{metadescription}
Омархан Өксікбаев: Халықтың есебінен кім байып отыр?

Омархан Өксікбаев: Халықтың есебінен кім байып отыр?

Неліктен шикізатқа бай Қазақстанда жыл сайын коммуналдық тариф өсе береді? Электр өндірісінің артында кім тұр? Өкілетті органдар қайда қарап отыр? Монополистерге қандай жаза, жауапкершілік болу керек? Құзырлы органдар алпауыт компаниялардың алдында қауқарсыз ба?  

КТК тілшісі осы сұрақтар төңірегінде ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Омархан Өксікбаевпен сұхбат жүргізді.

- Соңғы 20 жылда еліміздегі тариф – газға, суға, жылуға, тіпті көмірге де тек қана өсумен келе жатыр. Жарықты айтсақ, солтүстік аймаққа тәуелді болып отырмыз. Ал қалғандары елімізде өндіріледі. Коммуналдық тарифтің осыншама өсуіне негіз бар ма?

Сөзіңіз дұрыс. Қазақстанда халықтың мұқтажын өтейтін шикізаттың бәрі бар. Ашық айтсақ, электр энергиясы профицит деуге болады.  Кеңестер заманында қиын болған дүние бүгін неге шарықтап кетті? Нарық дегенді пайдаланып, шексіздік кетті. Нормативтік дүние алынып тасталды да, әркім ойына не келеді соны істейтін жағдайға келдік. Оны Бас прокуратура немесе басқа органдар Елбасының нұсқауынсыз баяғыда тексерсе болатын еді. Өндірушіден тұтынушыға тауарды, қызмет жеткізуді дұрыс ұйымдастырылмаған. Қазір үкіметке осы сұрақты қойғым келеді. Халыққа айтсыншы, Екібастұзда 1 квт.сағат электр қуатын анша теңгеден өндіріп жатыр? Жабық ақпарат деп айтпай отын. Ал ол аса қымбат емес. Өйткені көмір – жанында, бірақ Астанаға 14 теңгемен келеді. Осыны сұрайтын уақыт жетті! Ортасында кім тұр? Ақша кімнің қалтасында қалып отыр? Халықтың есебінен кім байып отыр? Мүмкін альтернативті, арзан электр энергиясын алып келетін шығар, оған қандай жағдай жасап жатырмыз? 2-3 теңге арзан әкелем дейтіндер бар, бірақ оларға жол бермейді. Өңірлік электржелілік компаниялардың бәрін алып алған.  Көмірді де, мұнайды да, жанар-жағармайды да тереңірек зерделеуіміз керек. Егін оратын кезде бағасы шарықтап кетеді.

Екінші мәселе - техникалық өңдеу. Техника тозады, жаңарту керек. Ал кезінде Елбасының нұсқауымен соларды жаңартуға, тарифті өсіруге мүмкіндік берілді. Қаншалықты және қаншасын жаңартты? Есеп алған ешкім жоқ. Тағы да «ойбай, тоқтаймыз, тарифті төмен түсірсеңдер апатты жағдай болады» дейді. Қайтадан не ақша беруіміз керек немесе тарифті өсіруге мүмкіндік туғызу керек.

Осыны жүргізіп отырған өкілетті орган бар. Бірақ олардың қолын байлап отырған заң немесе құжаттар жоқ шығар.

Айтсыншы, қай заң қолын байлап отыр екен? Заң жағынан барлық жағдай жасалған, мүмкіндіктердің бәрі тұрғызылған. Бізде заң жүзінде  шектейтін ештеме жоқ. Екінші мәселе – орындауында, талап етуде. Жан-жаққа алаңдамай, азуын көрсете білуде! Тарифті өсірдік пе, оларға норматив беру керек еді. Тапқан табысының 30 пайызын техникалық өңдеуге жіберу қажет. «Алдыңа ас қойдым, қолыңды бос қойдым» деген сияқты бұлардың бәріне мүмкіндік бердік те, «ал, асай бер» дедік. Бұның бәрі халықтың мойында, халық төлеп отыр. Екінші – өндіріс саласындағы тұтынушылары. Соның есебінен тауардың бағасы да, инфляция да өседі.

Қазір тарифтер бойынша тексерулер жүріп жатыр. Монополистерге қандай жаза, жауапкершілік болу керек?

Монополияға қарсы өкілетті органның құқықтары бар. Заңды бұзып, тарифтерді негізсіз өсірсе, оларға айыппұл салады. Айыппұлды молырақ салсақ деп кезінде айтып едім. Маса шаққандай емес, ара шаққандай болса! Ол басшының қалтасынан төленбейді, айыппұл мекемеге салынады, яғни мекеменің шығыны кетеді. Қайтадан айналып келіп, тарифтен алынады. Басшыға да салынады, бірақ оның мөлшері масаның шаққанындай да болмайды. Ол керісінше, ана жақтан дивиденд ретінде бонусын алып алды ғой, бонусты қалтасына басып алды, оны ешкім қайтармайды, өйткені оған негіз жоқ. Менің айтып отырғаным сол. Оларға норматив қоюмыз керек еді. Әлі күнге дейін ертеңге қарайтын көзқарас жоқ, бүгінгі күнмен өмір сүріп келе жатыр. Ертеңгісін ойлап отырған басшылар шамалы. Ол ертен қатты қиналып бара жатса, басқа қызметке кете салады. Банкирлеріміз сондай, бірін қысса, екіншісіне барып отырады. Сол сияқты мына жерде де ешқандай жауапкершілік жоқ.

Үлкен монополист компанияларға құзырлы органдардың тісі батпай отырған жоқ па?

Құқық қорғау органы, өкілетті орган болсын, басшысы  алаңдап жұмыс істейтін болса, бір минут орында отырмай, кету керек. Қауіпсіздік кеңесінде қаралып жатқанның өзі мемлекеттің экономикаға қауіптілігін көрсетіп отыр. Бұндай жағдайға кім әкелді? Артында өзінің құзырын толыққанды атқармаған қызметкер тұр. Сол қызметкерді басқаратын басшы тұр. Солардан да сұрау керек! Кеше бір вице-министрге сөгіс берілді, сонымен шектелді. Ол кеше ғана келген, оның алдында істегеннің бәрі қайда қалды? Соның бәрі неге реттеліп отырмады? Алдын алатын жағдайлар неге жасалмады? Неге талдау болмады? Үкімет осының бәрін сұрау керек, халыққа айту керек!

Әр жексенбіде сағат 20:00-де КТК арнасынан ең өзекті мәселені таразылайтын «Аптап» бағдарламасын қалт жібермеңіз!

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Жедел жәрдем туралы білуге тиіс мәлімет

Зейнетақы: Мемлекеттік кепілдік кімге және қалай төленеді?

Кел, келінім: Көрерменнің көсегесін көгерте ме?

ІІМ: Реформа неге киім ауыстырудан басталды?

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде