{metadescription}
ІІМ: Реформа неге киім ауыстырудан басталды?

ІІМ: Реформа неге киім ауыстырудан басталды?

Менің полициям мені қорғайды деп бүгінгі полиция туралы айта аласыз ба? Ұсақ-түйек қылмыстар камераға түсіп қалғанның өзінде неге ашылмай жатыр? Жемқорлық жайлаған мемлекеттік органдар рейтингінде Ішкі істер министрлігі көш бастап тұр. Халық та, мемлекет басшысы да полиция саласына ауқымды өзгеріс керек деді. Бірақ не ел, не Елбасы киімдеріңді ауыстырыңдар деп айтқан жоқ. Реформа неге киім ауыстырудан басталды? КТК тілшісі осы сұрақтарды депутат, Мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Анар Жайылғановаға қойды.

Мемлекет басшысы Жолдауында құқық қорғау саласына үлкен өзгерістер мен жаңа реформалар керек деді. Біз кез келген нәрсені салыстырмалы түрде айтып үйренгенбіз. Кеңестік кездегі «Менің полициям – мені қорғайды» деген қанатты сөз бар еді. Бүгінгі полицияға қарап осылай деп айта аласыз ба?

Соңғы кезде, әсіресе, полиция қызметкерлеріне көп сын айтылып жатыр. Мен келісемін. Келеңсіз жағдайлары көбейіп кетті. Бірақ, бір құмалақ бір қарын майды шірітеді демекші, бәрін жаман деп айтуға болмайды. Полиция қызметкерлері көп жақсы нәрсе жасап жатыр, қаншама қылмыстар ашылды. Мысалы, осы жылда 9 мыңнан аса қарақшылық қылмыс болған, соның 55 пайызы осы жылдың басында ашылған. Жұмыс жасалмай жатқан жоқ, жасалып жатыр. Дегенмен халықтың сенімінен шықты деуге ерте.

Астана, Алматы немесе облыс орталықтарында бейнебақылау камералары орнатылып, сол арқылы қылмыскерді табуға болар. Ұялы телефон, велосипед ұрлау сияқты ұсақ-түйек қылмыстар камераға түсіп қалғанның өзінде істер ашылмай жатыр. Бұл іс бойынша саны өршіп тұр.

Осы жылы 88 қылмыс болса, оның 55 пайызы ғана ашылған екен. Бұл ненің белгісі? Ол дегеніміз әлі де кемшіліктер көп деген сөз.

Жарайды, бұл ірі қалаларда делік, ал ауыл, аудандарда бейнебақылау мүлдем жоқ. Яғни учаскелік полицияға сенуге тура келеді ғой.

Дұрыс айтасыз. Мысалы, қазір жергілікті полиция қызметі бар. Полиция департаменті деп біріктірді. Бірақ оның атында тұрған ештеме жоқ. Оның жалпы жұмысының сипаты бұрынғы қалыпта қала береді. Олар жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жұмыс жасай береді. Қазір төртінші бюджетті бөліп жатырмыз, ауылдық әкімдіктердің бюджеті бар. Тіпті ауылдардың өзінде осы мәселені жергілікті атқарушы органдардан, полиция қызметкерлерімен бірлесе отырып жұмысын жандандырады деп ойлаймын.

Реформа дейміз, әр нәрсенің атын ауыстырамыз ғой. Айталық, жергілікті полиция дегенде әріптестеріңіз қос қолдап қолдады, кеше «жергілікті полиция жойылады, орнына департамент құрылады» дегенде тағы қолдадыңыздар. Жалпы осының тиімділігі бар ма? Атауы өзгергеннен не өзгерді?

Депутат ретінде де, қоғамның азаматы ретінде мен сізбен толық келісемін. Оның қалай аталғанында ешнәрсе жоқ. Ең бастысы, жұмыс істеп жатқан полиция қызметкерлері адам құқығын қорғап, қылмыспен күрес жүргізіп, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу керек. Маған осы үш позиция болса, оның аты қалай аталатыны бәрібір. Заты дұрыс болса болды.

Полиция деген кезде көпшілігінің пікірі жағымды деп айта алмаймын. Оны өзіңіз де байқап жүрген шығарсыз. Оның бірден-бір себебі, өзіңіз шетін айтып кеттіңіз, жемқорлық мәселесі. Әсіресе жолдағы жемқорлық.Соны жоюдың жаңа модельдері ұсынылды ма?

Қанша айлығын көтерсе де, жемқорлықты жеңе алмайды деген түрлі пікірлер бар. Келіспеймін. Мен көбіне сол ортада жүремін олардың айтуы бойынша, айлығымыз жетіп, тұрғылықты мекен-жайымыз болса, маған ол керек емес дейді. Соған бола жұмыстан қуылып, сот алдында жауап беріп, абыройдан айырылғысы келмейді. Сондықтан бюджетті пысықтаған кезде осы мәселені көтердік. Мысалы, ұлттық «Ұлан» қызметкерлеріне мемлекет тарапынан тұрғылықты мекен-жаймен қамтамасыз етіп, жалданатын пәтердің төлемақысын өтеп, әлеуметтік жағдайын жасау қажет. Ұландықтар сол ақшаның өзін уақытында ала алмайды екен. Қараңыз, 2017 жылдан бастап мемлекет 4 млрд 900 мың миллион теңге қарыз болып қалған. Қаржы министрлігі үкіметпен бірлесе отырып, аталмыш мәселені әрең дегенде 4 млрд 346 мың миллион теңге көлемінде шештік.

Халық полиция саласына ауқымды өзгеріс керек деді. Мемлекет басшысы да айтты. Бірақ не ел, не Елбасы киімдеріңді ауыстырыңдар деп айтқан жоқ. Неге реформа киім ауыстырудан басталды?

Қылмыскерлермен жұмыс істейтін қызметкерлердің киімі ыңғайлы, оңтайлы болу керек деп ойлаймын. Бірақ киім ауыстыру мәселесі жаңа реформамен тұспа-тұс келіп қалды. Әрине, өзгерістер бұнымен шектеліп қоймас, әлі де болашақта халықтың сенімін ақтайды деген ойдамын.

Әр жексенбіде сағат 20:00-де КТК арнасынан ең өзекті мәселені таразылайтын «Аптап» бағдарламасын қалт жібермеңіз!


Оқи отырыңыз: МЕМБАҒДАРЛАМАЛАРДЫҢ ІСКЕ АСПАУЫНА КІМ КІНӘЛІ?
БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ ОЛҚЫЛЫҚТАР
ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСУДЫҢ 7 ЖОЛЫ
АЗАТ ПЕРУАШЕВ: КОМСОМОЛДЫҢ ҚҰРМЕТ ГРАМОТАСЫН МАҚТАН ТҰТАМЫН
ЕНЕСІ БАР АДАМДАР ЕШҚАШАН ШАРШАМАЙДЫ

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде