп: «Мынау кім баласы? « деп бәрімізді сұрай бастады. «Мұртазаның, халық жауының баласы» деді. Сонда әлгі кісі мені қасына шақырып алып, маңдайымнан иіскеп, басымнан сипады. Сол кезде шыдай алмайды адам, адам мейірімі қаншалқты, сол жылы алақанының өзі жан-дүниеңді өзгертіп жібереді. Сонда ол айдаладағы бөтен адам. Арқамнан қағып, кете кеткенше айналып-толғанумен болды.  Сондай кезде анда-санда қалың қара бұлттың арасынан жарқ етіп күн шыққандай болады. Мейірім деген сол. Бірақ, ол сирек. Кез келген адам сенің басыңнан сипай бермейді.

Намысшыл екенім рас. Ауыр сөз айтылса, біреу даттап, бағағаттап жатса, намыстанатыным рас. «Халық жауының баласы» дегенді талай естідік, осындай кезде тұла бойың шімірігіп, әлгі адаммен төбелескің келіп тұрады. Әрең шыдайсың, әйтпесе соттап жібереді.

Тасбек деген бригадир болды. Қырманның үстінде жазықсыз анама тиісті. Бидай тазалап жүрген анама себепсізден-себепсіз тиісіп, боқтап жатқанын көріп, соны көтере алмай... жыладым. Анам діні қатты адам еді, сол жолы жылады отыра қалып, маяға арқасын сүйеп. Содан мен бір күні шыдай алмай кеттім. Міне, намыс деген керек болатын болса! Тасбекке бесақа айырды ала жүгіргенмін.

Намыс - адамның жан серігі. Көзге де көрінбейді, жеке де жүрмейді. Тым болмаса көзге көрінетін көлеңен де сияқты емес. Бірақ, серік. Мықты серік. Бұл серігі жоқ адам қасиетсіз, әлсіз.

Әдебиет әлеміндегі Шерхан шығармашылығы  ошақтың үш тағаны сияқты үш бірдей тіреуден тұрады. Қазақ баспасөзінің қара қазанында қайнағандардың алдыңғы қатарында Шер ағаң да бар. Журналистикадан басталған қаламгерлік ол үшін алтын көпір болды. Құнарлы ойдан құнды сөз тудыратын дәрежеге жеткенде жазушылықтың үлкен арнасына құлашын сермеді.

Адалдық болу керек ең алдымен. Арам қолды адам ешқашан журналист болып жарытпайды. Бәрібір ашлып, кемшілігі көрініп қалады. Одан кейін – еңбек. 99 пайыз еңбек керек. 1 пайызы – шындық болса, араласып, сытылады. Содан жақсы журналист шығады.

Талай жерде болдым, талай жерді көрдім, бірақ есімде балалық кезімдей дүние сақталған жоқ. Ол миымда жатталып қалған. Ол анам Айшаның әсері. Оны жазбасқа болмады. Басымнан өткен, басымнан кешкен дүние.

Құрсағына мен біткенде анам сүр етке жерік болыпты. Аумалы-төкпелі аласапыранға толы сұрапыл заманда сүр ет қайдан табылсын. Сосын пиязды жей беріпті. Сөйтіп іште жатқанда-ақ ащының дәмін татып жетілгенмін.

Мені сыртымнан сұсты деп сөз қылады.  Көрер ем, тумай жатып ащымен уланса! Айша болмаса мен осылай тірі жүріп, тау асып, тас басар ма едім?

Анамыз Айшаның тәрбиесі кәдімгі жабайы қасқыр жау келіп қалғанда бөлтірігін желкеден ұстап алып қашады ғой, соны көз алдыңа елестеді. Бізді анамыз солай баққан.  Ажалдан, қауіп-қатерден қорғаған түрі.  Көкбөрі өз бөлтірігін тістеп алып қашқанындай.

Бізге өте мейірімді кісі болатын. Ал басынан өткен жағдайға байланысты өмірдің өзі қаталдандырып жіберді. Сондықтан жөнсіз-жосықсыз жүрмеу, күлмеу, жөнсіз іске бармау деген сол кісінің тәрбиесі.  

Шер ағаның ет жүрегін езген екі мәселе: Қазақтың тілі және нақақтан кеткен ақтаңдақтар тағдыры.

Анам нан туғаннан бері осы жердің (Жамбыл облысы - ред.) дәмін татып, осы жердің суын ішіп, жақсылығын көріп келе жатқан адаммын. Осы жерден білім алдым, оқыдым-тоқыдым, осы жерден адам болып қатарға қосылдым. Тойған жерімде тұрып қалуым керек пе? «Ер - туған жерінде, ит - тойған жерінде» дейтін өте қатал мақал бар қазақта.

26 жасымда Талас ауданының, Ошақты дейтін елдің қызына үйлендім. Мәриям марқұм. Бір ұл, бір қыз  туды. Сосын қант диабетінен қайтыс болды. Жастай кетті.

Аса байлық жоқ бізде. Қолымызды алтын мен күміске малып отырған жоқпыз. Керемет даңғаз үй салып алған жоқпын. Мынау мемлекеттің берген үйі. Және бұл үй кемтарларға, мүгедектерге берілетін үй екен.

Бір кем дүние....

Өмір жетпейді. Егер өмір беретін болса, алла тағала, мен осыны жазып бітірер едім. Жалғасын жазар едім. Тағы-тағы тәп-тәуір дүниелер туар еді. Жас келген сайын ойшыл боласың. Біреулер азып-тозып, алжып жатса, маған, құдайға шүкір, құдайдың берген сыйы шығар, ойым кеңіп, арманды ары қарай дамыта беруге дайын тұратын сияқтымын. Ал бірақ, ғұмыр бере ме, бермей ме, қай жерде сүрінесің, қай жерде құлайсың, оны көріп білетін көріпкелдік жоқ менде.

Әлемде әр халықтың ұлттық мақтанышына айналған перзенттері бар. Неміс халқы Гетесін қадір тұтса, орыстар Пушкинін пір тұтады, ал қазақтар Абай,  Мұхтар, Бәукең, Шер ағаңдар болып жалғаса береді...

Қоғам қайраткері, жазушы Шерхан Мұртаза 2018 жылдың 9-шы қазанында кеш ауа дүние салды. Марқұмды халқы Алматыдағы Әуезов театрында ақтық сапарға шығарып салып, Кеңсай зиратына жерледі. Шерхан ағамыздың 2010 жылы "Жүрекжарды" бағдарламасына берген сұхбатын толығырақ мына жерден қараңыз.

Оқи отырыңыз: БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ ОЛҚЫЛЫҚТАР
ҚАЛАДА ӨСКЕН МИНИСТРЛІКТЕГІ ШЕНЕУНІК АУЫЛДАҒЫ ЖАҒДАЙДЫ БІЛМЕЙДІ
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТЕРРОРИСТІҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ПОРТРЕТІ
СЕНДЕЛІП БОСҚА ЖҮРГЕН ҚҰЛЫҚСЫЗ ЖАСТАР
ӨЗІҢДІ ТЕКСЕР: АЛЬЦГЕЙМЕР АУРУЫНА ТЕСТІЛЕУ
БЕКБОЛАТ ТІЛЕУХАН: МЕНІ БІРЕУЛЕР НЕ ӨТЕ ЖАҚСЫ КӨРЕДІ, НЕ ЖЕК КӨРЕДІ

Кеше

23 қараша

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде